Жол апаты салдарынан екеуі де мерт болды. Олардың туысы биліктен жол-көлік оқиғасын жедел тексеру мен кінәліні жазалауды талап етіп отыр.
«Ақтөбе Таймстың» жазуынша, жол апаты 25 сәуірде Ақтөбедегі тергеу изоляторы маңындағы Сельмашевский көпірінен түскен жерде болды.
19 жастағы Hyundai Solaris маркалы көліктің жүргізушісі Арынов көшесі бойымен келе жатып, ерлі-зайыптыны қаққан.
«Жол апаты салдарынан 27 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. 29 жастағы күйеуі аурухананың жансақтау бөлімінде келесі күні қайтыс болды», – дейді полицейлер.
Полицейлердің айтуынша, жас жігіт жүргізуші куәлігін былтыр желтоқсан айында алған.
Қайтыс болған ерлі-зайыпты Жем қаласының тумасы. Екі-үш жыл бұрын Ақтөбеге үш баласымен көшіп келген. Жол апатына ұшыраған кезде әйел жүктіліктің жетінші айында болған. Егіз баланы дүниеге әкелемін деп күтіп жүрген.
Қайтыс болған ерлі-зайыптының артында қалған үш баласы әзірге әке-шешесінің қайтыс болғанын білмейді.