Сенімі берік серіктес
Сенімі берік серіктес
367
оқылды
Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарының екінші күнінде Қа­зақстан Президенті Қ.Тоқаев Дубайда өтетін EXPO-2020 көр­ме­сіне дайындық барысымен танысты. Мемлекет басшы­сына халықаралық көрмеде бой көтеретін Қазақстан павильоны таныстырылды. Жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі ара­­лығында «Ақыл-ойды ұштастыру –  болашақты қалыптастыру» де­ген та­қырыппен өтеді. EXPO-2020 көр­месін дамыту жөніндегі бас­қару­шы директор Ахмед әл-Хатибтің ай­туын­ша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Қазақстан павильоны БАӘ не­гіз­гі павильонына жақын жердегі «Мүм­кіндіктер» аталатын кластерде ор­наласады. Ұлттық экспозиция бір­­неше бөліктерге бөлінген. Он­да өңіріміздің әлемде алатын ор­ны, елі­міздің туристік әлеуеті, та­ри­хы, мә­дениеті және астанасы ту­ра­лы ақ­парат беріледі. Көрмеге келу­ші­лер еліміздің экономикалық жә­не инвестициялық мүмкіндіктері жө­нін­де мәлімет ала алады. Интерак­тив­ті шоу соңында павильон қонақ­та­ры­на жасанды интеллектінің адам­­зат бо­лашағына әсері туралы баян­далады. Сапар аясында Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Абу Даби Әмірлігін би­­­­леуші әулеттің өкілі, елдегі ірі бизнес өкілі, First Abu Dhabi Bank акционері шейх Сурур бен Мұ­хам­мед Әл Нахаянмен кездесті. Кез­десу­де Мемлекет басшысы БАӘ Қа­зақ­станның Таяу Шығыстағы се­­німді серіктесінің бірі екенін, са­пар барысында Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен екіжақты ын­ты­мақ­тастықты одан әрі дамытуға уағ­­­­­даласқанын жеткізді. Ал шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян West Hydrocarbons Commercial Investment LLC компаниясы Батыс Қазақстан облысында мұнай өңдеу зауытын са­лып жатқанын айтты. Алда жаңа жо­баларға инвестиция құюға ниетті. Қазақстан Президенті БАӘ вице-пре­зиденті, премьер-министрі, Ду­бай билеушісі шейх Мұхаммед бен Ра­шид Әл Мактуммен жүздесті. Жүздесушілер цифрлы экономика, электронды коммерция, заманауи инфрақұрылым, жасанды интеллект, қар­жылық қызмет көрсету ісі, ин­вестиция, туризм индустриясы, құры­лыс пен көлік салаларындағы ық­п­алдастық келешегін бағамдады.

– Еліміз туризмнің жаһандық та­рихпен байланысты түрлерін ілге­рілетуге дайын. Мысалға Алтын Ор­даны алуға болады. Осыған орай ішкі туризмді дамытудағы, оны саяхатшылар үшін тартымды ба­ғыт етудегі әмірліктердің туристік биз­несті жүргізу тәжірибесі бізге өте маңыз­ды, – деді Қ.Тоқаев.

Шейх Мұхаммед Әл Мактум әмір­ліктер экономиканың әртүрлі сек­торларын дамыту жөніндегі тә­жірибесі мен білімін Қазақстанмен бө­лісуге дайын екеніне сендірді. Мемлекет басшысы Дубай ин­вес­тициялық корпорациясының ат­қарушы директоры Мұхаммед аш-Шайбанимен кездесті. Әңгіме ба­рысында қаржы саласындағы өзара ынтымақтастыққа және «Ас­та­на» қаржы орталығын одан әрі дамыту перспективасына қа­тыс­ты мәселелер талқыланды. Сон­дай-ақ Дубай инвестициялық кор­порациясының Қазақстандағы же­кешелендіру бағдарламасына және АХҚО биржасы жұмысына белсенді қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан активтеріне инвестиция салуға және сатып алуға қызығушылық білдірген инвесторларға біздің мемлекеттік құрылымдар қолайлы жағдай жасауға дайын екенін нықтады. Президент Дубайдың Халық­аралық қаржы орталығын аралап көр­ді. DIFC басқарма төрағасы Ариф Амири Қ.Тоқаевқа ар­найы экономикалық аймақ жұмысы­ның қағидаттары, заңдық, коммер­ция­лық және басқа да қажетті инф­рақұры­лым­мен қамту арқылы бизнес пен қар­жы институттары үшін тартымды жағ­дай жасау жөнінде баян етті. Мем­лекет басшысы АХҚО мен DIFC ара­сында тығыз ықпалдастық ор­на­ту­дың, Дубайдың табысты тә­жі­ри­бесін «Астана» орталығы жұмы­сы­на пайдаланудың маңызын атап өтті.   Айхан ШӘРІП