Қазақстанда былтыр 89 мыңнан астам автомобиль сатылды. Ал биылғы бірінші тоқсанның өзінде оның сатылымы 8 мыңнан асып кетті. 2021 жылы автонарық саласындағы жағдай қалай өзгереді, оның бағасы қалай болады деген сауалдарға тілшіміз жауап іздеп көрген еді, соны назарларыңызға ұсынамыз.
Автомобиль өндірісі төмендейді
2020 жылы Қазақстанның автоөнеркәсіп кәсіпорындары көліктерді оның алдындағы жылмен салыстырғанда 53%-ға көп шығарды. Бірақ отандық жеңіл көліктер нарығында үлесі орасан «Азия Авто» АҚ (2019 жылғы дерек бойынша 48%) зауытының жабылуының салдары алдағы жылдардың көрсеткішінен көрінетін болады. «2021 жылы саланың өсу қарқыны төмендейді. Сондықтан республиканың автопаркін жаңарту және тұтынушылардың елеулі бөлігін отандық автомобильдермен қамтамасыз ету сияқты күрделі проблемаларды шешу ісі еріксіз белгісіз мерзімдерге дейін кейінге ысырылатын болды», – деді «ҚазАвтоПром» Қазақстанның автомобильдер саласы кәсіпорындары одағының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян. «ҚазАвтоПром» АҚ дерегі бойынша, республикада 2020 жылы 77 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Ақшаға шаққандағы құны – 612,8 млрд теңге. Сондай-ақ былтыр ішкі нарықта жалпы сомасы 808,6 млрд теңгенің ($1,9 млрд) 89 мың жаңа көліктері сатылған. Оның 67 018 бірлігі (72,2%) – отандық автоөндірістің өнімдері. Ол көрсеткіш 2019 жылы 60,2% болатын. Яғни, көлік сатылымының қазақстандық үлес салмағы оның алдындағы мерзіммен салыстырғанда әжептәуір артқан. Бұл індеттің салдарынан сыртқы шекаралардың жабық болуымен және экономикалық қиындықтарға орай халықтың жағдайы қиындап, шетелдік қымбат көліктерді алуға шамасы келмегендікпен байланысты болса керек. Сондай-ақ былтыр 8 012 автомобиль мемлекеттің жеңілдетілген автонесиесі бойынша берілді. Жергілікті автоөндіріс сатылымындағы оның үлесі – 12%. Қазақстандық құрастырудан шыққан сатылым бойынша сұранысы ең жоғары жеңіл көліктер брендінің алғашқы бестігіне Hyundai (17 927 бірлік), Lada (16 680), Chevrolet (9 990), Ravon (5 945) және KIA (5 201) енеді. Сатылым бойынша одан кейінгі орындарда JAC (2 066), UAZ (643 ) және Skoda (267) тұр. Отандық автоөндіріс саласы кәсіпорындарының республиканың ішкі жалпы өніміндегі үлесі 612,8 млрд теңге болды. Автопром кәсіпорындарының негізгі капиталға салған инвестициясы 16,7 млрд теңгеге жетті.Автопарк тозып барады
Әкімшілік полициясы органдарының дерегі бойынша, Қазақстанда әртүрлі типтегі 4 млн 520 мың көлік құралы тіркеуде тұр. Оның 3 млн 758 мыңы жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобильдер ( 83,2 % ). Жүк техникасы – 423,1 мың ( 9,4% ) және қалғандары тіркемелер (4,7% ), автобустар (1,5%), мототехника (1,2% ). Республиканың техникалық паркінің орта жасы – 20,7 жыл. Көліктердің барлық түрі бойынша жылдан-жылға ұлғайып барады. Оны жаңарта қоюға көпшіліктің қалтасы көтермейді. Егер халықтың әлеуметтік әл-ахуалының деңгейін көліктерінің сапалық көрсеткішімен есептейтін болсақ, онда тұрғындардың жағдайы уақыт өткен сайын нашарлап барады деуіміз керек. Соның бір айғағы – республика автопаркінің жартысынан астамы әбден тозығы жеткен, өркениетті жұрттың халқы мініп-мініп тастаған ескі көліктерден тұратыны. Мысалы, елімізде тіркелген техниканың 49,9%-ның жасы 20 жылдан асқан, 11-20 жыл аралығындағы көліктердің үлесі – 21,3%, 8-10 жыл аралығындағы көліктер –11,9%, 6-7 жыл аралығындағы көліктер – 8,3%, 3-5 жыл аралығындағылары – 4,1%. Сонда Қазақстанда жасы 2 жылға жетпеген небәрі 166,9 мың (4,4%) ғана жаңа авто бар екен. Егер осы мәселені өзім зерттемей, маған біреу айтқанда, мен әсте сенбес едім... Өңірлер бойынша көлік ең көп шоғырланған жер – Алматы қаласы (725,3 мың, 16,0 %) одан кейінгі көрсеткіш бойынша Түркістан мен Алматы облыстары 9,7% және 9,3% көрсеткішпен үзеңгілес келеді. Төртінші сатыда тұрған Нұр-Сұлтан қаласындағы көлік саны бұлармен салыстырғанда әжептәуір аз. 2021 жылдың 1 қаңтардағы есебі бойынша, Қазақстанда әр 1000 тұрғынға шаққанда 199 жеңіл автомобильден келеді. Енді өткен жылдардың статистикасын салыстырайық: 2017 жылы – 211, 2018 жылы – 207, 2019 жылы – 202, 2020 жылы – 199 бірлік. Яғни, адам басына шаққандағы көлік саны жылдан-жылға азая түскен. Енді «Азия-Авто» АҚ зауытының жабылуына байланысты биыл шығарылатын көлік санының анағұрылым кемитінін ескерсек, бұл көрсеткіштің одан да көп төмен құлдырайтыны белгілі. Бұл жайттар, жанама түрде болса да, халықтың әлеуметтік жағдайы уақыт өткен сайын нашарлап бара жатқанының толық дәлелі деп қабылдай берулеріңізге болады. «2021 жылы автомобиль құны тағы да қымбаттай түседі деген болжам бар. Өйткені нарықта бұл саладағы бәсекелестіктің азаюы, өндірістің төмендеуі және отандық автоқұрастыру алаңдарының жергіліктендіру деңгейінің төмендігі – бәрі қымбатшылыққа ықпал ететіні сөзсіз. Егер автоөнімдер мен олардың жабдықтарының тасымалына және сатылуына еш кедергі жасалмаса, онда бұл саланың нәтижесі 2020 жылғы көрсеткіштің +10-12% шамасында тұрақтауы мүмкін деп топшылауға болады», – дейді «ҚазАвтоПром» Қазақстанның автомобильдер саласы кәсіпорындары одағының өкілі А.Мискарян.Электромобиль дәуірі
Көлік мәселесін сөз еткенде, қазір өркениетті жұрттың көңілі ерекше ауа бастаған электромобиль өндірісін де назардан тыс қалдыра алмадық. Әсіресе, кейінгі жылдары ғаламдық атағы бар алпауыт автомобиль компаниялары бұл салаға қыруар қаржы салып жатыр. Әлемдік автоөндіріс нарығының бел ортасынан ойып орын алып тұрған мемлекет – Қытай. Бұл елде жылына 30 миллион көлік (әлемдік өндірістің 6%-ы – авт) шығарылады. Сонымен бірге, Жұңго жұрты көлік құралдарын электрлендіруде де үлкен биіктерді бағындырды. 2019 жылы аспанасты елінде 300 мың электромобиль сатылса, 2020 жылы оның саны 5 миллионға жеткен. Ал әлемдегі электробустардың саны 400 мың болса, соның 99%-ы Қытайда жасалған. Одан бөлек, машиналарды қуаттайтын екі ірі электрлік батареялар зауытын іске қосты. Әрі батарея өндірісінде үлкен жетістікке қол жеткізді, үш жылда бір модель бойынша олардың қуаты 100 км-ден 580 км-ге дейін артты. «Былтыр Қытай билігі автомобиль өндірісі үшін заманауи технологияларды сатып алуға $14 млрд қаржы бөлді. Бірде-бір мемлекет автомобиль жасау саласына мұнша қаржы жұмсаған жоқ», – дейді «Аллюр компаниялар тобы» АҚ бас директоры, Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев. Сондай-ақ Еуропа елдерінде экологиялық таза машиналарға деген көзқарас жақсара түскен. Өткен жылы сұрау салынған 250 мың бензинді автомобиль иелерінің 70%-ы ендігі сатып алатын көліктері міндетті түрде электрлік болатынын айтқан. Қазақстан да кейінгі жылдары «жасыл экономикаға» көшу мәселесіне ерекше мән бере бастады. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткізілгеннен кейін бұл әңгіме әлсін-әлсін көтерілетін болған. Айта кетейік, республикада «жасыл» энергияны қолдану аясында электромобильдің және газбен жүретін көліктердің инфрақұрылымын қалыптастыру тұжырымдамасы 2013 жылы әзірленді. Бүгінгі күні елімізде электрлі жетектегі 696 көлік тіркелген. Тек оның 200-і ғана жеңіл электрокарлар. Жоспар бойынша түрлі модельді электромобиль санын 2021 жылы – 1 200-ге (оның ішінде электробус та бар), 2022 жылы 2 000-ға жеткізу көзделген. Бұл көліктер ішкі нарыққа да, сыртқа да экспортталатын болады. Алғашқы отандық JAC маркалы электромобилін «Аллюр» КТ» АҚ қытайлық China National Vehicles Import And Export Corporation компаниясымен бірлесіп «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өндірістік алаңында 2016 жылы жасап шығарды. Оларды қуаттайтын стансалар Нұр-Сұлтанда – 47, Алматыда 30 және Бурабайда орнатылған. «ЭҚС-ын (электрмен қуаттау станциялары – авт.) салу құны шамамен – $25 мың, паркингтегі үш фазалық торап стансасының құны $4,5 мың тұрады. Біз стансалардың санын 100-ге жеткізуге мүдделіміз, бірақ мемлекеттің көмегінсіз мұндай шаруалар бітпейді, әсіресе әкімшілік қолдаулар қажет. Сонымен бірге басқа да инфрақұрылымдық нәрселерді дамытуға дайынбыз – қазір софты тестілеуден өткізіп жатырмыз, ол жүргізушінің қашықтықтан ЭҚС таңдауына, қуаттау орнында кезегін сақтап қоюға, қуаттау статистикасын, процесін басқаруға және бақылауға мүмкіндік береді», – дейді «ЭҚС операторы» ЖШС бас директоры Руслан Дүйсенов. JAC электромобилінің толық батареясының қуаты 300 шақырымға жетеді. Көліктің нарықтағы құны – $20 мың. Жалпы, электромобильдер бағасының 40%-ы – оның батареясы. Электробустар мен электр жетегіндегі арнайы техникаларды шығарушы Higer Quazar ЖШС компаниясының бас директоры Жомарт Шаймерденов америкалық өндірушілер кейінгі екі жылда батарея құнын айтарлықтай арзандатқанын айтады. «Мәселен, Tesla батареясының бір-киловатт сағаты екі жыл бұрын $500, яғни 100 киловаты $50 мың тұрса, қазір оның бір-киловатт сағаты $170 дейін төмендеген, ал қытайлық өндірушілерде ол $120 дейін. Үстіміздегі жылы тіпті $100-ге түсуі мүмкін. Ол жағдайда электромобильдер әжептәуір арзандайды», – деді ол. Алпауыт автомобиль компаниялары 2021 жылы электрлік көліктердің орташа құнын $12 мыңға дейін төмендетуге мүдделі екендерін жариялаған. Қазақстанның мемлекеттің инвестициялық саясаты бойынша электромобильдердің сатып алушыларға $5 мың субсидия беріледі. Импорттық электрокарларды әкелгенде кедендік алым алынбайды, олар көлік салығынан босатылған, іштен жанатын қозғалтқышты (ІЖҚ) көліктермен салыстырғанда есепке қою үшін тіркеу бағасы екі есе арзан, кәдеге жарату алымының мөлшері неғұрлым төмен, сондай-ақ оларды ЭҚС-те қуаттау тегін. Оның үстіне елімізде электр бағасы бензинге қарағанда анағұрлым арзан. Аталған факторларды жиынтықтай келгенде, электромобильдер ІЖҚ қарағанда 6-7 есеге арзанға түсетінін көреміз. Жоғарыда айтылған мысалдарды саралай келгенде, елімізде әдеттегі іштен жанатын қозғалтқышты автомобиль өндірісін дамытумен бірге болашақтың көлігі – электромобильдер өндірісіне де шындап ден қоя бастағанын байқаймыз.Дәулет АСАУ