Осыдан біраз уақыт бұрын Алматы облысы орталығында тұрғын үй кезегінде жылдар бойы тұрғандар баспаналы болу жөніндегі үмітінің бір күнде быт-шыты шыққанын, көбінің тұрғын үй кезегінен мүлде алынып тасталғанын, біразының кезегі алға жылжудың орнына кері кеткенін айтып, әкімдікке жиналып, ондағылардың екі аяғын бір етікке тыққан еді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер бүкіл ел бойынша баспана кезегінде тұрғандардың бірыңғай базасы құрылуына байланысты облыс пен қалада да осы жаңалық енгізіліп жатқанына орай бірқатар түсінбестік болып жатқанын, түрлі жеңілдіктермен үй кезегінде тұрғандардын санаты қысқарып, біріктірілгенін айтқанымен, ашулы халық оларды тыңдамай, тез арада түсінік жұмыстарын жүргізуді, кезегін қалпына келтіруді талап еткен еді. Маңызды мәселенің мән-жайын БАҚ арқылы жұртқа жеткізу мақсатында баспасөз мәслихатын өткізген ТКШ өкілдері журналистерге күрделі жағдайдың себебін түсіндіруге тырысты. Олардың айтуынша, Алматы облысында тұрғын үй кезегіндегі ақпараттық ашықтық пен айқындықты арттыру үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай базасы іске қосылыпты. Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мәліметі бойынша қазір облыс орталығында 14 567 адам үй кезегінде тұр. Бүгінгі күні тұрғын үй кезегіне қатысты Бірыңғай республикалық база (СПП) енгізіліп, кейбір топтар біріктіріліп, алдағы кезде кезектің жылжуы анағұрлым жақсармақ. – Мемлекет басшысының тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасарымен «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйден немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйден үй алуға мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, тұрғын үй беру туралы шешім қабылдау» сервистік бағдарламалық өнімін жобалау міндеттемесі бекітілді. Сервистік бағдарламалық өнім ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сынақтан өтті. Кезекке қоюдағы барлық 19 санатты 6 санатқа біріктіргеннен кейін кезектілікте біраз өзгеріс болды. Алайда бұл жаңа база алдағы кезде тұрғын үй кезегіндегілерге қолайлы болады деп айтқымыз келеді. Сондай-ақ кезек реті ашық әрі нақты болады. Кез келген адам өз кезегінің жылжуын қадағалай алады, – деді «Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ басшысы Нұрым Әлиұлы. Ендігі жерде бірыңғай база аясында түгендеу жүргізіліп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың мәртебесі бұрынғыдай 19 санатпен емес, 6 санат бойынша айқындалады. 2021 жылы жоғарыда аталған санаттар қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді. Кезекте тұрғандарды санаттарға бөліп, реттеу, азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін есепке қойылған кезіне сәйкес жүргізіледі. Бұдан былай кезектілік бірыңғай республикалық кезекте тұрғандар базасы бойынша жүзеге асырылады. Ал тұрғын үй кезегінен мүлде шығарылғандардың барлығы кезекте заңсыз тұрып келгені анықталған. Мұнымен келіспейтіндердің өтініштерін тиісті орындар тексеріп, қарайды. Биылғы мамырдан бастап Талдықорған қаласы әкімінің ресми сайтында кезекте тұрған азаматтардың тізімі жарияланады. Сондай-ақ кезектілік СПП базасы арқылы жүргізілген жағдайда есепте тұрған азамат кез келген уақытта www.egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы тұрғын үйге өз кезегін бақылап отырады.Болат АБАҒАН, Алматы облысы