«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және жергілікті әкімдіктер арқылы жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз етуді көздейтін «Еңбек» бағдарламасының ұйымдастыру, насихат жұмыстары жанданды.
Аталған бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде Түркістан облысы Сайрам ауданынан солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдірген 45 отбасы (Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек аудандары) мүшелері Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жолға шықты. Олар екі облыстағы жағдайды жан-жақты сараптайды. Егер ұсыныс ұнаса, ол тұрғындар солтүстікке көшуі мүмкін. Қоныс аударуға ниет білдіріп, жолға шыққан тұрғындарға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев солтүстік өңірлерге оңтүстік халқының қоныс аударуының стратегиялық маңыздылығын, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, тұрғындарға сәт-сапар тіледі. Өз кезегінде түркістандықтардың Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныс аударуға бірнеше жылдан бері қолдау білдіріп жүрген, солтүстік өңірлер тіршілігімен танысып қайту саяхатын (тегін) ұйымдастырушы «Ұлы көш» қоғамының төрағасы Жаңабай Ағабеков сапардың бағыты туралы мағлұмат берді. Қоныс аударған жерлестерімізге жасалатын қолдауларды (баспана, жұмыс орны, жер) көзбен көріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенділік танытуға шақырды. Солтүстік облыстарға көші-қон бағдарламасы басталған 5 жылдың ішінде 20 мыңдай адам көшіп барған. Оның 6 000-ы – Түркістан облысының тұрғыны. Яғни, 1 700 отбасы қоныс аударған. Сәуір айының басында Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейін даму бағдарламасы қабылданды. Енді бұл аймаққа жалпы көлемі 2 трлн теңге инвестиция салынбақ. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 сүт фермасы, 2 тауық фабрикасы бой көтереді. «Қызылжар» транспорт хабы іске қосылады. Басқа аймақтармен байланысты арттырып, барыс-келісті барынша күшейту үшін әуе қатынасын айына 16-дан 68 рейске дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстық жаңа аурухана, аудандарда 47 медициналық нысан, тұрғындар үшін 21 мың пәтер мен 16 мектеп салынады. Назарбаев университетінің негізінде жаңа университет іске қосылады. Осы жоспар бойынша 26 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы ақпаратты аудандық жұмыспен қамту орталығынан алуға болады.Әбілмансұр ЖАСАН