Оралда жас депутаттар корпусының жұмысы басталды
Оралда жас депутаттар корпусының жұмысы басталды
289
оқылды

Nur Otan партиясының 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Ол облыс орталығы Орал қаласындағы бірқатар әлеуметтік өндіріс нысандарының жұмысымен танысып, жаңадан құрылған жас депутаттар корпусының мүшелерімен кездесті.

Мәжілісменнің сапары былтыр ашылған «Отбасы» орталығынан басталды. Бұл жерде мекеменің ішкі тіршілік-тынысымен терең танысып, көп балалы аналармен тілдесті. Оралдағы бұл «Отбасы» орталығы өз жұмысын бастағалы қамқорлыққа зәру мыңнан астам жанға көмек қолын созған. Мұнда негізінен психолог, заңгер және әлеуметтік сұрақтар бойынша бағыт-бағдар беретін мамандар топтастырылыпты. Сонымен бірге нәзік жандарға арналған шеберлік сыныптары ұйымдастырылуда. Орал Келесі кезекте Мәжіліс депутаты аялдаған жер – «Шабыт» шығармашылық орталығы болды. Еліміздегі эпидахуалға байланысты қаладағы біраз мейрамхана-тойханалар өз қызмет бағытын өзгертіп, зәулім сарайларын игілікті іске пайдалануға бергені көпке мәлім. Қазіргі күні жүздеген ұл-қыздың сабақтан тыс кезде сүйікті ісімен айналысып, өз шеберліктерін шыңдауына жол ашқан бұл орталық та күні кешегі тойхана еді. Аталған мекемеге облыстық мәслихаттың жас депутаты Шаттық Өтебалиева жетекшілік етуде. Мұнда ондаған үйірме тұрақты жұмыс істейді. Содан кейін Елнұр Бейсенбаев «Green service company» ЖШС іске қосқан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорынның құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың жас депутаты Азамат Бисеновтің айтуынша, бұл орынға қаладан тәулігіне 200 тонна қалдықтар әкелінеді екен. – Кәсіпорында жиналып қалған қағаз қалдықтарын кәдеге жарату төңірегінде де түйткіл көп. Сұрыпталып үлгерген тұрмыстық қалдықтарды Ресейге шығаруға қойылған мароторий алынғанымен, мемлекеттік кіріс құрылымдарынан құжат рәсімдеп, рұқсат алу оңай шаруа емес. Еліміздегі өңдеу зауыттарына жеткізудің шығыны шаш етектен. Көршілес орналасқан Ресейдің облыстарына экспорттау өте ыңғайлы, әрі көп шығынды талап етпейді. Осы мәселені де Мәжілісте көтерсеңіздер екен, – дейді Азамат Ғимранұлы. Парламент Мәжілісінің депутаты сонымен қатар «Бастау» коворкинг орталығында болып, өңірдің жас депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында Елнұр Бейсенбаевқа ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы аумағында жүзеге асырылатын жас депутаттардың «Серпіліс» жобасы таныстырылды. Жоба аясында әртүрлі деңгейдегі жергілікті мәслихат депутаттары өз аймақтарында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырады. Мысалы, тұрғындарға арналған әртүрлі оқыту курстарын ұйымдастыру, аймақта тазалық жұмыстарын өткізу, волонтерлік қызметтерді жүзеге асыру және тағы басқалар. Сонымен қатар мұқтаж жандарға көмек көрсету бойынша жұмыстарды жүзеге асырады. Жоба негізінен, «Балық берме, қармақ бер» деген принциппен жұмыс жасайды. Яғни, тұрғындардың өз мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, оларға нақты қолдау көрсету. – Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен жас депутаттар корпусы құрылды. Оның құрамына Мәжілістегі және жергілікті мәслихаттардағы 600-дей жас депутат енді. Күні кешегі өткен сайлаудағы Nur Otan партиясы ұсынған бағдарламаларды жүзеге асыру жолында белсенділік танытуымыз қажет. Айта кету керек, жас депутаттар корпусы өңірлер бойынша ең алғашқы болып Батыс Қазақстан облысында өз жұмысын бастады. Бұл жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілген нақты қолдау деп білеміз. Алда тұрған міндеттерді бірлік танытып, бірге атқарсақ ғана еңсереміз, – деді Е.Бейсенбаев.  width= Облыс аумағындағы жергілікті мәслихаттардағы жас депутаттардың саны 52-ні құрайды. Республика көлемінде ашылған Жас депутаттар корпусының Батыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі болып қалалық мәслихат депутаты, жас кәсіпкер Мержан Әбілқас сайланды. Халық қалаулысымен болған басқосуда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың жас депутаттары өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.