10 мамырда сағат 17.00 шамасында әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы Риддер маңындағы орман жанып жатқаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өрт елдімекенге жақындады, ауыл тұрғындары жануарлар мен техниканы өз бетінше эвакуациялай бастады.
Кейін ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өрт басталғанын растады.
"Бүгін (10 мамырда - ред.) 101 қызметіне Риддер орман шаруашылығының жанындағы Лесхоз кентінің тұрғындарынан шамамен екі гектар алқапта құрғақ шөптің жанғаны туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына ШҚО ТЖД орман шаруашылығы және өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жедел барды. Өртті сөндіруге барлығы алты техника мен жеке құрамның 100-ден астам қызметкері жұмылдырылды", - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге суағар құрылғысы бар МИ-8 авиаорманқорғау тікұшағы да жіберілді.
Алдын ала болжам бойынша, өртке отқа ұқыпсыз қарау себеп болуы мүмкін.
Айта кетейік, өңірде бірнеше күн бойы ауа температурасы жоғары және жел болған.
10 мамыр, 18.30 шамасында өрт Риддер қалалық әкімшілігінің құрамына кіретін Лесхоз елдімекенінің тұрғын үйлерін шарпыды. 14 үй жанып кетті.
"Зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар Лихачев көшесіндегі 10 тұрғынды эвакуациялады. Өрттің ошағында орман шаруашылығы мен ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 100-ден астам қызметкері және 20-дан астам техника жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, жанып жатқан орман алаңы 310 гектарға жеткен.
Өртті сөндіруге МИ-8 және МИ-2 авиаорманқорғау тікұшақтары келді, 12,5 текше метр су төгілді.
10 мамыр, 19.30 шамасында өрт сөндірушілер өртенген әйелдің мәйітін тауып алды, тағы екі ер адамды күйік шалып, реанимацияға жатқызылғанын хабарлады.
"Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адамды күйік шалып, жергілікті ауруханаға, реанимация бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Полиция қызметкерлері шатырдан 1948 жылы туған әйелдің мәйітін тапты, мән-жайы мен деректер нақтыланып жатыр", - деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
10 мамыр, 22.00 шамасында Риддерде 35 үй мен 9 шаруашылық құрылысы өртенді.
Төтенше жағдайға байланысты көмекке мұқтаж жандар үшін жедел желі нөмірі іске қосылды. Жедел желі нөмірі бойынша психологтар жұмыс істей бастады. ШҚО бойынша ТЖД дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды.
"Қазіргі уақытта өрт орнында жергілікті атқарушы органдардың, ШҚО ТЖД өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман шаруашылығының жеке құрамынан 208 адам және 47 дана техника жұмыс істейді. Жану алаңы - 310 га. Өртті сөндіру үшін күш пен құрал жеткілікті. Оқиға орнына қосымша 3 автоцистерна мен 15 құтқарушы барады. Қажет болған жағдайда көмекке көмекші техника жұмылдырылады", - деп хабарлады ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
[caption id="attachment_135883" align="aligncenter" width="740"] Фото: ҚР ТЖМ[/caption]
[caption id="attachment_135885" align="aligncenter" width="740"] Фото: ҚР ТЖМ[/caption]
[caption id="attachment_135884" align="aligncenter" width="740"] Фото: ҚР ТЖМ[/caption]
Түнгі 22.20 шамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО-дағы өрт бойынша тапсырма берді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені Президент өз бақылауында ұстап отыр", - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде.
ШҚО Полиция департаменті өңірдегі өртке байланысты соталды тергеуді бастады.
"Қазіргі уақытта Риддер қаласының полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексі 204-бабының 2-бөлігіне сәйкес соталды тергеу бастағанын хабарлаймыз", - деді ШҚО ДП баспасөз қызметіндегілер.
11 мамыр, таңғы 7.00-де Лесхоз ауылындағы өрт сөндірілді.
"Лесхоз ауылындағы өрт сөндірілгені хабарланды. Құтқарушылар Лихачев көшесіндегі 10 тұрғынды эвакуациялады. Орман аумағында өрт сөндіру жұмысы жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта өртеніп жатқан орманның аумағы - 310 гектар. Қосымша көмек ретінде Нұр-Сұлтан мен Павлодардан "Авиациялық орман күзетінің" екі тікұшағы жіберілді. 17 500 текше метр су құйылды", - деді ТЖД өкілдері.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіруге 136 құтқарушы, 161 жергілікті орманшы, әкімдік пен басқа да ведомстволардың 29 өкілі қатысып жатқанын атап өтті. Екі тікұшақ пен 60-қа жуық техника қолданылып жатыр, олар - су тасымалдаушылар, бульдозерлер, УАЗ және грейдерлер.
Бос қалған үйлер тоналып кетпеуі үшін, 120 полицей мен 8 патрульдік экипаж өрт орнын қоршап, күзетті.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласы маңындағы Лесхоз кентіне барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Әкім өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Филаретовна Спивакованың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан сіздерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі! Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады! Бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді", - деп жазды Даниал Ахметов Instagram парақшасында.
Алдын ала болжам бойынша, өртке әдейі өрт қою және отқа ұқыпсыз қарау себеп болуы мүмкін.
11 мамыр, 11.30. Өртке кінәлі болуы мүмкін күдікті ұсталды.
"Анықтау жұмыстары ТЖМ құзыретіне кірмейді, бірақ менің білуімше, Ішкі істер министрлігі бір адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол от жаққан", - деді Талғат Уәли.