Грузияда белгісіз себептерге байланысты 26 жастағы қазақстандық қаза тапты.
"Хабар 24" бұл ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Грузияның Ішкі істер министрлігі растағанын хабарлады.
Марқұмның есімі - Әсел Айтпаева. Оның немере сіңлісі қыздың ажал құшар алдында құрбысына аудиожазба жіберіп үлгергенін айтты. Онда белгісіз ер адамның қоқан-лоққы көрсеткен дауысы жазылып қалған. Сіңлісінің айтуынша, Әсел Айтпаева Грузияға туысқанының шақыруы бойынша уақытша табыс табуға кеткен екен. Бірнеше күн бұрын байланысқа шықпай қалған. Соңғы аудиожазба 5 мамырда келген.
– Басында ешқандай күмән мен күдік болмады. Өйткені шақырған адам туысқанымыз. Екіншіден, ол жақтағылар орыс тілін жетік білетін маманның болмауына байланысты жұмысы жүрмей жатқанын айтты. Ал қазақстандық азаматтар Грузияға көлік сатып алу үшін жиі барады екен. "Грузияда орыс тілінде сөйлейтін адамдар аз, сатылым бойынша кеңес беретін консультант қыз керек", - деді. Асығыс шешім қабылдағанымыз да сондықтан. Тбилисиден 20 шақырым қашықтықта жатқан жерге барған. Аудиожазбада грузиялық азамат қызды қалай қорқытып, ұрғаны туралы айтқан. Менің түсінуімше, әпкем қорлыққа шыдамаған сияқты. Нақты білмедім. Мүмкін ол грузиялық азамат көмектескен болар. Кімнің кімге сес көрсеткенін дөп басып айта алмаймын, - дейді марқұмның сіңлісі Айна Айтпаева.