Елбасы Түркістан қаласындағы «Тұңғыш Президент саябағын» абаттандыру нәтижелерімен танысты. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай twitter-дегі парақшасында жазды.
Сонымен қатар Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешеннің ашылу рәсіміне қатысты.
Кешенде иілген 21 қанатты көруге болады. Бұл Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Есім ханнан Әликен ханға дейінгі бабаларымыздың есімдері мен басқарған жылдары да жазылған. Сондай-ақ, Елбасы «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды. Оның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы жиналған.
Жобалау құны 1,9 млрд. теңге болатын мемориалдық кешеннің жалпы ауданы 0,85 га. құрайды. Жаңа нысанның баральефінде қазақ билерінің, қазақ даналарының көркемсөздері қашалған. Шеңбер тәріздес салынған пилондардағы граниттік тақтайшаларға қазақ даласын басқарған 21 ханның есімдерімен қатар олардың билік жүргізген жылдары да жазылған.
Бұған дейін Елбасы Түркістанға сапармен келгенін хабарлаған болатынбыз.