Ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізетін заң жобасы мақұлданды. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бірнеше маңызды жоба құпталды. Оның арасында биылғы бюджетке және «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобалары бар.
Еліміздің басты қаржылық құжаты 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының нақтылануына байланысты қайта қаралып отыр. Түзетулер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын, Мемлекет басшысының Жолдауын және коронавируспен күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыруға бағытталған. Жиында депутаттар бюджетке қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерді. Мысалы, жол сапасы сын көтермейтіні, құрылыстар дер кезінде аяқталмайтыны тілге тиек етілді. – Жасыратыны жоқ, қар түскенде жол төсеп жатқанын бәріміз жиі көреміз. Кейде бір жыл өтпей қайтадан жөндеуге кірісіп жатады. Бұл ненің көрсеткіші? Біріншіден, сапалы конкурс өткізіп, сенімді компания табуға уақыт жетіспейді. Екіншіден, барлық жұмыс асығыс жасалады. Әрине, одан кейін жұмыстың да еш сапасы болмайды. Ал, бюджеттен қаншама ақша кетуде. Өткен айда ол жайында Президент айтты. Қазір республикалық және жергілікті автожолдарды қайта қалпына келтіруге және жөндеуге 140 миллиардтан астам теңге бөлініп отыр. Яғни, тағы бермекпіз, – деген Нұрлан Зайроллаұлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне осынша қаражат бөлінгендіктен, қайтарым мен нәтиже, яғни сапалы жолдар болуы керегін айтты. Н.Нығматулин жаңа бюджет жобасында дәстүрлі түрде әлеуметтік саланы дамыту шығыстары ұлғайтылғанын, ол тағы 374 миллиард теңгеге артқанын алға тартты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылатын іс-шараларды жалғастыруға 90 млрд теңгеден астам сома қосымша беріледі. Шамамен тағы 70 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына шығындалмақ. Коронавирус инфекциясымен күреске 265 миллиард теңгеден көп қаражат жұмсалмақ. Жалпы отырыста «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Оған сәйкес, әкімдікке кандидаттарды саяси партиялар ұсына алады. Сондай-ақ азаматтардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік бар. Заң жобасы арқылы енді барлық деңгейдегі сайлауда бюллетеньдерге «Барлығына қарсы» бағаны енгізілгелі отыр. Саяси партиялар үшін Парламент Мәжілісіне өту шегі төмендетіледі. Сондай-ақ заң жобасында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін тұрғындардың сайлауына қатысты нормалар қамтылған. –Заң жобасы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленді. Онда Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетеньге қатысты ұсыныстары енгізілді. Сонымен бірге, ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды қамтамасыз ететін жаңа нормалар қабылданды. Осының барлығы ел Президентінің саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы бір нақты қадам, – деді Мәжіліс Төрағасы.Айхан ШӘРІП