«Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалына талантты жас ақын, мүмкіндігі шектеулі жан Дәмен Даулет әлеуметтік желілер мен аудандық баспасөз беттерінде жарық көріп жүрген жауһар жырларын жинақтап, жыр жинағын (кітап) шығаруға ниетті екенін айта келе, көптен күткен арманын орындап, демеушілер есебінен жыр жинағын шығаруға ықпал етуді сұрайды.
«Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық партия төрағасы, аудан әкімі Салыхан Сабырұлы талантты жас ақынды жеке қабылдады. Қабылдау барысында аудан әкімі Салыхан Полатов: «Сыртыңнан бақылап жүремін. Аудандық қоғамдық-саяси Sozag uni газетінен, әлеуметтік желілерден өлеңдеріңді оқыдым. Жігерлі, сөзге шешен жігітсің. Мұқалмай, өзің қатарлы замандастарыңа үлгі болуың керек. Біз сендей азаматтарды қашанда қолдауға әзірміз. «Жастар ресурстық орталығы» КММ арқылы демеушілік жасап, жыр жинағыңды шығарып береміз», – деді.
Сондай-ақ, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жеңісәлі Бақытжанұлына тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды. Аудандық партия төрағасы мүмкіндігі шектеулі жан болса да, мойымай алға ұмтылып, көптің назарында жүрген Дәмен Даулеттің алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Жас ақын «Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалы ұжымы мен партия төрағасына алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.