Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыс орталығы Көкшетау қаласында бірнеше іргелі іс-шара ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ел жастарының қазақ еліндегі бірлік пен берекені түсінуіне, ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Атап айтқанда, «Қоғамдық келісім» мекемесінде облыстық Ішкі саясат басқармасының жастар ресурстық орталығы қызметкерлері және «Арна» жоғары колледжі студенттерінің қатысуымен «Бірлігі жарасқан елміз» атты дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға қатысқан спикерлер студенттер мен жастарға Тәуелсіздіктің 30 жыл кезеңі ішінде еліміздегі этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісім ел ішіндегі тұрақтылыққа негіз болғанын атап өтті. Кездесу кезінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыс татарлары мен башқұрттар бірлестігінің төрағасы Рафаиль Сулькарнаев, аналар кеңесінің төрайымы Күләш Рахымжанова өз пікірлерін ортаға салып, жастардың одан әрі елдегі мызғымас тұрақтылық пен берекені сақтау қажетін алға тартты. «Бүгінгі басқосуда қасиетті татулық пен тұрақтылықтың талбесігіне айналған қазақ еліндегі бірліктің бастауы болған – Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі, жалпы бірлік пен татулық идеялары кеңінен әңгімеленді. Жастарға патриоттық рух пен Отанға деген құрмет сезімін беруге баса мән берілді», – дейді Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімнің этномәдени бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жөніндегі маманы Бақытжан Айдосова. Дөңгелек үстелден соң қатысушылар «Қоғамдық келісім» ғимаратына экскурсия өткізді. Сондай-ақ мереке қарсаңында облыстағы шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушыларымен кездесті. Қоғамдық бірлестік төрағасы оқушыларға көпұлтты Қазақстандағы береке мен бейбіт өмірдің мән-маңызына тоқталды. «Кезінде тағдырдың және елдегі саяси жағдайға байланысты қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдерімен бірге бас сауғалап босып келген ата-анасын бауырына басқан қазақ халқының кеңдігі мен даналығына бас иеміз. Ел ішіндегі бүгінгі тұрақтылық пен бейбітшілік елдегі саясаттың жемісі екені анық. Ұлттар достығы мен өзара түсіністігі елдегі береке мен бірліктің сарқылмас қазынасы», – деді Герихан Яндиев. Облыс әкімі мереке қарсаңында Ассамблея сессиясына қатысушыларды мерекемен құттықтап, оларға алғысхат табыс етті.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы