Мәскеуде қайтыс болған әйгілі қазақтар
Мәскеуде қайтыс болған әйгілі қазақтар
763
оқылды

Тарих беттеріне үңілсек, КСРО кезінде еліміздің белгілі тұлғаларының көбі Мәскеуді мойындатпаққа аттанған болатын. Алайда елге танымал  қазақтың біразы сол Мәскеуде көз жұмды. Атап айтар болсақ, Күләш Байсейітова, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Мұрат Насыров, Батырхан Шүкенов және т.б. Олардың қазасы кездейсоқтық па, әлде Алланың жазмышы ма, белгісіз? Алайда бәрінде бір сәйкестік бар секілді.

[caption id="attachment_134326" align="alignnone" width="1024"]Мәскеу ©https://ok.ru/[/caption] Күләш Байсейітова 1912 жылы 2 мамырда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлбаһрам, қыз кезінде тегі Бейісова болған. Анасы Зибажан оны еркелетіп «Куля» деген, осылайша ол Күләш атанып кеткен. Ол бар-жоғы 24 жасында КСРО-ның Халық әртісі атанып, елінің мақтанышына айналды. Өкінішке қарай, небары 45 жасында Мәскеуге барған сапарында дүниеден өтті. Сол бір қаралы күн ел есінде. Бірақ оның қазасы туралы әртүрлі пікірлер айтылуда. Ол Мәскеуге театр декадасына барған. Сол кеште бір стакан коньяк ішкен. Артынан өзі тоқтаған Пекин қонақүйіне қайтқан. Кейін 536 нөмірдің ваннасынан табылған. Дәрігерлер оның жүрек талмасынан қайтыс болғанын жеткізді.

Ал енді бірі жақын араласып жүрген  алты адам үстінен арыз жазып, ЦК-ға шағымданғанын жазады. Бұл жайында Күләштің қызы Қарлығаш Байсейітова 2009 жылы 12 маусымда «Караванға» берген сұхбатында жазылған. «Когда маме дали почитать это письмо, ей стало плохо. «Теперь мне остается только умереть», – сказала она, вернувшись из ЦК», – дейді ол. Сол кездерде қазақтың бұлбұлы қалай болғанда да Қытайға барам деп, айтатын әндерін дайындап, киетін көйлектерін тіктіріп жүрген екен.

[caption id="attachment_134327" align="alignnone" width="1024"]Мәскеу ©https://martebe.kz/[/caption] Жазушы Мұхтар Әуезов те Мәскеуде қайтыс болған. 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде, 63 жасында өмірден өтті. Бұл жайында жазушының қызы Мұғалима Әуезова естелігенде айтқан.

«1961 жылдың жазында әкем Мәскеуге жүретін болды. Қонақ күту әзірлігімен бәріміз жиналдық. Тағы да қайда барады, неге барады деген сұрақ жоқ. Ас үйде шаруаларды реттестіріп жатқан әбігерлік арасында Валентина Николаевнаның өзі әкемнің осы сапарын шет жағалап айтты: «Науқасын біраз тексертуге бара жатыр, кешікпей қайтады ғой» деп қалғаны бар.

Сол күні әкем бой жазғандай болды ма, сондай айрықша көңілді еді. Қымызды сапырып, үстел жағалатып жүрген мені өзінің жанына шақыртып алды. Әдетінде онша-мұнша ашылып, сонша шүйіркелеспейтін ол маған: «Мұғаш, Мәскеуден келгеннен кейін мамаң екеуміз биыл жазды Карловы Вары курортында өткіземіз бе деген жоспарымыз бар», – деді. Мен де әкемнің бұл ойын қостадым. Сөйтіп сөзіміз бөлініп, шаруалармен болып кеттік.

Артынан операция жасатуы керек болды. Әкемнің жанында  Валентина Николаевна болды. Қасында бірге болсын деп Ернарды да алдыртты. Мұрат та сонда болған. Маусым айының аяғы еді. Біздің үйге Ләйлаш телефон соғып, мені үйіне шақырды. Сөйтсем, Валентина Николаевна Мәскеуден телефон соғыпты. Ол әкенің жай-күйін айтып, «Мұғашты қасыңа шақыртып ал. Бүгін сенікінде болсын» депті. Сөйтіп отырғанымызда көше жақтан төбесін жарқылдатып келген өкіметтік қара машина біздің подъездің алдына тоқтады. Ішінен екі кісі түсті де, подъезге кіріп кетті. Кешікпей үйдің есігі қағылды. Келіп тұрғандар Асқардың ата-енесі екен. Шақырғанда болмаса, басқа уақытта келе бермейтін ол кісілерді көріп, тіксініп қалдық. Үлкен кісілер де дауыс салып кірді. Сөйтіп, әкеміздің өмірден өткенін естіртті» деді ол.

[caption id="attachment_134328" align="alignnone" width="1024"]Мәскеу ©bilimdinews.[/caption] Академик Қаныш Сәтпаев 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде дүниеден өтіп, Алматыдағы Орталық зиратта жерленген. Ғалым ұзақ уақыт туберкулезбен ауырған екен. 1920-21 жылға дейін туған өлкесі Баянауылда  асқынған туберкулезді қымызбен емдемек болады. Ол сол кезде қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жасай бастап, оны 1954 жылы бітірген. Тіпті, денсаулығына байланысты оқуының соңғы жылын сырттай оқыған. Медеу Сәрсекеевтің айтуынша, өмірінің соңында дәрігерлер консилиумды жиілетіп жіберген. Ең соңғы жиын КСРО Денсаулық сақтау министрінің жеке тапсырмасы бойынша қаңтардың екінші жартысында өтті. Оған қатысқан ең танымал академиктер мен профессорлардың өздері «медицина дәрменсіз, пациент тасымалдауға да шыдамайды...» деп хабарлаған екен.

30 қаңтар күні Қаныш Сәтпаев ауруханаға шаштаразды шақыртып, шашын алдыртқан. Сол күні қасында болған қызы Мейізге «тауда жүріп, кен іздеп жүрген» түсін айтқан көрінеді. Сөйтіп, марқұм 65 жасына қараған шағында көз жұмды.

[caption id="attachment_134331" align="alignnone" width="1024"]Мәскеу ©aqiqat.kazgazeta.kz[/caption] Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында көлік апатынан қайтыс болды. Алайда бірегей тұлғаның қазасы жайлы әлі күнге ел ішінде түрлі алып-қашпа қауесет айтылады. Көзі тірісінде Кәукен Кенжетаев ол кісі жайында аз-кем естелігімен бөліскен еді. «Шәкен екеуміз бір әке, бір анадан туғанбыз. Оның жақсы қасиеттерін санасаң саусағың жетпейтін, сан қырын бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. Жасымыздан өнерге ұмтылдық. Кейін ол драмаға, мен әнге кеттім. Шәкен ел сүйген адам ғой, халық оны жақсы көретін. Сондықтан болса керек, оның қазасына байланысты неше түрлі әңгіме айтылады.

Шын мәнінде, оған ешқандай қастандық жасалған жоқ. Ол өзінің аңғалдығынан, Мәскеуді дұрыс білмегендігінен қайтыс болды. Мәскеуге фестивальге барып, «Атаманның ақыры» фильмі бас жүлдеге ие болған. Соны кешке мейрамханада «жумақ» болып, өзі сондағы басшылыққа бір құжаттарына қол қойдырамын деп жүріп, асығып келе жатып, көліктің астына түсіп қалды. Кейіннен білгеніміздей, ол жер жаяу жүргіншіге арналмаған көрінеді. Оның жолдан өтіп келе жатқанын алдындағы көлік көрген де оның арғысы байқамай қалған» деп айтқаны бар. Бірнеше сағаттан кейін Шәкен Айманов Бурденко институтында ота үстінде қайтыс болды. Ол кезде марқұм 56 жаста еді.

Батырхан Шүкенов ©tengrinews.kz2015 жылдың 29 сәуір күні тағы да қайғылы хабар тарады. Тағы да Мәскеу. Тағы да қазақтың жарық жұлдызы. «А-Студионың» бірінші солисті Батырхан Шүкенов 53 жасында өз үйінде қайтыс болды. Дәрігерлердің айтуынша, ол жүрек талмасынан көз жұмған. Марқұм жергілікті арнаның «Один в один» шоуына қатысып, келесі түсірілімнен келген беті екен.