Қазақстан Үндістанға гуманитарлық көмек жібермекші
Қазақстан Үндістанға гуманитарлық көмек жібермекші
207
оқылды

Қазақстан Үндістанда коронавирустың өршуіне байланысты гуманитарлық көмек жібермекші. Бұл туралы Мемлекет басшысы Премьер-министр Асқар Маминді қабылдауында айтты, деп жазды Ақорданың сайты.

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Үндістандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты 6 миллионның медицина бетпердесін, 400 мың респираторды, 50 мың обаға қарсы арнайы киім және елімізде өндірілген 105 жасанды жолмен дем беру аппаратын гуманитарлық көмек ретінде жіберуді тапсырды. Сонымен бірге, Премьер-министр Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу барысы туралы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін баяндады. Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын айтты. Ол COVID-19-дың таралу қарқыны бойынша Қазақстанның "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа өткенін мәлімдеді. "Азаматтарды вакциналау қарқыны артып келеді. 1 миллион 565 мың адамға бірінші компонент салынса, 460 мың адамға екінші компонент егілген. 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында тәуліктік вакцина салу қарқыны 12,6 есе өскен. Кеше Қазақстанда 140 мыңға жуық адам вакцина салдырды", - деп баяндады Асқар Мамин. Премьер-Министр Президентке бизнесті қолдау жұмыстары жайында мәлімет берді. Қызмет көрсету саласында "ASHYQ" қосымшасын пайдалану ісі белсенді түрде артып келе жатқаны айтылды. Қазіргі уақытта жүйе 3 мыңнан астам бизнес субъектілерін және еліміздің 720 мың тұрғынын қамтып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдері, сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамту, азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру шараларын іске асыру туралы ақпарат берілді. Монополияға қарсы шаралар аясында Үкімет бизнес субъектілерінің арасында бағаға қатысты сөз байласуды болдырмау жөнінде жұмыс жүргізуде. Үкімет басшысы негізгі 29 азық-түлік тауарының 23-і бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі қамтамасыз етілгенін, қалған түрлері бойынша нарықтың ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу көрсеткіші 80 пайыздан төмен екенін атап өтті. Ұлттық экономиканың өзін-өзі қамту шаралары шеңберінде биыл 35 сүт-тауар фермасы, 2200 гектар бақ, 3 ет комбинаты, 5 құс фабрикасы, балық өндіретін 4 шаруашылық іске қосылады. Сонымен қатар азық-түлікті тұрақтандыру қорлары құрылды, айналымға қажетті қаражат бөлінді, оларға азық-түлік жеткізуді қамтамасыз ету үшін алдын ала сатып алу жүзеге асырылды. Әңгімелесу барысында шетелдік инвестицияларды ел экономикасына тарту жөнінде қабылданып жатқан шаралар қарастырылды. Кездесу соңында Президент халыққа вакцина салу жұмысының қарқынын төмендетпеуді, азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауды тапсырды. Мемлекет басшысы өте қысқа уақытта коронавирусқа қарсы вакцина жасап, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеген қазақстандық мамандардың еңбегін оң бағалады.