Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі күні Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинды және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Е.Досаев Мемлекет басшысына биылғы 4 ай ішіндегі ақша-кредит саясатын жүзеге асырудың алдын алу қорытындылары, коронавирус пандемиясының үшінші толқыны кезіндегі әлемдік экономиканың даму перспективалары, сондай-ақ әлемдегі инфляцияның өсуі мен басқа да инфляциялық мәселелер туралы есеп берді.
Ал Аружан Саин Қасым-Жомарт Тоқаевқа балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендетуге бағытталған мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі Жол картасының орындалуы жайында мәлімет берді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Президентке денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру жүйелеріндегі мекемелерде балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғаудың аса маңызды екенін, балалардың құқығына қатысты заңбұзушылықтарға алып келетін кез келген қиянатты іс-әрекеттердің жолы кесіліп, кінәлілер жазалануы керек деп атап өтті.
Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Президентке ұлттық компанияның жұмысы мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында мәлімет берді.
Н.Сауранбаевтың айтуынша, 2021 жылдың бірінші тоқсанында жүк айналымының көлемі пандемияға қарамастан 53,4 миллиард тонна шақырымды құраған, бұл өткен жылғы осы кезеңнің деңгейімен сәйкес келеді. Биылғы қаңтар-наурыз айларында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісінде 60 миллион тоннадан астам жүк тиелді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық. Ел ішінде 40 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды, аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға өскен.