Жастар Отан қорғауға дайын ба?
Жастар Отан қорғауға дайын ба?
560
оқылды

Бүгінде әскерге аттанғандар қатары сиреп бара жатқандай көрінеді. Бірі әскери тәртіпті жатсынса, енді бірі уақытын зая санайды. «Қазіргі кезде әскердің қажеті жоқ» деген сөзді де естіп қаламыз. Әйткенмен, әскер қатарында болу әр азаматтың ел алдындағы парызы екенін ескерген жөн. Сонымен, ел жастары Отан алдындағы борышын өтеуге әзір ме, олар қандай пікір айтады?

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сенсек, биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскерлері мен әскери құры­лымдарға мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық азамат шақырылмақ екен. Осылайша, жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеген адамдар толығып отырады. Жалпы, әскердің де негізгі өзегі жастар екенінде дау жоқ. Сондықтан кез келген мемлекеттің Қарулы Күші тікелей жастарға байланысты. Ал бұл тұста патриотизмнің рөлі маңызды.

Патриотизмнің өлшемі не?

Былтыр «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы дәл осы патриотизм тақырыбында сауалнама жүргізген. 2 мың қазақстандық қатысқан сауалнама нәтижелеріне қарап, жастардың дені борышын өтеуден жалтарады дей алмаймыз. Отаншылдық, яғни патриотизм жеке тұлғаны құндылық ретінде бағалап, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың негізгі факторы екені анық. Зерттеу нәтижелері бойынша, елі­міздегі жастарға «пассивті» патриотизм тән, оның үстіне патриотизмді эмоционалды-сезімдік қабылдау басым. Сонымен, респонденттердің 53,3 пайы­зы патриотизмді өз еліне деген сүйіспеншілік, құрмет және мақтаныш сезімдерімен байланысты санаған. Ал жас­­­тардың 38,9 пайызы патриотизмді әс­­кердегі қызметпен, Отанын қорғауға әзір­лікпен өлшепті. Демек, өскелең ұрпақ арасында әскер қатарында болуды өзіне міндет санайтындар аса көп болмаса да, жетерлік. Ал зерттеуге қатысқандардың 32,1 пайызы патриотизмді өмірдегі адалдық және әдептілікпен ұштастырса, 28,3 пайызы ел игілігі үшін атқарылатын жақсы, адал жұмысты алға тартыпты. Бір қызығы, сауалнамаға қатысқан бір азамат «мүлдем патриот емеспін» десе, 50-ден астам адам патрио­тизм туралы сұрақтарға жауап беруге қиналған. Дегенмен патриотизмді тек жастарға тән деуге болмас. Респонденттер пат­рио­тизмді барлық жас топтарына – жас­тарға да, орта және қарт адамдарға да (46,6%) бірдей тән деп санаған. Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, патриотизм сезімі орта жастағы адамдар мен қарт адамдарда біршама бәсеңдейді екен. Қош, сонымен бұл сауалнама нәтижелерін бөлек қойып, әскерге қатысты жастардың пікірін тыңдаған едік. Мәселен, өзі ақпарат саласында жұмыс істейтін Мұхтар Сержан есімді азамат әскер қатарында болудың аса қатты қажеттілігі жоқ деп ойлайды. – Егер әскери адам болып қызмет атқарғың келсе, Қарулы Күштер құрамында болғаның жөн. Жалпы, өз басым әр азаматқа әскери борышын өтеуді міндетті санар едім, егер әскери адамдар балағаттап сөйлеуін, өзін тым дөрекі ұстауды тыйып, өз саласының маманы болуға қарай ұмтылыс жасаса, – дейді ол. Бірақ мұнымен келіспейтіндер бар. Данияр Жалғасұлы есімді азамат ке­лісімшарт арқылы Қарулы Күштер қатарында қызмет етеді. Оның ойынша, «әскер адамды өмірге бейімдеп, шынықтырушы» екен. – Әртүрлі пікір айтылады. Дегенмен ер азаматты өмірдің қиын кезеңдеріне төтеп бере алатындай етіп жауапкершілік жүктейтін әскери өмір. Кейбір жасық немесе бойкүйездікке салынып кеткен жастарды тәрбиелеп шығуда маңызы зор. Патриотизмді арттырудағы да рөлі аз емес, – дейді ол. Қорыта айтқанда, жастар жағы толықтай Отан қорғаудан басын алып қашпайды. Әскери борышын өтеуді жеке басы үшін парыз санайтындары жетерлік. Әйткенмен, теріс пікір айтушылар да бар. Әйтсе де, кез келген адамның пікірін орынсызға баламаспыз.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ