Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының қақ ортасындағы жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан бозбаланы көлік қағып кетті. Жүргізуші көлігін тоқтатып, зардап шегушінің қал-жағдайын білуге жарамастан оқиға орнынан кетіп қалған.
Куәгерлердің сөзінше, "адамды қағып кеттім, жазатайым жағдай" деп қымсынып тұрған жүргізуші жоқ. Бейне бір өзіне қатысы жоқ іс секілді кейіп танытып, фитнес орталығына тоқтап, жаттығуына кетіп қалған. Сөйтсе, ол жігіт Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің акциздерді әкімшіліктендіру басқармасының басшысы Дамир Нұрғалиевтің ұлы болып шықты.
Ал зардап шеккен 17 жастағы жігіт жетім бала екен. Әжесімен бірге тұрады. Оның өзі жақында инсульт алып, сал болып қалыпты. Сондықтан жасөспірім болған жағдайды үйіне хабарламауын өтінген.
Қазір бозбала ауруханада, ем қабылдап жатыр. Полицейлер болса, медициналық тексеруден кейін не істейтіні белгілі болатынын жеткізді. Әзірге шенеуніктің баласы қандай жазаға тартылатыны әлі белгісіз. Жазаланбауы да мүмкін.
Алайда бұл жағдайға ұлының қатысы барын Дамир Нұрғалиевтің өзі де растады. "Ұлым қолымен істегенін мойнымен көтереді. Жаза басыпты, жазықты екен. Зардап шеккен баланың алдынан өтіп, кешірім сұрадық. Құқық қорғау органдарының жұмысына араласпаймын. Олар не шешеді, сол болады" дейді ол.