Тасөткел су қоймасында жоғалып кеткен сүңгуірдің денесі табылды
Тасөткел су қоймасында жоғалып кеткен сүңгуірдің денесі табылды
285
оқылды
Жамбыл облысы Шу ауданында жоғалып кеткен Гүлдана Санақбайды іздеуге шыққан сүңгуірдің өзі жоғалып кеткенін ел жақсы біледі. Гүлдананың өлі денесі сәуір айының аяғында Шу өзенінің бойынан табылса, сүңгуір туралы еш хабар болмаған. Енді, міне, бүгін сүңгуірдің де денесі қамыстар арасынан  табылып отыр. «2021 жылдың  3 сәуірінде Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасында 1997 жылы туған азаматты іздестіру жұмыстары жүргізілді.  Іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында ауа райының қолайсыздығы мен желдің күшеюі салдарынан қайық аударылып, Жамбыл облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Жұмағали Жеңісбекұлы жоғалып кетті. Іздестіру-құтқару жұмыстары дереу басталып, 35 күн бойы жүргізілді. 10 мамыр күні сағат 12:20-да  Тасөткел ауылынан 3 шақырым жердегі  Тасөткел су қоймасында  Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының күшімен қамыс аймағында іздеу орнынан 500-600 метр қашықтықтағы акваторияны тексеру кезінде 1970 жылы туған бас құтқарушы Ж.Ж. Абдрахмановтың денесі табылды», – делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми ақпаратында. Осылайша сүңгуірдің денесі 35 күннен кейін табылып отыр. Марқұм Жұмағали Абдрахманов азаматтық қорғау органдарында 2001 жылдың наурыз айынан бастап қызмет атқарған. Артында жары мен екі баласы қалып отыр. Жалпы, 1995 жылдан бастап қызметтік міндетін атқару кезінде ҚР ТЖМ 54 құтқарушы мен өрт сөндіруші қаза тапқан.  

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы