Бес ұлттың баласы бар берекелі шаңырақ
Бес ұлттың баласы бар берекелі шаңырақ
273
оқылды

Алматы облысы – елімізді мекендейтін барлық ұлттың өкілдері қоныс­танған өзгеше өңірлердің бірі. Қазір жер ұйығында жүзден астам ұлт пен ұлыстың адамдары тұрады. Солардың ішінде түрлі ұлттың балаларын тәр­биелеп отырған ерекше отбасылар да бар. Панфилов ауданындағы Әули­еағаш ауылында тұратын Қойбағаров­тар шаңырағында түрі басқа болса да жүрегі бір бес ұлттың баласы  тату-тәтті өмір сүруде. 

Қойбағаровтар отбасында казақ, ұйғыр, орыс, кәріс пен  неміс балалар тәрбиеленген. Үлкен әулеттің отанасы Аманхан Байбураева мен отағасы Сәбит Қойбағаров өздерінің жеті баласымен бірге асырап алған жеті баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсіріп отыр. Қазір олардың үлкендері өз алдарына дербес шаңырақ құрып, бақытты ата мен әженің  немерелерін де бірлікке құрылатын берекелі тірлікке баулып отыр. «Бізде ешқандай бөлініс жоқ. Барлығы менің балаларым. Он төрт балама да өзімнің өмірден көргенім мен түйгенімді үйретіп, қатарынан қалмауын қамтамасыз етуге тырысып бағудамын» деген отағасы үлкен шаңырақтың нәпақасы болып отырған мал шаруашылығының қыры мен сырын ұл-қыздарына ұғындырудан жалыққан емес. Бүгінде  үлкендері медицина саласында, мал шаруашылығында еңбек етеді. – Бала кезімде әкеммен бірге егіс жұмыс­тарына қатысып жүріп, балалар үйінің тәрбиеленушілерін көріп қалдым. Сол кезде әкем көздеріне мұң тұнған жеткіншектердің мейірім мен қамқорлыққа зәру екенін айт­қан болатын. Сол сөз жадымда жатталып қалып­ты. Бірінші баланы 2009 жылы асырап алдық. Ұлты кәріс еді. Бүгінде Алматыда тұрады. Содан кейін біздің отбасында қазақ, орыс, неміс, ұйғыр балалары пайда бола бастады. Барлығы менің өз кіндігімнен өрбіген ұл-қыздармен бірге өмір сүреді, жұмыс істейді. Өзіміздің  отбасылық дәстүрге сай тәрбиеледім. Ешбірін бөліп-жарғаным жоқ. Бір қызығы, әр бала алғашында сені тәрибелейді, содан кейін барып сен оған білгеніңді үйретесің.  Егер балаға тірліктің негізгі талаптарын мықтап  меңгертсең, одан ары ол өз бетінше дамып, жолын қиналмай табады, – деп еске алады өткен күндерді көпбалалы әке. Көршілері Қойбағаровтардың үлкен әрі ынтымақтастықтағы отбасының барлық мүшелері айрықша қайырымдылығымен ерекшеленетінін айтады. Танымаса да, тұрмыстың теперішіне ұшырап, мұқтаждық­қа душар болған жандардың қасынан көрме­гендей болып өтіп кетпейді. Қолдарынан келгенше жәрдем береді. Олардың үйіне келген әрбір жан отбасы  жылуын сезініп, өздерін туған үйлерінде жүргендей еркін сезінеді. Қойбағаровтар отбасының отағасы  ауылдастары арасында өзінің шеберлігімен де кеңінен танымал. Темірден түйін түйетін ұстаның қолынан шыққан түрлі бұйым, бау-баққа арналған мүсіндерді көргендер үлкен үйдің ауласына емес, қолданбалы өнердің шағын музейіне тап болғандай күй кешеді. «Расында, біздің әрқайсымыздың өзіндік ерекшелігіміз бар. Соған қарамастан бір шаңырақтың астында берекелі әрі мерекелі тірлік етудеміз. Бірлігіміз  мықты, тірлігіміз түзу.  Алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен барлық жерлестерімді құттықтаймын. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын! Ең бастысы, әр кезде бірге болып, бір-бірімізге қол ұшын беруден, қамқорлық жасаудан қашпайық. Өйткені Отанымыз ортақ қой», – дейді Сәбит Смәділұлы. Панфилов аудандық әкімдігіндегілердің айтуынша, Қойбағаровтар отбасы –аудандағы үлгілі шаңырақтардың бірі, жерлестерінің құрметіне бөленген шаңырақ. Үлкен әулет аудандағы мал шаруа­шылығы­ның дамуына үлкен үлес қосып келеді. Соны­мен бірге қайырымдылық шаралары­нан шет қалған емес. Былтырғы күрделі кезеңде аудан тұрғындарына денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, тегін қымыз тарат­қан.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы