Көзсіз ерлік, батырлық, өрлік жаугершілік пен соғыста ғана сомдалмайды. Қоғамда болып жататын оқыс оқиғалар кезінде өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тігіп, ажал аузындағы адамды құтқарып қалу да қаһармандық. Мұндай азаматтар Жамбыл облысының ішкі істер саласында аз емес.
2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған террорлық актіні ешкім ұмыта қойған жоқ. Қарашаның таңында қала тыныштығын қашырған лаңкес Мақсат Каримовты тоқтатқан жол полициясы жеке батальоны 1-ші взводының командирі Ғазиз Байтасов өзгелердің қауіпсіздігін өз өмірінен биік қойып, ерлікпен қаза тапты. Оқ пен отқа кеудесін тосқан батыр ұлымызға Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Мұндай көзсіз ерлік ішкі істер органы қызметкерлерінің ғана емес, кейінгі ұрпақтың да жадында ұмытылмасы анық. Қарашадағы қанды оқиға кезінде Тараз қалалық Ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімі қоғамдық тәртіпті сақтауды және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшесінің инспекторы Самат Алашев те қылмыскерді құрықтауда танытқан ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Иә, сөз жоқ, бұлар бейбіт күннің батырлары. 1998 жылдың тамыз айы. Полиция аға лейтенанты Нұрғали Омаров өзіне бекітілген аумаққа кешкі кезекшілік жүргізіп келе жатады. Бір сәтте №9 ықшамауданында орналасқан «Жібек жолы» базарында екі белгісіз азамат суық қарумен саудагерді қорқытып, ұрып-соғып жатқанын байқап қалады. Омаров өзінің жалғыз екеніне қарамастан және өз өмірі мен денсаулығын екінші орынға қойып, бұзақыларды тоқтатуға әрекет жасайды. Алайда мас екі азамат оның ескертуін елемей, қарсылық көрсетіп, бұзақының бірі полицейдің ішіне және көкірек тұсына пышақ салып, ауыр жарақаттайды. Нұрғали пышақ тиген тұстан қан саулап, өзінің қансырағанына қарамастан, екі күдіктіні жібермей ұстап, қалалық Ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жеткізген соң есінен танып құлайды. Нұрғали Өлкебайұлы осы ерлігі үшін Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Бүгінде батырымыз полиция подполковнигі шенінде зейнет жасына шығып, құрметті еңбек демалысында. 2005 жылдың ақпан айында кезекші бөлімге Тараз қаласының тұрғыны «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін бейтаныс адамның айдап әкеткені туралы арызданады. Жедел қаладан сыртқа шығатын жолдарды бекіту туралы бұйрық келіп түскенде, Тараз–Алматы жолын қадағалайтын Талғат Жартыбаев өзінің қызмет көрсететін аумағына бақылауды күшейтеді. Ол Жамбыл даңғылымен келе жатып қарсы бағыттағы жолдан ұрланған автокөлік нөмірін байқап қалады. Жүргізушінің құжатын сұраған полицейді күдікті автомобильмен қағып, қаша жөнеледі. Өзіне төнген қауіпті елеместен, Талғат көлікке жармаса кетіп, алдыңғы терезесін білегімен сындырып, қылмыскерді құрықтайды. Полиция капитаны, ІІД Жол-патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы Талғат Жартыбаев бұл ерлігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. 2006 жылдың 30 қаңтарында Алматы–Ташкент тасжолының бойымен Қырғыз Республикасы Президентінің кортежі өтеді. Көрші мемлекет басшысының кортежін Жамбыл облысы аумағынан алып жүру полиция сержанты Қайсар Самбетовке жүктеледі. Ресми тұлғаларды өңір шекарасынан шығарып салу сәтінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Вольво» автокөлігі бұрылу маневрін сәтсіз орындап, кортежбен бетпе-бет келеді. Осы сәтте полиция сержанты көлігінің рулін бұрып, «Вольво» автокөлігінің соққысын өзіне қабылдайды. Осы оқиғадан бір апта өткеннен кейін Қырғыз мемлекетінің өкілетті делегациясы жол полициясы қызметкеріне Қырғыз мемлекеті президентінің жеке алғысын білдіреді. Ал қызметтік міндетін мінсіз атқарудағы ерлігі үшін Қайсар Самбетов Елбасының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. 2014 жылдың 30 тамызы. «Ауыл-Береке» базарының ортасында тұрған қара түсті «Ауди-80» маркалы жеңіл автокөлігі отқа оранады. Жалынды алғаш байқаған учаскелік полиция пунктіндегі қызмет орнында отырған Тараз қаласы ІІБ 2-ПБ жедел уәкілі полиция капитаны Ғалымжан Боранғазиев өрт сөндіргіш құрылғысын ала жүгіріп, өртті сөндіруге кіріседі. Бір сәтте автокөліктің есігін ашқан ол жантүршігерлік көріністің куәсі болады. Автокөлік салоны бірнеше газ баллонымен және жанармаймен толтырылған канистрлерге толтырылған екен. Полиция капитаны Боранғазиев газ баллондарының кейбірінің жарылып жатқанына қарамастан, жанкештілік танытып, өртті дер кезінде сөндіреді. Осылайша, жақын маңда орналасқан 4 000 кәсіпкер мен 1 500-ден аса тұтынушының өміріне төнген қауіптің бетін қайтарады. Кейіннен белгілі бір топтар тәртіпсіздік ұйымдастырып, «Ауыл-Береке» базарына орасан шығын келтіріп, қаланы дүрліктіруді мұқият жоспарлағаны белгілі болды. Алайда полиция капитанының ерлігінің арқасында бұл жымысқы ойлары жүзеге аспай қалды. Өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету барысында танытқан батылдығы мен ерлігі үшін Ғалымжан Боранғазиев Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Біз баян еткен бұл азаматтар ерлігімен танылған құқық қызметкерлерінің бірқатары ғана. Бұдан бөлек, ел тыныштығы жолында қаһармандық танытқан тәртіп сақшылары аз емес. Әрқайсысының жанкештілік оқиғалары мен батырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Міне, осы бейбіт күннің батырларын біліп, құрметтеуге міндеттіміз. Өйткені нағыз ерлік, қаһармандық, батырлық – мыңның бірінің бойында ғана болатын қасиет.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы