Жеңісті майданда ерлікпен, тылда еңбекпен жақындатты
Жеңісті майданда ерлікпен, тылда еңбекпен жақындатты
371
оқылды

Адамзат тарихында мемлекеттер арасында 15 мыңнан астам ірілі-ұсақты соғыстар өтіпті. Солардың ішінде адам өлімі мен оған қатысушы мемлекеттердің көптігі жағынан ең ала­паты – Екінші дүниежүзілік соғыс. Оған әлемнің 72 мем­лекеті қатысып, 62 миллион адам ажал құшты.

Осынау сұрапыл соғыс тақырыбында мыңдаған кітап пен он мыңдаған мақала жарияланды. Енді қырғын жылдар бізден бірте-бірте алыстаған сайын оған деген көзқарасымыз да өзгере түскен. Баяғы көзсіз сеніп келген жағдаяттар соны қырынан көріне түсті. Әсіресе, Кеңес Одағы кезінде коммунистік идеология сарынымен жазылған еңбектердің ақтаңдақ тұстары ашыла бастады. Әлі ашылмай жатқандары қаншама?! Бүгінде мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай қайтадан зерделенгені дұрыс.

Қазақстандықтардың батырлық үлгісі

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы есепке сүйенсек, сол кезде республикада 6,2 млн адам тұрса, соғыс басталғанда қолына қару алып, майданға аттанғандар саны 1 млн 200 мың шамасында болыпты. Соғыстан олардың 601 мыңы тірі оралмады. Қазақстаннан 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизия­сы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальон жасақталған. Қазақстандық 528 адам ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының ең жоғары атағы – Кеңес Одағының Батыры атанды, 100-ден астам адам «Даңқ» орденін иеленді. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды. Ал қазақстандық 4 ұшқыш «Кеңес Одағының Батыры» деген құрметті атақты 2 мәрте иеленді. Оның ішінде аты аңызға айналған Талғат Бигелдинов те бар. Днепр үшін болған шайқаста 18 жастағы Жәнібек Елеуісов қазақтар арасындағы ең жас «Кеңес Одағының Батыры» атанды. Ол Ресейдің Алтай өлкесі Тұрат ауылының тумасы еді. Ал Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденінің иегері болды. 2001 жы­­лы оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі батыр қызы: мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова да бар. Кейін тәуелсіз еліміздің ең жоғарғы мәртебесі «Халық қаһарманы» атағы ержүрек үшінші қызымыз Хиуаз Доспановаға берілді. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға үлес қосты. 1941-1945 жылдары КСРО-дағы әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық білім алуға аттанса, нақтыланбаған ақпарат бойынша, Қазақстанның аумағында соғыс жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны 16 000 офицер дайындап шығарған. Көрнекті  орыс  жазушысы И.Эрен­бургтың 1941 жылғы қазан айында «Правда» газетінде жарияланған «Қазақтар» деген мақаласында Мәскеуді қорғаған 8-ші гвардиялық дивизия туралы былай дейді: «...Бір фриц маған «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен тіпті ешқандай да оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп, жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін білмеп едім», – деді. Расында, фрицтер көп нәрсені білмеуші еді. Оларға Ресейден кең-байтақ екенін ғана айтып, ал ол елді көптеген халықтардың мекен ететінін жеткізбеген екен. Шығыстың кең даласында ежелден қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына көндіккен ер­жү­ректер тұрады. Оларды «қазақтар» дейді. Осы батыр елдің айбынды ақындары өздерінің даңқты ерлерін таңды таңға ұрып жырлайды. Себебі бұл елдің сарбаздары «Жаным – арымның садағасы» деп біліп, ең алдымен намысын жатқа бермеген» деп жазды. Ал ағылшын тарихшысы Александр Врт «Ресей 1941-1945 жылдарындағы соғыста» деген кітабында «Қызыл Армияның табанды солдаттарының бірі қазақтар болды, соғыс­та олар ерекше батылдығымен көзге түсті, тіпті Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды» деп ашып айтты.

Партизандық соғыс

Қазақстандық сарбаздар жау тылында қалған өңірлерде партизандық күреске де белсене аралас­қан. Ұлы Отан соғысы жылдары 3 500 отандасымыз партизан отрядтары қатарында болды деген мә­лімет бар. Тарихшылардың айтуынша, олар Украина мен Беларусь елдерінің батыс аудандарында, Молдавия мен Балтық жағалауларында фашистік Германияға қарсы со­ғысқан. Солардың ішіндегі есімдері ерлік істері арқылы жалпақ жұртшылыққа кеңінен танымал болған Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин, Әди Шәріпов, Сәтімбек Төлешов, Нұрым Сыдықов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров сынды батыр ұлдарымыз бен Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова есімді қыздарымыз да бар.

Соғыс жылдарындағы өнеркәсіп

Фашистік Германия КСРО-ның батыс аудандарын басып алған соң негізгі әскери-өнеркәсіп кешендері Сібір мен Қазақстанға көшірілді. Қысқа уақыт ішінде республика аумағына 142 кәсіпорын көшіріліп, 532 506 адам қоныс аударды. 1,5 жылдың ішінде елімізде 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші, Атыраудағы (Гурьев) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола Магнитогорск теміржол желілерінің құ­рылысы аяқталды. Қазақстанда жалпыодақтың мыс құймасының 30%, марганец кенінің 60%, мыс кенінің 50%, висмуттың 65%, полиметалл кендерінің 70%, мырыш өнімінің 85%-ын өндірілді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі қазақ жерінде өндірілді. Сондай-ақ Қазақстан 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 млн 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 млн дана жылы киім және басқа да өнімдерді майдан даласына жіберді. Қа­зақ­тар майданға 110 мың жылқы, жаудан азат етілген аудандарға 500 мың басқа да төрт түлікті жөнелтті.

Халықтың ауызбіршілігі

Тарих ғылымдарының докторы Қалқаман Жұмағұлов Қазақстанның соғыс кезінде жауды жеңуге қосқан үлесі аз болмағанын айтады: – Қазақстанның соғысқа қос­қан үлесі зор болды. Әсіресе, жеке адамдар мұндай қысылтаяң шақта ерлікпен, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы қазақстандық комсомолдар өз ақшаларына кеңес әскеріне 45 жаңа танк жіберді. Ке­йін халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды. Жалпы айтқанда, қазақстандықтар соғыс жылдарында қорғаныс қорына 1 млрд сом қаржы аударды, – деді тарихшы. Сонымен бірге соғыс жылдары қазақ халқының жалпыадамзаттық құндылық­тарға адал болғанын да атап өту ке­­рек. Қазақ халқы соғыс уақытында Қазақстанға жер аударылған шешен, ингуш, неміс, қарашай, балқар, қырым татары қатарлы көп­теген халыққа қамқор болды. Олар­­ға қырын қараған жоқ. Осылайша, көптеген этнос өкілдерін аштық пен ауру-сырқаудан аман алып қалды. Әрине, халқымыздың осынау жан­қиярлығы соғыс кезінде дұшпанға қарсы күреске қосылған үлес ретінде бағаланбауы мүмкін. Алайда адам­гершіліктің айрықша үлгісі еді. Дегенмен Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фа­шизм­ге қарсы күреске қосқан үле­сін нақты есептеп, бағалау қиын.

Дәулет АСАУ