Өткен ғасырдың 60-жылдары еліміздің рухани өмірінің қай саласы болса да жаңарулар мен серпілістерге толы болды. Әсіресе, ғылымда, өнерде, әдебиетте, спортта көптеп шығып, жас таланттармен толыға түсуі сандық көрсеткіш қана емес, сапалық белгілермен де ерекшеленеді. Осы буын өкілінің бірі – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саңлақ журналист, танымал жазушы, талантты аудармашы, зерделі зерттеуші, бүгінде 80-ге келген ардақты ағамыз. Сұлтан ағаның ұлт мүддесі, ел игілігі үшін мемлекеттік деңгейде атқарған сан-салалы қызметін былай қойғанда, қазақ тележурналистикасының қалыптасуына сіңірген еңбегінің өзі бір кісі үшін оңай жүк емес.
Әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат иесі, ұлтымыздың ұяты мен киесі ұлы Абай шыққан өрелі өлкеде туып-өскен Сұлтан Оразалин балалық шағынан-ақ қабілет-қарымын көрсетіп, мектепті күміс медальмен бітіреді. Арман жетегіне ерген талапкер Қазақ жоғары оқу орындарының көшбастары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне оқуға түсіп, оны да үздік бітірген дарынды жас сол жылдары ашылғанына төрт-бес жыл болған, шығармашылық ұжымының кәсіби деңгейі әлі толық қалыптасып болмаған ұлттық теледидарға қызметке қабылданады. 20 жыл бойы бір орында еңбек еткен ол қызмет баспалдақтарына сатылап көтеріліп, редактор, аға редактор, бас редактор болып қызмет атқарды. Тума талант, табиғи дарын иесі Сұлтан Оразалин мектеп қабырғасынан бастап үздіксіз жинаған терең білімінің, қажырлы еңбегінің нәтижесінде бұл аталған қиындықтарды қиналмай жеңді. Тыңнан түрен салынып, ел өміріне тұңғыш рет енген жаңа саланы еркін меңгеріп, кәсіби маман ретінде қалыптасқаны журналист-жазушының даңқын шығарып, абырой-атағын асқақтатты. Оның бұл ерен еңбегі өткен өмір белестерінен, том-том болып шыққан әдеби туындыларынан, серия-серия болып жүргізілген телесұхбаттардан, түрлі әдеби-мәдени шара бағдарламасын жасап, телекөрермендердің ықыласын арттырған сан алуан тақырыптағы телехабардан айқын көрініп тұр. Кезінде Сұлтан аға жазып, көгілдір экраннан көрсетілген «Қымызхана», «Сұхбат», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Қашқын», тағы басқа телесценарийлер мен телепьесалар сол дәуірдің сұранысын өтеген рухани байлық ретінде тарихта қалды. Әмбебап журналист, шебер ұйымдастырушы Сұлтан Оразалин – Қазақстандағы көркем телевизияның негізін салушылардың бірі және бірегейі. Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық программалар бас редакциясын тұңғыш рет ұйымдастырып, 15 жылдан астам уақыт басқарған тұста қазақ теледидары барлық тармақтар бойынша жаңа өркендеу жолына түсті, сапалы, кәсіби шеберлік, ұжым қызметкерлерінің интеллектуалдық деңгейі тұрғысынан да қарыштап өсті. Саңлақ журналист, тарлан талант, шебер сөз зергері, майталман телесценарист Сұлтан Оразалиннің әдеби телехабарлары шетелдерде, атап айтқанда Мәскеу, Молдавия, Грузия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, басқа да елдердің телеарналарында көрсетілуі автордың халықаралық деңгейдегі танымалдығын көрсетсе, екіншіден, ұлттық телеарна қойылымдарының әлемдік аренада көрінуінің жарқын мысалы екені шындық. Көптеген әдеби-драмалық хабар, сұхбат сериясын жасап, телепьесалар жазып төселгеннен кейін Сұлтан студенттік кезде бастаған бір ізденіс – жазушы Ғабдол Слановтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен зерттеуін тереңдетіп, толықтырып, «Шындық және көркемдік шешім» деген монографияға ұластырды. Бұл кітапта қазақтың деректі прозасының дамуына, публицистикаға мол еңбек сіңірген қаламгердің шағын жанрдағы туындылары алғаш рет тұтас алынып, кеңінен сараланады. Бүгінде қайта жаңғырып, қанатын кеңге жайған ұлттық өнеріміз «Айтыс» туралы тұңғыш телехабар ұйымдастырып, көпжылдық бағдарлама жасаған, жыраулық өнерді насихаттап, терме жанрын жандандырған Сұлтан Оразалин екенін телекөрермендер жақсы біледі. Ел өміріндегі сондай өзекті мәселенің бірі күн өткен сайын ұмытылып, бірте-бірте санадан шыға бастаған ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып түрлерін қайта түлетіп, телехабар арқылы елдің есіне түсіруі де ұлтжандылық қасиеттен дарыған тағылым. Өзінің жан-жақты білімін, ұйымдастырушылық қабілетін жақсы байқатқан Сұлтан Оразалин Қазақстан Орталық партия комитетіне қызметке шақырылып, 1984-1986 жылдары мәдениет бөлімінде нұсқаушы, көркем әдебиет секторының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Бұл тұста С.Оразалин әдебиет пен өнердің дамуына ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, мемлекеттік деңгейде қолғабыс тигізіп отырды. Ал 1986-1993 жылдары «Өнер» баспасын басқарған тұста баспа өнімдері көптеген шетелдерге таралып, өнер мен мәдениеттің алуан түрлі саласын қамтитын 1 000-ға жуық басылымның жарық көруін қамтамасыз етті. Қаламгердің барлығын қосқанда 1 688 беттен тұратын, әрқайсысы жеке атау иемденетін 3 томдық шығармалар жинағы шебер құрылған композициясы, танымдық сипаты, көтерілген мәселенің өзектілігі, тақырып аясының молдығы, көркем туындыларының тартымды сюжеті, ұлы тұлғалар жайлы толғаныстағы деректердің мазмұндылығы өзіндік ерекшелігімен баурап алады. «Тас бұлақтың суындай» деп аталатын 1-том «Ынталы жүрек», «Тұлғалар туралы толғаныс», «Шындық және көркемдік шешім», «Авторлық құқық туралы ойлар» деген тарауларда хикая, эсселер, мақалалар, монография, авторлық құқық туралы ойлар ортаға салынады. Бұл томға енген материалдар ғылыми сипатқа бағындырып, әр тараудың бағытына қарай талдау жүргізіледі. Шығармалар жинағының қай томын алсаңыз да мазмұнға бай, танымдық сипаты жан-жақты, көркемдігі келісті, тағылымы ерен, ойы терең, тілі шешен, сөзі көсем, сөздері мен сөз тіркестері әсем өрілген сөз өнерінің асыл жиһазы секілді. Деректі оқиғаларға құрылған эсселердің құндылығы тарихи сипатта. «Алыптардың ақырғы сардары», «Сарабдал», «Толағай», «Парасат пырағы» сияқты эсселердің кейіпкерлері Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, Ш.Айтматовтар өмірде болған, біздің заманымызда өмір сүрген тарихи тұлға болғандықтан, көрген-білгендері немесе өз құлағымен естігендері шындыққа нақты жанасады. Соған орай оқырмандар бірінші кезекте қызықтыратын тарихи шындыққа негізделген туындыларға табан тірейді. Қазақ жазушыларының ең танымал, ұлттық сөз өнерімізге әлемдік деңгейде абырой әперген қаламгерлердің басым бөлігі жетістікке осы тарихи шығармаларымен қол жеткізген. Қаламгердің «Өркениет мәйегі» деп аталған 2-томына тіл туралы толғаныстары топтастырылып, мемлекеттік тілді дамыту, мәртебесін қалыптастыру, республикада тұратын өзге ұлттардың ортақ тіліне айналдыру жайы сөз болады. Журналист-ғалымның тіл саясатына қатысты сан алуан мәселені бүге-шігесіне дейін зерделеген проблемалық мақалалары, ғылыми танымдық ойлары сараланады. Бұл томдағы материалдар көлемі жағынан да, көтерген мәселенің өзектілігі тұрғысынан да саяси мәні терең салмақ арқалап тұрғаны анық. Сұлтан аға әртүрлі тақырыпта шығарма жазған кезде көтеріп отырған мәселесінің деректілігіне, нақтылығына ерекше жауапкершілікпен қарайтыны сүйсіндіреді. Сөз қорының молдығы, ойын оқырманға түсінікті етіп, оңтайлы жеткізетін сұңғыла зерде иесіне еріксіз жүгінесіз. Кезінде С.Оразалин қаламынан туған телепьесалары мен сценарийлері көрерменнің көзайымына айналып, көпшілікке танымал болғаны белгілі. «Өмір айнасында» осы сценарийлар мен пьесалардың мәтіндері кең ауқымда қамтылады. Жалпы, өнер атаулының (Сөз өнері мен саз өнерінің, сахна өнері мен сурет өнерінің, т.б.) басты міндеті халыққа эстетикалық тәрбие беру екенін ескерген С.Оразалин әдеби-драмалық хабарлар редакциясын ұйымдастырып, өнердің жаңа түрі – телетеатрды эфирге шығарды. Соған орай өмір шындығын көркем бейнелеуде, сондай-ақ әдебиет пен өнердің таңдаулы үлгілерін насихаттауда телетеатр өздерінің кәсіби шеберліктерін арттыра беретіні сөзсіз. Осы орайда теледидардың қай саласы, қай жанры болса да өзіндік өрнек қалыптастырған ағаның көп қырлы талантының бір қыры – ғалымдығы. 1977 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Шындық және көркемдік шешім» монографиясы ағаның ғалымдығын, зерттеушілік қабілетін айқын танытатын еңбек деп білеміз. Белгілі журналист-жазушы Ғ.Слановтың өмірі мен шығармашылығына арналған бұл кітап, шын мәнінде зерделі зерттеушіге, ойлы сыншыға тән деңгейде жазылған еңбек екені даусыз. Ондағы ғылыми талдау тереңдігі, пайымдаулардың дәлдігі, сыни пікірдің шыншылдығы кітап жазылған уақытта ғана емес, бүгінгі күні мәнін жоймайтын деңгейде. Көрнекті жазушы, телепублицист, теледраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Телевизия және радио академиясының академигі, Президент сыйлығының лауреаты Сұлтан Шәріпұлының 3 томдық шығармалар жинағы – таңғажайып сырларға кенелтетін, кешкен өмірінің бел-белестерінен тағылым көрсететін мазмұны терең, мағынасы сан тарау зерделі кітап. Ел игілігі үшін жасалған әрбір жақсы ісі өнеге бастауына айналған автордың әдебиет және өнер саласында ақылмен атқарып, дәстүріміз бен салт-санамызға енгізген қайталанбас жаңалықтары рухани азық болып, келер ұрпақпен де үн қатысатыны кәміл. Оның айғағы – ұлтымыздың ұлы тұлғаларын айрықша әспеттеп, сүйінген көңілмен насихаттаған, өзі де әлдеқашан тұлғаға айналған Сұлтан Оразалин ағаның білгірлігі, алысты болжай алатын сұңғылалығы. Биыл 80-ге келіп отырған көпқырлы талант, қайраткерлігін қаламгерлікпен ұштастырған, Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болған ардагер ағаны мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.Құныпия АЛПЫСБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры