1941 жылдың 22 маусымы: фашистер Брест қамалының маңында көп аялдауды жоспарламаған-ды. Бірақ бәрі ойлағандай бола бермейтіні бар. Өйткені жауға батырлардың қанымен тосқауыл қойған ескі цитадель барынша қорғанды. Соғысты алғашқылардың бірі болып қарсы алған Брест қамалының аты аңызға айналған қорғаушыларының арасында 125-атқыштар полкінің 2-батальоны, 4 ротасының 3 взвод мергені Әбдіразақ Мамиев бар еді. Әскери және саяси дайындықтың үздігі өзінің елге қайтуы қаншалықты ұзақ әрі ауыр болатынын бұлай болжамаған. Кешке қарай етігін жалтыратып тазалаған сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған еді. Мамиевке қалғаны 22 маусым таңғы сағат 10-да Брест қаласының маңынан пойызға отыру. Алайда оқиға басқаша өрбіді.
«1941 жылы 22 маусым таңғы сағат 4-те Брест қамалының бұрыш-бұрышынан мыңдаған снаряд дауысы естілді. Не болып жатқаны белгісіз еді, көптеген солдат мен командирлер қаза тапты. Басқалары жартылай жалаңаш, қаруы бар-жоғына қарамастан артиллериялық атыс пен бомба шабуылынан жасырынады. Барлық жерде соғыс. Артиллериялық атыс пен бомбалау күні бойы тоқтаған жоқ». Бұл – «1941 жыл. Брест қамалы. Қазақстан» кітабынан үзінді. Кітап авторы, тарих ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры Ләйла Ахметова 50 жылдан астам уақыттан бері әйгілі қорғанды қорғаған отандастарымыз жайлы деректерді жаңғыртып жүр. Иә, Ләйла Сейсембекқызы ұсынған деректер көпшілікті таңдандырады. Мысалы, ол 2016 жылы 1 мамырға дейін Брест қамалын қорғаған 556 қазақстандық туралы дерек жинаған. Ал кеңес уақытында қамалды қорғағандардың арасында 29 отандасымыз бар екені айтылатын. Бертін келе 2020 жылы 4 мамырдағы деректерге сүйенсек, Брест қамалын қорғаушылардың қатарында 632 қазақстандық бары анықталған. Оның үстіне Ресей іздеушілері гаризонды қорғаған 7 мың адамның мыңнан астамы отандастарымыз екенін айқындап отыр. Ләйла Ахметова қуанышты жаңалығын әлеуметтік желіде жазып, Отан қорғаушылардың туыстарын іздеген. Осылайша, Брест қорғанындағы Мәңгілік алаудың жанына жерленген алты қазақстандықтың бірі Ыдырыс Қуренкеевтің туыстары табылған. Мемориалды тақтада оның тегі жазылған. Туыстарын 50-жылдардың соңынан бастап іздегенімен, олар ұзақ уақыттан кейін жауап берген. Өкінішке қарай, Брест қамалын қорғаған қазақстандықтардың бірде біреуі не орден, не медаль алмаған. Бұл туралы бейбіт заманда да мәселе көтерілген жоқ. Бірақ Брест қамалын қорғап, елі үшін қан кешкендер марапаттың ең үлкеніне, зор алғысқа лайық емес пе?!Қаһарман қазақ полкі
125-атқыштар полкі. Профессор Ләйла Ахметованың айтуынша, 1941 жылы маусымда онда 2 239 адам болған. Полк 20%-ға толық жасақталмаған еді. Өйткені штат ережесіне сай атқыштар полкінде 3 182 адам болуы шарт. Ол өзінің тарихын 1918 жылдың мамырынан бастады. Ұлы Отан соғысының қарсаңында 125-атқыштар полкі Брест қамалының аумағында орналасты. Кобрин бекінісі. Ләйла Сейсембекқызының айтуынша, бұл полкті «қазақ» немесе «алматылық» полк деп атайды. Себебі полк құрамында қазақстандықтар көп болған. 125-полктің тарихы айтарлықтай зерттелді деуге болады. 125-атқыштар полкі – жау соққысын алғаш қабылдағандардың бірі. Қазақ полкі жауынгерлерінің арасына 418 нөмірімен қызыләскер, мерген Әбдіразақ Мәмиұлы Мәмиев кірді. Өздеріңіз білетіндей, 1941 жылдың 5 сәуірінде бекітілген штат кестесіне сәйкес 4-атқыштар ротасында 178 адам. Әбдіразақ қызмет еткен 4-рота полкте алдыңғы шеп болған. Мұны соғысқа дейін сақталған партия құжаттары растайды. Бүгіндері 36 адамның аты-жөні табылып, оның 17-сі қазақстандық екені анықталған. Алғашында Мәмиев үшінші ротада шайқасты деп саналып, оны Брест қамалын қорғаушылар қатарына жатқызбады. Бірақ архивтегі құжаттар оның төртінші ротада болғанын дәлелдеп берді. Соғыста аты, тегі, атауы бұрмаланған жайттар көп. Олардың әрқайсын тауып, дәлелдеу керек. Одан бөлек Мәскеуде сақталған құжаттар арқылы дәлелдеу жағы тағы бар. Брест алынғасын көптеген құжаттар жанып кетті, кейбірін жау әскері талан-таражға салды. Қазір Брест қамалындағы музейде қызыләскер Әбдіразақ Мәмиевтің суреті ілініп тұр. Сурет астында «Командирін құтқарған, ерекше көзге түскен» деген жазу бар. Расымен, отандасымыз Мәмиев көпшілік білмейтін қаһармандардың бірі. Оның үстіне қазір батырлардың соғыстағы ерліктері лайықты түрде зерттелмейді. Олар жайында білетіндер аз. Жалпы, батыр деген кім? Ол – өзін құрбандыққа шала отырып ел игілігі үшін әрекет еткен тұлға. Батыр – батылдық пен ерлікті бойына жиған адам. Ал біздің түсінігіміздегі батыр пафос сөз, қола мүсін мен фильмдегі әдемі кадр. Олардың ортамызда ғұмыр кешкенін біразы білмейді. Біз Отан үшін от кешкен батырлар жайында білуге, мақтануға, келешек ұрпаққа баяндауға міндеттіміз. Ол үшін мектеп пен университет оқулықтарында олар туралы жазылып, кітап пен ән шығару керек. Балаларымызды әкеміздің, атамыздың ерліктерімен сусындату – азаматтық борышымыз.Соғысқа дейінгі фотосуреттен буденовка киген келбетті қазақты байқаймыз. Жүзі жылы, күлімсіреген, еңсесін тік ұстаған келбетті қазақ. Тіп-тіке қараған жанарынан ойын оқуға болатын тәрізді. Ел басына күн туған шақта ойланбастан от кешетін жауынгер.
Мәселен, майдангер Әбдіразақ Мәмиевтің өмірбаянынан елдің тарихымен танысуға болады. Ол 1917 жылы Қазан социалистік революциясы тұсында өмірге келген. Бала кезі мен жастық шағы революциядан кейінгі жылдарға тап келіп, аштықты бастан өткерген. Оның соғыстағы тағдыры да драмаға толы сюжет дерсіз. Мұндай ерлік пен сынаққа толы кезең кез келген Ұлы Отан соғысы жауынгерінің маңдайына жазылмаған. Айтса айтқандай, мұндайды ойлап қана қоймай, тіпті кинодан көре алмайсың. Жаздыгүні әскерден елге ораламын деп отырған жігіттің аты аңызға айналған Брест қамалын қорғауға қатысуы, тұтқынға түсу, концлагерь, партизан отряды, кеңес әскеріне қайта қосылуы, Одессаны азат ету шайқасы, ауыр жарақат. Оның жауынгерлік тағдыры әлемдік соғыс эпопеясына тән барлық элементті қамтып, қайғы мен қуанышы ертедегі батырлардыкімен бара-бар еді. Соғыстың алғашқы күні жайлы майдангер естеліктерінен білеміз. 1941 жылы 22 маусымда қызыләскер Әбдіразақ Мәмиев демобилизацияға дайындалып жатқан. Отан алдындағы борышын өтеп, Қазақстанға қайтуға асық еді. Сол жаздың кешінде солдаттар ұйқы жоқ, үйге қайтатынын ойлап, бір-бірімен күбірлесіп жатқан. Тіпті, ефрейтор солдаттар ұйықтамай, осылай жалғастыра берсе соңғы рет жазалайтынын ескерткен-ді. Бірақ ешқайсысы ертең тірі қалғандардың өмірінде ең ұзақ әрі қорқынышты күнді бастан өткерерін білмеген.Қамал ішіндегі жанталас
...Солдаттар әрең дегенде ұйықтаған-ды. Алыстан шу естілгенде әлі сағат тілі 4-ті көрсетпеген. Жауынгерлерді снарядтар мен мотор үні оятты. Осылайша, соғыс басталды. Жаудың тұтқиыл шабуылынан ес жиып үлгермеген солдаттар капитан Ландышевтың соңынан еріп, қамал дуалын жанына жалау етті. Сондағы ойы жауға тойтарыс беріп, қалайда фашистерді қамалға жақындатпау еді. Жан-жақтан бомбалау күні бойы толастаған жоқ. Жау шабуылына тойтарыс берілген. Фашистердің тұтқиылдан шабуылдау арқылы қамалға оңай кіреміз деген жоспарының күл-талқаны шыққан. Мерген Мәмиев Ландышев бастаған бөлімше сапында қамал қабырғасынан жауға қарсы оқ атты. Фашистердің мотоциклшілер колоннасы қамалға басып кіруге барын салды. Уақыт өткен сайын жау күші еселене берді. Екі жақтың күші тең емес. Қамал қорғаушылардың қатары бірте-бірте азая түсті...Ерлік
Сонымен, тірі қалған қорғаушылар бекіністен шығуға шешім қабылдады. Шабуыл кезінде командир Григорий Ландышев жарақат алады. Мұны көрген жауынгер Мәмиев граната сынықтарынан жараланған командирді көтеріп алып, оны оқтың арасынан алып шығады. Тұтқынға түсіп қалмау үшін офицер қызыләскерге өзін атып тастауын бұйырады. Бұйрықты орындамаса трибунал алында жазаланатынын ескертеді. Әбдіразақ командирін өлтіре алмайтынын айтып, бұйрықтан бас тартады. Ал Брест түбіндегі шайқас кезінде солдаты құтқарған Григорий Александрович ұзақ өмір сүріп, 1984 жылы Мәскеу маңында қайтыс болады. Ол мемуарында сол күнді былайша суреттейді. «...фашистердің бізді ұстау жоспары жүзеге аспады. Жауынгерлер ерлікпен шайқасты. Немістерді жақын жолатпадық. Гранат жеткілікті еді. Алайда қалаға жақындағанда қоян-қолтық ұрыссыз іс біткен жоқ. «Отан үшін!» деген ұранмен қаланы бұзып кірдік. Қала ішімен қозғалу оңайырақ болды. Неміс әскерінің алғы шебі қалада бөгелмеді, қалған бөлігі жақындай алмады. Мотоцикл жүргізушілері көше кезіп жүрді. Бірақ біз олардан айламызды асыра алдық...» Жауынгерлердің алдында қамалдан шығып, Песчаная биігіне жету тапсырмасы тұрды. Бірақ аталған биікке жауынгерлердің жартысы ғана жетті. Қауіпті кезеңнің осы тұсында Әбдіразақ та басқа сарбаздар сияқты жараланып, тұтқынға түседі. Олар Польшада, Брест қамалынан 20 километр жердегі Бяло-Подляско мекенінде Stalag 07 атты тұтқындар лагерінде оянады. Әбдіразақ Мәмиұлы естеліктерінде тұтқындағы күндері жайында баяндаған. Тұтқындар лагерінде адам көп болғандықтан немістер оларды аяусыз өлтірген. Барлық лагерьде су ішетін бір ғана құдық болған. Құдықтан белгілі бір уақыт аралығында ғана су алуға рұқсат берген. Су алып үлгермегендерді атып тастаған. Мүрделерді тастайтын шұңқырға күніне 100 мүрде тасталған. Осылайша, ол бір жылға жуық тұтқында болған. ...Бірде тұтқындарды орманнан ағаш теруге жібереді. Сол тұста оларды күзеткен неміс әскерлеріне поляк партизандары тұтқиылдан шабуыл жасайды. Әбдіразақ Мәмиев олармен бірге поляк орманына қашып кетеді. Ол партизан отрядында жауға қарсы бір жыл бойы соғысады. 1943 жылы Мәмиев Қызыл армияға қайта қосылып, 3-фронтта Украинаны азат ету ұрысына қатысады. 1944 жылдың қазанында Одессаны азат ету шайқасында ауыр жарақат алады. Әскери хирургтар оның оң аяғын кесіп тастайды. Осыған қарамастан Әбдіразақ Мәмиев өзін бақытты адам санайтын. Өйткені ол Брест қамалын қорғауға қатысқан 7 мың сарбаздың ішінде тірі қалған 112 жауынгердің бірі еді. Ол осы ерлігі үшін марапат күтті деп ойлайсыз ба? Жоқ, ол марапат пен даңқа қарамастан, жай ғана Отанын абыроймен қорғауға тырысқандардың санатында.Есімі – ел есінде
Ләйла Сейсембекқызының айтуынша, интернетте соғыс туралы материалдар жеткілікті. Бірақ әрқайсысы біреудің ойына негізделген. Ол жақында Брест қамалын қорғау жайында фильм көргенін айтады. Фильм маманның қолынан шыққан емес, шын жүректен жасалған туынды болған. Бірақ туындының техникалық тұсы ғана талапқа сай келген. Оның сөзінше, фильм авторы Брест қамалын қорғау хикаясын білмеген. Сондықтан фильмде олқы тұстар көп. Киноны тамашалап болған профессор артынша ойланған. Мұндай туындының болуы жақсы ма, жаман ба? Өйткені фильм YouTube-та жарияланып, оны біршама көрермен тамашалаған. Тарих ғылымдарының докторы фильм техникалық тұрғыдан жоғары бағаланса да, дәлелденбеген материалды қолданбауға шақырады. Суреттер, соғыс, архивтегі деректі түсірілімдер бәрі бар. Бірақ тарих бұрмаланған. Мүмкін автор мұны өзі үшін істеген болар. Мұндай бұрмаланған материалдар БАҚ бетінде де жарияланады. «Майдангерлердің ұрпақтарына құрметпен қараған абзал. Өйткені олар өте қарапайым адам болған. Мысалы, Әбдіразақ Мәмиевті алайық. Ол соғыстан кейін Алматы облысындағы ауылына оралып, ұстаздық еткен. Барлық майдангерлер сияқты ол да соғыс кезін аса құлшыныспен еске алмайтын. Ол кісіден ұзақ уақыт бойы естелік жазуын сұраған екен. Ол естелігін жазып шықты да. Бірақ бар білетінін жазбағанына сенімдімін», – дейді Ләйла Сейсембекқызы. Қазір профессорды қуантатыны – соғыс жайында мамандардан сұрап, егжей-тегжейіне жетуге ұмтылыс. Мысалы, кеңес уақытында соғыс жайында кез келген жанрдағы туынды түсірер тұста тарихшылар мен мамандарды тартқан. Өйткені мамандар таспаланған тарихты тек техникалық, сюжеттік сипатта емес, фактілердің бұрмаланбауын қадағалайды. Сол үшін архивті ақтарып, мемуар оқып, сол тұстағы естеліктер мен газет қиындыларын іздеген жөн. Иә, сол шақта пропагандалық материалдар көп болды. Бірақ оқи отыра, факт пен датаға мән беріп, картина құруға болады. Ләйле Ахметова «1941 жыл. Брест қамалы. Қазақстан» кітабын осындай табандылықпен жазған. Кітаптағы бір бөлімге Әбдіразақ Мәмиевтің ғұмыры арқау болған. Тарихшы Брест қамалына сегіз рет барып, екі апта архив ақтарады. Аңызға бергісіз әңгімелерден шындық іздеп, 1945 жылдағы жеңістің алғаш кірпішін қалаған Брест түбіндегі шайқастың ақ-қарасын ажыратады. Осылайша, кітапта қамалда қаншама қазақстандықтың қаны төгілгенін жазып, қазақ полкінің ерлігін суреттейді. Соғыстан еліне оралған Әбдіразақ Мәмиев жас ұрпақты біліммен сусындатады. 1951 жылдан бастап «Қызыл әскер» бастауыш мектебінің директоры қызметін атқарады. Кейіннен бұл мектептке Әбдіразақ Мәмиевтің есімі беріледі. Ауылдастары соғыс жайында естеліктер сұрай қалса, арда ұл өзінің емес, Брест қамалын қорғауға қатысқан майдандас достарының атын атайды. Мысалы, Мақсұт Ниязов, Әуелбек Сарыбаев, Сауыт Ушуров, Иван Тимошенко, Михаил Костенко сияқты жауынгерлердің ерлігін айтып береді. Мұның өзі Брест қамалын қорғаған әрбір майдангердің ерлігі өшпесін деген ниет болар. ...Соғысқа дейінгі фотосуреттен буденовка киген келбетті қазақты байқаймыз. Жүзі жылы, күлімсіреген, еңсесін тік ұстаған келбетті қазақ. Тіп-тіке қараған жанарынан ойын оқуға болатын тәрізді. Ел басына күн туған шақта ойланбастан от кешетін жауынгер. Өр кеудесін жауға бастырмай, соңына дейін күресетін майдангер. Соңғы оғы қалғанша Отанын қорғауға тырысқан мерген. Ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруін қалаған батыл адам, батыр адам. Міне, біз майдангер, Брест қамалын қорғаушы Әбдіразақ Мәмиевті осылай еске аламыз. Қазақ өз батырларын ұмытпауы тиіс.. «Ер есімі – ел есінде» деген осы шығар. ІІ дүниежүзілік соғыста ерен еңбек еткен, кеудесін оққа төсеген әр майдангердің ерлігі бір-бір кітапқа жүк. Сондай ардақты азаматтардың қатарында Әбдіразақ Мәмиевтің де аты тұратыны анық.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ