1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихқа мәңгі таңба қалдырды. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрысқа қатысты. Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Беларусьті, Балтық бойын, Молдавияны азат етті. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Еуропа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуге атсалысты. Соғыс жылдарында майдан шебінде қазақтың көрнекті тұлғалары мен ақын-жазушылары Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша қайсарлық танытып, Кеңес Одағы сарбаздары сапында ерлік көрсетті. Хакім Абайдың немере-шөберелері Берекехан мен Жошыхан Мағауиндер, Әлихан мен Қапсәләм Ақылбаевтар, Құзайыр мен Қалышер Мекайыл балалары, Тоқташ Ізкәйілұлы, Алпаш Жебрәйілұлы, Ишағы Жағыпарқызы сияқты майдангерлер Отанын жаудан қорғап, кескілескен қан майданда жанын қиды. Ұлы Отан соғысына қатысқан Абай Құнанбайұлы ұрпағының жиыны – тоғыз адам.
Жошыхан Жағыпарұлы Мағауин (1924-1943) – данышпан ақын Абай Құнанбайұлының шөбересі. 1924 жылы бұрынғы Семей облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. Жошыхан 1934 жылы әкесі Жағыпар қайтыс болғаннан кейін апасы Ишағы, қарындасы Ғазел үшеуі Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ол Алматы қаласындағы №12 мектеп-интернатты бітіріп, 1942 жылы майданға аттанады. 1943 жылдың тамыз айында Харьковті азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза табады. Абай музейінің қорында Жошыхан Мағауиннің майдан шебінде жүрген кезінен хабар беретін бірнеше хаты сақталған. Ұлы ақын ұрпағы өзінің хаттарын әпкесі Ишағы, қарындасы Ғазел, ағасы Шәмен сияқты жақын туыстарына арнап жазған болатын.
Берекехан Құтайбаұлы (1919-1942) – Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі. Семейде 7-сыныпты орысша оқып бітірген. Шығыс Қазақстан облысы Новошульба ауданында Уба-Форпост ауылдық кеңесінен әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Абай музейінің қорында Берекеханның оннан астам хаты сақталған.
Тоқташ Ізкәйілұлы (1924-1943) – Абайдың немересі. Ол музыкалық аспаптар домбыра, баянда ойнап, Абай әндерін әуелете шырқаған өнерпаздардың бірі болған. Тоқташ неміс фашистеріне қарсы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы қаза болған. Құзайыр Мекайылұлы (1912-1945) – Абайдың немересі, бай тұқымы ретінде жер аударылып, елден қуылған. Фрунзе қаласына барып паналап, қара жұмыс істеген. Сол жерден әскерге алынып, 1945 жылы майданда қаза тапқан.
Әлихан Әубәкірұлы (1918 - ө.ж.б.) – Абайдың шөбересі. Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен. Алпаш Жебрәйілұлы (1922-1990) – Абайдың баласы Тұрағұлдың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл Абайдың інісі Оспанның атына жазылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралған. Алматы қаласында тұрып, 1990 жылы дүние салған.
Қалышер Мекайылұлы (1921-1942) – Абайдың немересі. Қалышерге байдың тұқымы деген айып тағылып, жер аударылған. Фрунзе қаласынан әскерге аттанып, Отан соғысында 1942 жылы қайтыс болған. Қапсәләм Әубәкірұлы (1907-1943) – Абайдың шөбересі. Ұлы Отан соғысында 1943 жылы қайтыс болған. Абайдың немере-шөберелерінің мұражай қорында Ұлы Отан соғысы жылдарында майданнан жазған хаттары сақтаулы. Абай ұрпақтарының бұл сәлем хаттары Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық ыстық сезімге толы.
Ишағы Жағыпарқызы – 1922 жылы Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында туған. Ол Абайдың ақын ұлы, «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» поэмаларының авторы – Мағауияның баласы Жағыпардан тараған Абайдың шөбересі. Ишағы Жағыпарқызы интернаттың 9-сыныбында оқып жүргенде соғыс басталады. Алдымен отбасындағы ұлдар майданға аттанған. 20 жастағы Ишағы Жағыпарқызы майданға өз еркімен сұранып, 1942 жылы 2 мамырда майданға жіберіледі. Жастайынан «Осавиахим»-ге мүше болып, мылтық атуды үйренген Ишағы Жағыпарқызы Хабаровск қаласындағы авиацияның кіші мамандарын даярлайтын мектепке жіберіледі.
Авиацияның кіші қызметкерлерін дайындайтын курсты оқып бітіріп, авиаатқыш мамандығын алып, соғысқа аттанады. Қиыр Шығыс майданының 307-авиаполкінде Харбин маңында авиация технигі болып қызмет еткен Ишағы Жағыпарқызы «шебер атқыш» деген атаққа ие болады. И.Сталиннің 1945 жылғы 23 тамыздағы №372 бұйрығымен Манчжурия аумағындағы Жапонияға қарсы ұрысқа қатысып, көрсеткен ерлігі үшін Ишағы Жағыпарқызына алғыс жарияланады. Ишағы Жағыпарқызы – Ұлы Отан соғысына қатысқан Абай ұрпағының тоғызының ішіндегі аман оралған екеудің біреуі. Соғыстан кейін 1946 жылы Алматыға келіп Қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Қолында әпкесі мен сіңлісі болғандықтан, оқуды аяқтамай, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының сырттай оқу бөліміне ауысады.
1954 жылы Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне жұмысқа орналасады. Сол жерде 40 жылға жуық кадр бөлімінде қызмет істеп, 1988 жылы зейнеткерлікке шығады. Көзі тірісінде Абай ұрпақтарына қатысты құнды деректердің жариялануына өз септігін тигізді. 2014 жылғы 12 маусымда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шөбересі, асылдың сынығы Ишағы Жағыпарқызы 92 жасында дүниеден озды.
– Қолда автомат,
темір телпек басымда,
Бейне серік сен жүргендей қасымда.
Күш еселеп соққы берем жауыма,
Жеңіс жақын, сен мұңайып жасыма.
Осы шығарманың авторы –Жошыхан Мағауин. Бұл өлең ажалмен арпалысқан ақын ұрпақтарының аза жыры. Тасқа басылған таңбасы. Ақындық пен батырлық танытқан Абай ұрпақтары жүріп өткен жолы мен кешкен ғұмыры. Отан үшін жанын қиған Абай Құнанбайұлының ұрпақтары халықтың есінде мәңгі сақталмақ. Оларды біз сарғайған тарих парақтарынан тауып, көздің қарашығындай сақталып, бүгінге жеткен хаттар арқылы жадымызда жаңғыртарымыз анық.
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік қорық-музейінің
ғылыми қызметкері