Мерзімі өткен азық-түлік сөреде тұр
Мерзімі өткен азық-түлік сөреде тұр
648
оқылды

Осыған дейін Алматыда жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлік сататын сауда орындары жайлы ақпарат тараған. Бұл тақырып қоз­ғалғаннан кейін жұрттың назарын бұрған мұндай базарлардың бірі ғана емес, бірнешеуі анықталған екен. Тіпті, талай жылдан бергі тұрақты тұтынушылары да көп. Ескірген азық-түлікті 30-80 пайыз жеңілдікпен сататын дүкендерде күнделікті тіршілікке қажет тауарлардың бәрі бар. Ал мерзімі өткен өнімдерді тұтыну адам ағзасына қауіп емес пе? Бұған шаһар тұрғындарының қызығушылығы неге артып отыр?

Адам уланып жүрмей ме?

Әлдеқашан мерзімі өткен азық-түлікті тұтынушылар көп-ақ. Әсіресе, зейнет­керлердің қарасы көп. Шаһардағы азық-түлік сататын базар­ларда мұндай сауда нүктелерінің бірнешеуі бар екен. Бағасы арзан дегеннен кейін бе, әлеу­меттік желілерде нақты мекенжайын сұрас­тырғандар жетерлік. 1 000 теңгеге кімнің болса да тұтас азық-түлік себетін сатып алғысы келетіндей. Мерзімі өткен демесеңіз, сүт пен импортталған кон­сервілер, шұжықтар да себет ішінде. Адам­дар бұл тағамдардың мерзімі өткенін біле тұра, арзан бағасы үшін сатып алады екен. Яғни, барлығы жария түрде, сауда­гер ескірген өнімдерді сатып тұрғанын жасырмайды. Мұндай өнімдерге сұра­ныстың болуы оның сапасына көп­шіліктің назар аудара бермейтінін аң­ғартса керек. Мәселе – қауіпсіздікке қатысты. Ескі тағамды тұтынған адамның улануына таңғалмасымыз анық. Сол себепті әуелі осы салаға қатысты маман пікірін білгенді жөн көрдік. Мәселен, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нутрициология кафедрасының оқыту­шысы, медицина ғылымдарының кан­дидаты Айгүл Қожахметова болса, мер­зімі өткен тағамдардан адамдардың у­лану ықтималдығын арттыратынын айтады. – Егер жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауардың сақталу жағдайы мен шарттары дұрыс болса, тағам ашылған соң бөгде өзгерістер көрінбесе, термиялық жеткілікті өңделсе, ашылған соң 1-2 күн ішінде желінсе, ағзаға зиян келтірмеуі мүмкін. Жарамдылық мерзімі бітіп жат­қан тауарларды акциямен, жеңіл­детілген бағада сатып жатады. Мұқтаж адамдар мұндай өнімдерді алған соң термиялық өңдеуден өткізіп, органо­лептикалық қасиеттеріне (иісі, дәміндегі, көзбен көргендегі түсіндегі өзгерістер) мән беруі керек. Консервілердің қақпағы томпиып тұрмаса мұндай тағамдардың зияны болмайды. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткеннен немесе түрлі микро­организм өмір сүргендіктен қақпағы томпиып тұруы мүмкін. Демек, мұндай кон­сервілерді жеу міндетті түрде тамақтан улануға алып келеді, – дейді ол. Сонымен, жарамдылық мерзімі өткен тағамдар саудада, сұраныс тудырар тұтынушы да бар. Бірақ заңды қайда қоямыз. Ол тұрғыдан қарасақ, мұндай азық-түліктің сатылуына жол берілмесе керек еді.

Заң тыйым салмай ма?

Қазақстанда өндірілетін кез келген азық-түліктің шығарылған тауарлық маркасына сәйкес, «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заңның 12-бабы 4-тармағына сай, айқын бүліну белгісі болса, қауіпсіздігі туралы толық мәлімет сыртында көрсетілмесе, қауіпсіздікті растайтын құжаттары жоқ өнімдер айналымға және кәдеге жаратуға жібе­рілмейді. Осы заңның 17-бабында «Тамақ өнімдерін орау, буып-түю және таңбалау кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға» сәйкес, өндіруші туралы мәлімет: нақты/заңды мекенжайы, бай­ланыс телефоны, энергетикалық, био­логиялық құндылығы, қолдану жол­дары сияқты толық ақпарат берілуі керек. Яғни, тұтынушы тауарды сатып алғанда қауіпсіздігіне сенімді болуы тиіс. Сонымен, мұндай тағамдар кәдеге жаратудан бұрын, айналымға да жі­берілмеуі тиіс екен. Бірақ оның ашық­тан-ашық сатылымда тұрғанына не дерсіз? Осы тұста құзырлы органдар тағам са­пасына тексеріс жүргізіп отырмайтын сыңай танытады. Еліміз бойынша азық-түлік сапасын қадағалауға Тұтынушылар құқын қорғау комитеті жауапты. Әйт­кенмен, комитетке қарасты меке­мелер белгілі бір тұтынушыдан арыз келіп түскенде ғана жоспардан тыс тексеру жүргізеді екен. Біз үшін аталған әрекет қауіпсіздік жайын қараусыз қалдырып, сауданы еркіне жіберу секілді. Бір сөзбен айтқанда, себебімен емес, салдарымен күресудің амалы. Мерзімі өткен азық-түліктен біреу уланбайынша, «арзан өнім» сататын сауда нүктелерін жабуға болмас па екен?

мадиярМадияр ТӨЛЕУ