«ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Сауырбаев брифинг өткізіп, 2019 жылғы тасымал қызметінің қорытындысы жайында жан-жақты ақпарат берді. Мәселен, былтыр қазақстандық теміржол желісі бойынша 255 млн тонна жүк тиелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 261 мың тоннаға артық.
– Бұл – соңғы алты жылдағы рекордтық көрсеткіш. Тиелген жүктің үштен бір бөлігі, яғни 82,5 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді. Акционерлік қоғамның негізгі қызметінен түскен табыс 2019 жылы 930 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайыз көп, – деді Қайрат Сауырбаев.
Брифинг барысында жүк тасымалдау көлемі 2018 жылы химиялық тыңайтқыштар, темір, түрлі түсті рудалар, құрылыс материалдары мен мұнайдың есебінен өскені айтылды.
Қ.Сауырбаев ұлттық тасымалдаушы тұрғындар мен коммуналды-тұрмыстық кәсіпорындарға көмір мен астық сияқты әлеуметтік маңызы бар жүктерді тасымалдау жоспарын жыл сайын толық көлемде орындайтынын атап өтті. Ол үшін вагондар да жеткілікті екен.
– Тасымалдаушы мен қазақстандық вагон иелерінің, атап айтқанда, «Қазтеміртранс» АҚ мен «Астықтранс» АҚ көмір мен астық тасымалына қатысты өтініштерді 100 пайыз орындады, – деді ол.
Бас директор 2020 жылы қандай бағытқа басымдық берілетінін де тілге тиек етті.
– Биыл ҚХР темір рудасын, астық пен бұршақ дақылдарын, Орталық Азия елдеріне бағытталған құрылыс жүктерін, цементті экспорттау және транзит өсімі есебінен тиеу көлемін 2,5 пайыз арттыру көзделіп отыр. Қазақстандық көмірді Өзбекстанға және ҚХР арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тиеу артады деп жоспарлануда, – дейді Қайрат Сауырбаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, компания отын шығынын 51 млн тоннаға азайтқан. Бұл көрсеткішті ақшалай санасақ, 10,7 млрд теңге үнемделгенін байқаймыз.
Қазақстан аумағында тасымал құжаттарының 94 пайызы қағазсыз технология бойынша рәсімделген. Жалпақ тілге көшірсек, 10 мыңнан астам келісімшарт электронды ақшамен есептелген.
Сондай-ақ Қытай, Әзірбайжан, Қырғыз теміржол әкімшіліктерімен электронды мәліметтер алмасу туралы келісімге қол қойылған. Экспорттық-импорттық қатынаста қағазсыз технологияның интеграциясы ары қарай да жалғаса бермек.
Ерсайын БАҒДАТ