Бүлінген жолды бір аптада жөндейді
Бүлінген жолды бір аптада жөндейді
218
оқылды

Бізде, әйтеуір осылай. Бір жаңалық немесе жақсы іс жүзеге асса, оның соңынан кемшілік те қоса ілесіп жүреді. Алматы облысының Кербұлақ ауданында өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – цемент зауыты іске қосылғанда біраз адам жұмыспен қамтылып, қазынаға түсетін қаржы молаяды деп қуанған жергілікті жұрт бүгінде кәсіпорынның арлы-берлі ағылған  ауыр жүк көліктері кесірінен әп-әдемі жолдың аз ғана уақытта тас-талқан болғанынан бүгінде зардап шегіп отыр. Осыны айтып, дабыл қаққан халықтың арыз-шағымы ақыры облыс басшы­лығының да құлағына жетті.

Мереке алдында Алматы облысының әкі­мі республикалық маңыздағы Сарыөзек – Көк­тал жолының жайы туралы шұғыл жиын өткізіп, жауапты тұлғаларға жағдайды түзеу үшін бір апта уақыт берді. Сарыөзек кентіне жақын жерден цемент зауыты ашылғаннан кейін кәсіпорын мен кеніш арасына қатынайтын салмағы ауыр көліктер күн сайын Сарыөзек –Көктал жолы­ның 68 шақырымын  жүріп өтеді. Бұл тек бір бағыты ғана екенін ескерсек, күнделікті ша­ма­мен 10-нан астам ауыр көлік бір қатынаған­да 136 шақырым жүреді. Карьер қызметкер­лерінің айтуынша, жүк тасымалдаушылар күніне үш рет қатынайды. Қалғанын өзіңіз есептей беріңіз.  Жергілікті тұрғындар да, Кербұлақ ауданының басшылығы да жолдың бұзылуына жүк көліктері себепші болғанын айтады. «Мен Қоғалы ауылында тұрамын. Осы жол­мен жиі жүремін. Ары-бері өткен сайын шаршаймын. Көлігімнің жүріс бөлігін  2-3 ай сайын ауыстырып тұруға тура келеді. Асфальт­тың осындай күйге түсуіне цемент зауытының жүк көліктері кінәлі. Олар материалды басып тиеп алып, осы жерлерден күнде жүреді. Ас­фальтты әбден отырғызып тастады», – дейді жергілікті автокөлік иелерінің бірі. Мамандардың  да пікірі осындай. Олар жоба бойынша жолдың бұл бөлігі шамамен 8 тоннадан аспайтын жүктемесі бар көліктерге есептелген дейді.  Алайда зауыт жұмысқа кіріскелі бұл жерлермен күнделікті салмағы 50 тонналық көліктер арлы-берлі қатынайды.  Жолдың тез бұзылуының басты себебі де осы жағдай екені айдан  анық. Жұртты алаңдатқан  жағдайға байланысты облыс әкімі де жауапты тұлғаларға өзінің  наразылығын білдірді. Өңір басшысы жедел жиын кезінде  зауыт басшылығынан нақты  жауап талап етті. Тұрғындардың қауіпсіздігіне немқұрайды қарауға жол бермейтінін, сон­дық­тан жағдайды жылдам түзету қажетін айта келе, барлық уәкілетті тұлғаларға қатаң ес­кер­ту жасады. Жергілікті жердегі жауапты­ларға жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды, бір аптадан соң қабылданған шаралар туралы есеп беруді тапсырды. «Жолдың зақымданған бөліктерінің бәрін жедел қалпына келтіріңдер, адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдай болмауы керек. Халыққа қызмет етіп тұрған нәрсені бұзуға ешкімнің де құқығы жоқ, талап сондай! Жап-жақсы жолды аз ғана уақытта қалай сон­дай жағдайға жеткізуге болады? Бүлінген жол бөлігінде қазір мүлдем асфальт жоқ. Әсіресе, аса қауіпті болып саналатын Алтын­емел асуындағы бөлік мүлде бұзылған. Бір апта уақыт беремін! Осы уақыт аралығында бәрін қалпына келтіріңдер», – деді облыс басшысы. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Мерей Шахарбаевтың айтуынша, орын алған мәселені шешу үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы, «КазАвтоЖол» ЖШС  және «Алацем» цемент зауытының арасында үш­жақты келісім жасалыпты. Енді соның ая­сын­да бірлесіп қысқа мерзім ішінде жол­дың зақымданған 0-68 шақырым аумағына жөндеу жүргізіледі.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы