Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жыл басынан бері карантин талаптарын айрықша көп бұзған өңірлерді атады, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің карантин шараларын сақтауына қатысты мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, 2021 жылғы 1 қаңтары мен 5 мамыры аралығында мониторингтік топтар 76 995 рейд жүргізіп, 481 280 нысанды тексеріп шыққан.
Тексеру нәтижесінде 14 198 (2,9%) заңбұзушылық анықталды.
«Карантин талаптарын бұзу деректерінің басым көпшілігі мына өңірлерде: Шығыс Қазақстан облысы (3 538), Түркістан (2 198) облысы, Алматы қаласы (1 996), Шымкент қаласы (1 596) және Алматы облысында (955) тіркелген», — делінген комитет хабарламасында.
Мониторинг барысында анықталатын негізгі заңбұзушылықтар: карантин кезеңінде қызметіне тыйым салынған объектілердің жұмыс жасауы, шектеу режимін сақтамау, шамадан тыс адам жинай отырып, бұқаралық іс-шаралар өткізу және т.б.
«Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу деректерін анықтау бойынша мониторингтік бақылау топтары мынадай шаралар қабылдады: 2 502 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, 2 292 нұсқама берілді, 268 материал сотқа жолданды, 70 объектінің қызметі тоқтатылды. Нәтижесінде 8 147 кәсіпкерлік нысан мен 6 371 жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 1,114 млрд теңгеден астам айыппұл салынды», — делінген хабарламада.
Айта кету керек, азаматтардың басым көпшілігі қоғамдық орындарда бетперде тағып жүру режимін бұзғаны үшін айыппұл арқалаған.