Мектеп мұғалімі мен есепші 25 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған
Мектеп мұғалімі мен есепші 25 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған
266
оқылды

Павлодар облысы Ақтоғай аудандық соты білім бөлімінің есеп айырысу шотынан 2011 жылдың қаңтарынан бастап 2019 жылдың сәуіріне дейін ірі көлемде ақша жымқырған есепшіге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады.

Ақтоғай аудандық сотының мәліметінше, есепші мұғаліммен бірге жалпы сомасы 25 281 182 теңге соманы қолды еткен. Оның 10 118 338 теңгесін өзі, ал 15 162 844 теңгені бірнеше адаммен бірге жымқырған. Есепші өзіне және сыбайласына заңсыз түрде артық ақша есептеп, кейін банктік карточкалық шоттарға ақша аударған. Оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өз пайдасына жаратқан.

«Ұрлық куәгерлердің айғағы, сот-экономикалық сараптама мен маманның қорытындысымен, есеп айырысу шотындағы деректермен дәлелденген. Сотталушы есепші өзінің кінәсін ішінара мойындап, қаражатты сыбайласының өтініші бойынша аударғанын түсіндірді. Екіншісі кінәсін мойындамай, ақшаны есепші өзі бергенін айтқан», – дейді құқық қорғаушылар.

Прокурор есепшіні 7 жыл, мұғалімді 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады. Ақтоғай аудандық сотымен педагог кінәлі деп танылып, оған алаяқтық үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру, есепшіге 6 жарым жылға колонияда жазасын өтеу түрінде үкім шығарылды.

Үкім мен жеке қаулы заңды күшіне енді.