Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Өткен 30 жыл біздің халқымыздың тарихындағы ең жауапты кезең болды деcек артық емес. Осы уақыт ішінде біз экономиканың жаңа түрін қалыптастырып, саяси жаңғыртуды жүзеге асырып, әлеуметтік институттарды нығайта алдық. Алайда ең маңыздысы, біз ұлттық бірлікті қамтамасыз ету саласында бірегей тәжірибеге ие болдық. Бүгінде этносаралық татулық пен келісімнің қазақстандық моделін әлемдік қауымдастық дүниежүзіндегі ең тиімділердің бірі ретінде таниды. Бұл факт ЮНЕСКО және ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық құрылымдармен ҚХА-ның XXIX сессиясына үндеуінде тағы да расталды.
Әрине, бейбітшілік пен келісім – көпэтносты еліміздің барлық азаматының күш-жігерінің нәтижесі, бірақ бірінші кезекте бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Тәуелсіздік таңында Елбасы қабылдаған шешімдердің маңызын өткен ғасырдың 90-жылдарына тән әлеуметтік-психологиялық және этносаяси факторларды ескермей бағалау мүмкін емес. Кеңестік идеологияның ыдырауы, өсіп келе жатқан этноұлтшылдық және этнократизмге деген ұмтылыс аясында қоғамның көпұлтты құрамы жас мемлекеттердің тұрақтылығына қауіп төндірді. Осы күрделі кезеңде Елбасы бұл жағдайға қағидатты түрде түбегейлі жаңа көзқарас ұсынды – қазақстандық қоғамның полиэтникалық құрамы – қауіп емес, ол орасан зор байлық пен басымдық. Сол кезеңде, 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы пайда болды. Бұл идея 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган мәртебесі бар Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Президенттің Жарлығы шыққан кезде практика жүзінде іске асырылды. Бүгінде Ассамблея шын мәнінде инклюзивті қоғамға қарай ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін көпөлшемді және тиімді институт. Бұл – барлық азамат оның саяси және әлеуметтік-экономикалық даму процестеріне белсенді қатысатын қоғам. Тарих белестері көрсеткендей, әрбір әлеуметтік бағдарланған институт құрылғаннан бері ширек ғасырдан астам уақыттан кейін өзінің өзектілігі мен сұранысымен «мақтана» алмайды. Бұл, әрине табиғи нәрсе, әлем өзгеруде, қоғамның шарттары мен қажеттіліктері өзгеруде. ҚХА құпиясы неде? Бұл оның қоғаммен бірге даму қабілетінен, әлеуметтік дамудың шынымен пайдалы құралы болуға ұмтылуынан айқын көрінеді. Консультативтік-кеңесші орган ретінде пайда бола отырып, 26 жыл ішінде Ассамблея конституциялық мәртебе мен парламенттік өкілдік алу құқығына ие болды. ҚХА қызметінің заманауи міндеттері мен бағыттары бастапқыда белгіленген шеңберден асып түседі. Бүгінде Ассамблея – тек консультативтік орган және этномәдени бірлестіктер ғана емес. ҚХА – бұл Достық үйлерінің кең желісі, Қоғамдық келісім кеңестері, Ғылыми-сараптамалық кеңестер, Аналар кеңестері, Жастар ұйымдары, Медиация кеңестері және тағы басқалар. Ассамблеяның алдына қойған міндеттері этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ғана емес, сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлікті нығайту және әлеуметтік мәселелерді кең мағынада шешу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталады. Пандемия кезіндегі әлеуметтік дағдарысты жеңуге Ассамблеяның қосқан үлесін еске түсіру жеткілікті. ҚХА еріктілері қиын жағдайдағы қазақстандықтарға көмек көрсетті, «Біз біргеміз!» және #бізүйдеміз қайырымдылық акцияларын насихаттады, ақпараттық кеңістікте карантин кезеңінде бос уақытты сапалы өткізу үшін жағдайларды және тағы басқаларды қамтамасыз етті. Қазақстан халқы Ассамблеясының идеялық шабыттандырушысы оның Төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев болды. Елбасының күш-жігерінің арқасында ҚХА әрқашан қоғамның сұраныстарына сәйкес уақыт талабына сай жүрді. 28 сәуірде өткен ҚХА-ның XXIX сессиясы кезінде Елбасы өмір бойы төрағалық ету құқығынан бас тартатынын және ҚХА Төрағасының өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдей отырып, өзінің көреген және прагматикалық саясаткер мәртебесін тағы да растады. Елбасы бұл шешім Ассамблея қызметінің мүдделеріне қызмет ететінін және біздің Президентімізге барлық ағымдағы жұмыстар мен азаматтарымыздың, қоғамымыздың және мемлекетіміздің болашағына арналған жоспарларды біріздендіруге көмектесетінін атап өтті.Зарема ШАУКЕНОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры