Баян Алагөзова: Бүгін жақсы көрініп, ертең жаман адамға айналғандар үшін жауап бере алмаймын
Баян Алагөзова: Бүгін жақсы көрініп, ертең жаман адамға айналғандар үшін жауап бере алмаймын
182
оқылды
Продюсер Баян Алагөзова қаржы пирамидасын жарнамалады деп өзін айыптағандарға жауап берді, - деп хабарлады nege.kz.
– Шынымен де компанияға қатысты түсініксіз жағдай болып жатыр. Бұл үш жыл бұрын, 2019 жылы болған оқиға. Мен сол кезде екі жас жігітпен таныстым. Екеуі ағайынды екен. Тәрбиесі дұрыс, мәдениетті жігіттер сияқты көрінді. Олар менен нарықта жұмыс істеп жатқан компанияларын жарнамалап беруді сұрады. Олардың келісім шартын қарап, жұмысына разы болған клиенттерін көрдім. Қысқасы, дұрыс компания екеніне менің көзімді жеткізгендей болды. Ол кезде шынымен де солай болатын, - дейді продюсер.
Баян Алагөзованың айтуынша, Инстаграм табыс көзіне айналғаны ешкімге құпия емес.
– Шынымды айтайын, олардың қылмыстық жазаға тартылғанын сізден естіп отырмын. Мен мыңдаған адаммен танысамын, көпшілігімен кездесемін. Енді біреулерді жарнамалауым мүмкін. Инстаграм табыс көзіне айналғаны ешкімге құпия емес. Айталық ертең жас кәсіпкерге қолдау жасау үшін ол пісірген күлшеге жарнама жасауым мүмкін. Ал ертең сол күлшені жеген адам уланып қалса, бұған да мен жауап беруім керек пе? Менің қолымнан көп нәрсе өтеді. Көп адамға көмектесемін. Біреу аяқ киім сатады, енді біреу дәрі-дәрмек, БАД сатуы мүмкін, күлше, жұмыртқа, тауық саудалайды, әйтеуір, бәрі пайда тапқысы келеді. Жас кәсіпкерлерге, бизнеске әрдайым көмектесіп жүремін. Алайда мен бір мәрте жарнамалаған компанияның әлгіндей болып шыққаны жанымды ауыртты. «Astex.kz», «Мудараба капитал» деген компанияларды білмеймін, олардың басшыларын танымаймын. Танымағандықтан да, ақталып әуре болмаймын. Мен жарнамалаған кезде ол компания шынымен де жақсы жұмыс істеген. Ал одан кейін не болғаны, ағайындылардың не үшін келіспегені, неге ақша бөлісе алмағаны маған қатысты емес. Бүгін жақсы көрініп, ертең жаман адамға айналғандар үшін жауап бере алмаймын, - дейді ол.
Бұған дейін продюсер Баян Алагөзова жарнамалаған компанияға алданған қазақстандықтар полицияға жаппай арыз жазып жатқанын хабарлаған болатынбыз.