ҚазҰУ қалашығында «Елбасы саябағы» ашылды
ҚазҰУ қалашығында «Елбасы саябағы» ашылды
164
оқылды
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Елбасы саябағы» ашылды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне бой түзеген ағаштар аллеясына 300-ге жуық алма, шие, қара өрік ағашы отырғызылды. Елбасы білім ордасына келген сапарында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – жаңа Қазақстанның білімі мен ғылымының алдыңғы шебі» деп атап өтіп, ұлттық университеттерге үлкен үмітпен қарайтынын білдірген еді. Сонымен қатар Тұңғыш Президент республикамыздың басқару жүйесінде отырған білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды педагогтардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шыққанын баса айтқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік» деп Ұлт Көшбасшысының  ерен еңбегіне лайықты баға берген болатын. Сол себептен қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Елбасыға айрықша тарту жасау туралы шешім қабылдады. Ағаш отырғызу жұмыстарына карантиндік талаптарды сақтай отырып, арнайы қызметкерлер жұмылдырылды. Естеріңізге сала кетсек, Ұлыстың ұлы күні қалашықта «Ағаштар аллеясы» ашылды.  Онда ұжыммен бірге жалпы саны 300-ден астам қырым қарағайы мен алтай шыршасы отырғызылды. Ғылым қызметкерлері күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қырының» бірі ретінде атап өткен Сиверс алмасының 100-ге жуық көшеті егіліп, ол «Ғалымдар бағы» деп аталды. Алдағы уақытта студент жастар үшін жеміс ағаштарын отырғызу және қалашықты көріктендіру мақсатында  барлық ғимараттар мен жатақханалар маңын көріктендіру көзделіп отыр.