Ресейлік саясаткерлер Қазақстан жерінің тұтастығы туралы арандатушылық мәлімдеме жасап, өздеріне назар аудартуға тырысады. Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатын анықтайтын тұлғалар мұндай сөзді ешқашан айтпады, айтпайды да, - деп мәлімдеді Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
"Хабар 24" телеарнасының хабарлауынша, бұл туралы Сергей Лавров саясаткерлердің Қазақстанға қатысты жанжалды мәлімдемелеріне түсінік берген кезінде айтқан.
"Саясаткерлер мансабын түрлі жолмен құрады. Кей саясаткерлер әдейі сенсация іздейді. Кейбірі қарама-қайшы тақырыптарды қозғау арқылы көпшіліктің назарын аудартқысы келеді. Бұған қатысты бізде қалай айтатынын білесіз бе, "жақсы ма, жаман ба маңызды емес, бастысы - газеттер сіз туралы жазса болды", мүмкін соған байланысты шығар.
Бірақ Ресей Федерациясының Қазақстанға қатысты саясатын айқындайтын тұлғалар біздің одақтастығымызға байланысты қандай да бір күмәнді мәлімдемелер жасаған емес, жасамайды да. Екі ел арасындағы келісім бойынша бір-біріміздің егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды, саяси тәуелсіздігімізді толық құрметтейміз. Біз мемлекет басшылары келіскен және қол қойған, парламенттер мақұлдаған және заң саналатын, халықаралық құқықтың бөлігі болатын құжаттар негізінде одақтастық қатынастарды дамытамыз", - Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей СІМ басшысының айтуынша, саясаткерлердің, кей парламентшілердің мұндай күмәнді, кейде арандатушылық мәлімдемелер жасауы - демократиялық өмірдің бөлігі.
"Ең бастысы, халықтар арасындағы қалыпты қарым-қатынасқа сызат түсіретін мәлімдемелер пікірталас алаңдарында қалуға тиіс. Біздің қарым-қатынасымыздың халықаралық-құқықтық негізін бұзатын мұндай мәлімдемелер нақты саясатқа ұқсамайтынына сендіргім келеді", - деп түсіндірді ол.
Бұған дейін Ресей Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов "Бірінші арнадағы" "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстан мүлде қоныстанбаған. Олар (қазақтар - ред.) әлдеқайда оңтүстікте болған. Және, шын мәнінде, Қазақстан аумағы - бұл Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйы" деп мәлімдеген. Қазақстанда ресейлік депутаттың мәлімдемесі үлкен қоғамдық резонанс тудырды.
Никоновтың өзі даулы сөзіне түсініктеме берді. "Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР шекараларын айқындау кезінде Қазақстанның мүдделері толық көлемде сақталды деп ойлаймын. Бұл туралы "Большая игра" бағдарламасында осыны айтпақ болдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бауырлас Қазақстан халқына деген ең жылы сезімдерімді тағы да білдіремін", - деп жазды Никонов Телеграм-каналында.
Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресейлік депутаттардың сөзін "бос сандырақ" деді.