Экономист Тимур Әбілқасымов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кеңесшісі болып тағайындалды, – деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.
Агенттіктің хабарлауынша, ол қаржылық тұрақтылыққа, экономикалық-математикалық модельдеуге, банк секторын стресс-тестілеуге қатысты мәселелерге қатысатын болады.
"Тимур Әбілқасымов тағайындалғанға дейін "Radius Advisory Lab" ЖШӘ консалтингтік компаниясының серіктесі лауазымын атқарды, онда ол Қазақстанның және Өзбекстанның коммерциялық банктеріне және ірі холдингтеріне тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару және ХҚЕС стандарттарын енгізу жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша консультация берді. Квазимемлекеттік сектор компанияларында және ЕДБ-да жұмыс істеді, Парламент Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі", - делінген хабарламада.
Тимур Әбілқасымов Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын "бизнес экономикасы" және "мемлекеттік саясат экономикасы" мамандықтары бойынша 2011 жылы аяқтады, Лондон бизнес және қаржы мектебінде "тәуекел-менеджмент" мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған. Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы FRM (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері. Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар.
Әбілқасымов "Қазтеміртранс" АҚ және "Kazakhstan Energy Reinsurance Company" Директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарды, сондай-ақ, М. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді. Тәуекелдерді басқару, модельдеу және қаржы секторы мәселелеріне арналған "Risk Takers" телеграм-арнасының авторы болды.