Блогер болдың, жүгенсіз кеттің
Блогер болдың, жүгенсіз кеттің
kwa@weareorigami.com.au
648
оқылды
Биыл блогер мәртебесін анықтайтын заң жобасын әзір­леу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады. Бұған 2019 жыл соңында жолаушыларды қазаға, елді азаға ұшыратқан Bek Air ұшағының апаты түрткі болғанға ұқсайды. Себебі әуе­ком­паниясындағы заңсыздықтарды бүркемелеуге біраз бұрын дабыл қағып, қоғамдық пікірден дауыл туғызып, ме­морганның қол-аяғын жіпсіз байлап-матап тастаған лоб­бист блогерлер ықпал етті. Сарапшылардың айтуын­ша, Қазақстан – сөзі мен әре­кетіне жауапсыз «жабайы бло­герлер елі». Өйткені тіпті да­мыған мемлекеттерде, со­ның ішінде демократия мен ер­кіндіктің тірегі ретінде на­сихатталатын АҚШ-та да олардың қызметі заңмен рет­теледі.  

Еркіндік пен қауіпсіздік – қайшы ұғым ба?

Алматы маңындағы әуе апа­тынан кейін арынды блогерлер та­рататын ақпаратты заң аясында «ауыз­дықтау» мәселесі көте­рілді: 2016 жылы Азаматтық авиа­ция комитеті барлық әуета­сы­мал­дау­шыдан IOSA ұшу қауіп­­сіздігінің халықаралық ау­дитінен өтуді та­лап еткен. Халықаралық тексеріс абы­рой әкелмесін түсінсе керек, Bek Air компаниясы жазылушы­лары он мыңнан асатын бірнеше бло­гермен ынтымақтасып, IOSA сер­­тификатының қадірін түсіруге күш салды, жұртшылықты «өз жеріміз­де қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін жатжұрттықты тартпаған жөн» екеніне сендірді. – Уақыт көрсеткендей, сол бло­герлер жолаушы қауіпсіздігіне кесір келтіріп, әуекомпания мүд­делерін кез келген жолмен ілге­рілетуге ұмтылған. Бұл ретте ұлт­тық мүддені қорғаған сыңай та­нытты, тірліктерінің ақысы төлен­ген жарнама мен лоббизм екенін жазылушыларынан жасырып қалды. Блогердің өз аудиториясы мен қоғам алдындағы жауап­кер­шілігі маңызды. Сондықтан «Бұ­қаралық ақпарат құралдары ту­ралы» заңға өзгеріс енгізіп, 10 мың­нан астам жазылушысы бар блогерлерді БАҚ деп тануды ұсы­намын, – дейді белгілі қоғам бел­сендісі Лаура Маликова министрге жазған хатында. Ол блогерді «пост коммерция­лық мақсатта жазылды» деп көрсе­туге міндеттеуді ұсынады. «Сонда азаматтар ақысы төленген жар­наманың шындыққа жанаспауы ықтимал екенін түсінеді. Әрине, блогерлер қоғамдағы әртүрлі ­түйт­кілді мәселені шешуге үлес қосады. Бірақ қауіпсіздік үшін лоббис­терді тізгіндеу керек», – дейді Л.Мали­кова. Жалпы, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес, БАҚ дегеніміз – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле және радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурс­тарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз таратудың басқа да нысаны. Тиісінше, заң жүзінде Facebook, Вконтакте, Mail.Ru, Одноклас­с­ники, Instagram және Твиттер он­сыз да БАҚ болып есептеледі. Яғни, бұл интернет-ресурстарда орналастырылған материалдар, соның ішінде пайдаланушылар тобының жазбалары, блогердің жеке парақшасы және пікірлер тегіс БАҚ өніміне жатады және заңмен реттеледі.  width= Әйтсе де, заңнаманы қолдану барысында бірнеше кінәрат пен кілтипан әшкереленді. Біріншіден, әлеуметтік желілердің барлығы – шетелдік. Екіншіден, тағы да бло­герлердің шу көтеруі нәтижесінде қабылданған заңға «блогер» деген бірде-бір сөз енбеді. Үшіншіден, БАҚ заңының 10-ба­бының 1-тармағы бойынша Қазақстан аумағында тек мерзімді баспасөз басылымдары, яғни га­зет-журналдар және ақпарат агент­тіктері ғана міндетті түрде есеп­ке қойылуы тиіс. Ал интернет-ресурсты желілік басылым ретінде тіркеу – ерікті. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев бұл салада ол­қылық барын растады.

– Блогер мәртебесі және оны БАҚ субъектілеріне жатқызудың өлшемшарты заңнамада айқын­далмаған. Ағымдағы жылы ақпарат мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер мен толықтыру енгізіп, блогер мәртебесін анықтау жос­парланды. Осы орайда, Қылмыс­тық кодекстің 274-бабының 2-тар­мағы бойынша БАҚ-ты, теле­ком­муникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың және ұйым­дардың құқығы мен заңды мүдде­леріне, қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төнді­ретін жалған ақпарат тарату үшін жауапкершілік көзделген, – дейді Дәурен Абаев.

Жаңа заң жобасы жазылып, Парламентке енгізілсе, оның ай­наласында қандай дауыл туып, толқын тулайтынын қазірден бол­жай беруге болады. Бірақ демо­кратия мен сөз бостандығының шектелуіне жол бермеу үшін дамы­ған елдердің озық тәжірибесіне жүгінген жөн. Олар блогер қызме­тін бұрын реттеді, бұл істің суы­ғына тоңып, ыстығына күйді. Қа­телерін «көш жүре түзеді». Олар­дың дайын үлгісін алсақ, жаң­сақтықтан құтыламыз, алдыңғы қатарлы мемлекеттер тапқан қа­уіпсіздік пен еркіндік арасындағы тепе-теңдікті өзіміз де түземіз.  

Арандаудан «анцайге» құтқарады

Бір уақытта блог жазу хобби, еріккендегі ермек болған. Бүгінде ол да –кәсіп. Рас, блогердің үсті­нен қарайтын бастығы, бекітілген 8 сағаттық жұмыс режимі жоқ. Алайда кез келген жұмыс сияқты мұнда да өз ісіне жауаппен қарау, тәртіпке бағыну, жасампаздық таныту, ерінбей еңбек ету талап етіледі. Әйтпесе, ешкімге қызықты болмай, жазылушысынан айы­рылады. Үлкен аудиториясы бар бло­герге тұтас команда жұмыс іс­тейді. Демек, басқарушы, ұйым­дас­тырушы бола білуі тиіс. Қазақстандық блогерлердің кі­рісі тұрақты емес, олар жарнама, PR сыртында, бартерден пайда та­ба­ды. Мысалы, тауарды сый­лық­қа алу, тегін SPA және массаж, мей­рам­­ханада ақысыз тамақтану, тура­гент­тік есебінен саяхаттау және бас­қасы. Автокөлікті сыйға алғаны да бар. АҚШ-та 160 млн жазылушыға ие Instagram жұлдызы Кайли Джен­нер бір жарнамалық пост үшін 1,5 млн доллар, әнші Ариана Гран­де өз парақшасында атап өту үшін 996 мың, ал футболшы Криш­тиану Роналду 975 мың доллар сұрайды. Қазақстанда мұндай ауқым жоқ. Танымал блогерлерде жар­на­­ма орналастырудың орташа құны 300 мың-1 млн теңге. Бірақ нарық­тың шағын болуы нәтижесінде он мыңнан көп жазылушысы бар бло­гердің көбі бір жарнама үшін 70-150 мың теңгені қанағат қы­луына тура келеді екен. Бәрі де посттың жар­нама екенін жасыруға тырысады. Мемлекет барлық саланы са­лықтық әкімшілендіруге және құқықтық реттеуге бейім тұрады. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, осы нарық дамыған елдерде Influencer Marketing ретінде танылып, он­дағы ойын ережелері мен қағидалар заңда көрініс табуда. Бұл жарнама беруші, тапсырысты орындаушы және контентті тұтынушы арасын­дағы адалдық пен әділдікті қам­тамасыз ету үшін қажет. Мәселен, АҚШ-та Федералды сауда комиссиясы (FTC) тұтыну­шылардың құқығын және эконо­микадағы бәсекелестікті қорғай­тын федералдық агенттік функ­циясын іске асырады. Ведомство The FTC’s Endorsement Guides құ­жатын жаңартты және блогерлер мен «жұлдыздардан» қандай да бір бизнес нысанымен байланысын және серіктес екенін ашық көрсе­туін, #ad (жарнама), #collab (ын­ты­мақтастық), #sponsored (демеу­ші) секілді хэштег қоюын талап етеді. Осыған сай таяуда Instagram демеушілік контентті таңбалау саясатына өзгеріс енгізді. Яғни, блогер өтемақы, сыйақы, тіпті же­ңілдікпен азық-түлік алғанын, ақы­сыз жүріп, тегін тұрғанын жа­рия етуі шарт. Талап бойынша Аме­рикада жарнаманы айғақ­тай­тын ақпарат Instagram, Snapchat және басқа әлеуметтік желіде су­ретке немесе посттың алғашқы үш жолында басылуы тиіс. Еуропа көшбасшысы Германия бұдан да асып түсті. Бұған 2017 жыл­ғы Rossmann ісі түрткі болды. Rossmann дәріханалар желісін 1,3 млн жазылушысы бар 20 жастағы блогер қыз жарнамалаумен айна­лысқан. Әр пост соңында оның жарнама екенін меңзейтін хэштег қойып отырады. Алайда Verband Sozialer Wettbewerb қауымдастығы шағымы бойынша істі қараған Келле жоғарғы соты мұны әділетсіз бәсекелестік деп таныды. Себебі инфлюенсер өз постында күлегеш, өңтаңба секілді Emojis көп қол­дан­ды, бұл коммерциялық жарнамаға емес, жеке хабарларға тән. Ал жаз­ба соңындағы жарнама хэштегіне мәтінді соңына дейін оқыған не аса мұқият жандар ғана назар аударады. Сондықтан Германия заң­герлік компаниялары қауіпсіз­дікті ке­пілдендіру үшін блогер­лерге хэш­тег орнына Werbung (жарнамалық науқан) не Anzeige (жарнама) деп әу баста көрсетуге кеңес береді.    width=Айхан ШӘРІП