Қарапайым халық «шенеуніктер мол жалақы алады» деп есептейді. Өз кезегінде мемқызметшілер ұлттық компаниялардағы жалақы, сыйлықақы мен бонустарға қызығады. Нәтижесінде, біраз жылдан бері білікті мамандардың мемқызметтен квазисекторға кету үрдісі жүруде. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктерге қомақты бонустар төлеуді қарастыратын жаңа тетікті әзірлеп отыр.
Қазақстанда қанша шенеунік қалды?
Ресми мәлімет бойынша қазір Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 96 910. Соның ішінде 739 бірлігі – мемлекеттік саяси қызметшілерге тиесілі. Ал басым көпшілігі – 96 171 бірлігі әкімшілік мемқызметшілер еншісінде. Соның ішінде 91-і – «А» корпусына, 96 080-і «Б» корпусына жатады. Әйткенмен бұл – орталық және жергілікті атқарушы органдарға бөлінген жалпы штат қана. Оның біршамасы – 8 501-і бос тұр (вакансия). Мемқызмет ведомствосы оларды «қысқарту науқаны» аясында жойып жатыр. Нәтижесінде, елімізде іс жүзінде 88 409 шенеунік қана бар. Яғни, жалпы штат 91,2%-ға толған. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы республикада мемқызметшілердің нақты саны 90 932 адам болған. Қазір Қазақстанда 728 саяси мемлекеттік қызметші жұмыс істеп жатыр (штат санының 98,5%-ы). Бұдан бөлек, «А» корпусында биік лауазымды 79 тұлға (86,8%), «Б» корпусында қатардағы 87 602 (91,2%) әкімшілік мемқызметші еңбек етеді. Екі айдан кейін шенділердің жалақысы айтарлықтай өседі деп күтілуде. Себебі ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік органдарда факторлық-балдық шкала негізінде еңбеқақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілмек. Яғни, өз жұмысында тиімділік пен өнімділік көрсеткен сайын шенеуніктің табысы да жоғары болады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Мемлекеттік қызметі туралы» қолданыстағы заңға түзетулер енгізетін жаңа заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі. Бұл ретте корпоративтік секторға ұқсас тек саяси қызметшілерге ғана бонустар беру туралы шешім қабылданыпты. Ал Әкімшілік қызметшілерге олардың қызмет нәтижелеріне қарай сыйлықақы беру туралы агенттік ұсынысы мақұлданды. Яғни, «А» және «Б» корпусындағы шенеуніктер бонус алу мүмкіндігінен айырылады. Мәселен, 2019 жылы еңбекақы төлеудің пилоттық жобасы аясында он шақты меморганда жұмыс істейтін шенеуніктердің әрқайсысының есепшотына бір мезгілде 1,2 миллион теңгеден аса бонус аударылған болатын. Ең үздік жетістік көрсеткендері 2,5 миллионнан алған. Бонус орта есеппен 5 айлық болды. Оны алу үшін басты шарт жүктелген қызмет міндеттемелерін жақсы орындау болды. Заң жобасы қабылданса, бұл тәжірибе тоқтатылады.Белгісіздік пен бонус егіз бе?
Анар Жайылғанова басқаратын агенттік осы орайда Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия және Еуропалық Одақтың бірқатар елдерінің бонустау тәжірибесін басшылыққа алып отырғанын жасырмады. «Бұл елдерде бонустар тек саяси қызметшілер үшін ғана қарастырылған. Атап айтқанда, Сингапур министрлерінің жылдық жиынтық кірісі бір жылдағы 13 жалақыдан, жылдық ауыспалы бонустан (1 жалақы көлемінде), жеке өндірістік бонустан (3 жалақы) және Ұлттық бонустан (3 жалақы) тұрады. Малайзияда министрлер кабинеті мүшелерінің жалақысы бонустарды қоса алғанда, жылына 14 907 малайзиялық ринггит немесе 41 600 АҚШ доллары», – деп түсіндірді мемқызмет ведомствосы. Сондай-ақ Жапония үкіметі мүшелерінің базалық жалақысы жылына 13 жалақыдан құралады. Базалық жалақы сыртында олар үшін жылына 3,95 жалақы мөлшерінде бонустар төленеді, оларды «сәйкестік бонусы» және «жыл соңында берілетін бонус» деп атайды. «Осыған байланысты мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін бонустық жүйені алып тастау қажет. Оларды қызмет нәтижелеріне қарай сыйақы төлеу жүйесіне қайтару мәселесін қарау ұсынылады. Ал бонустау жүйесін дамыған елдер мен корпоративтік секторға ұқсас, тек мемлекеттік саяси қызметшілер үшін қалдыру керек», – делінген жаңа заң жобасының тұжырымдамасында. Мысалы, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәймен саяси және әкімшілік қызметшілердің арасындағы айырмашылыққа назар аудартады. «Саяси лауазым иелері тағайындалған күннің ертеңіне кетуге дайын болуы керек. Саяси жағдай өзгеруі мүмкін, ел мен экономикадағы ахуалға, жаңа туындаған міндет-мақсаттарға орай ел басшылығы басқа шешім қабылдауы ықтимал. Бұған қоса, егер қоластындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталса, орнынан кететін де осы саяси мемқызметшілер, бірінші басшылар. Өзіне сеніп тапсырылған тапсырманы жарға жықса, өңір не сала тоқыраса, әкім не министр өз еркімен отставкаға кетуі мүмкін», – дейді ол. Тиісінше, дамыған елдерде саяси лауазымдағы тұлғаларды ынталандыратын бонустау жүйесі қолданылады. Әйтпесе, болашағы белгісіз, Үкіметтің ауысуымен бірге бүгін-ертең отставкаға кетіп қалуы мүмкін екенін түсінетін билік өкілі жұмысына салғырттау қарауы, тіпті жемқорлыққа салынуы ғажап емес.Жұмысы жақсарса, жалақысын ел санамайды
Өткен аптада, бюджет жобасы мақұлданған Мәжілістің жалпы отырысында министрлердің мол сыйлықақы-бонустар алатынына қатысты пікірталас туды. Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинациялаудың жоғары қарқынын қамтамасыз ете алмай отырғанын сынаған депутат Азат Перуашев «министрліктегі шенеуніктер өздеріне 15 миллион теңгеден сыйлықақы тағайындап жатқанын» айтып тастады. Ізінше министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Сыйлықақы төлемдері қатаң түрде қолданыстағы заңнаманың, сондай-ақ «ҚР органдары қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларын бекіту туралы» ел Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Осыған байланысты, 15 млн теңге мөлшерінде төленген сыйлықақыларға қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтқан фактінің Денсаулық сақтау министрлігіне ешқандай қатысы жоқ», – деп мәлімдеді ДСМ. Квазимемлекеттік секторда жұмыс істеген құқық қорғаушы, мемлекеттік әкімшілендіру магистрі Шыңғыс Лепсібаев министрлердің 1,2 миллион теңге жалақы және жыл сайын 15 миллион теңге сыйлықақы-бонус алатынына таңғалудың қажеті жоқ деген пікір айтты. «Бұл сонша көп деуге келмейді. Өйткені белді университеттеріміздегі ғалымдар министрден 10 есе аз жұмыс істей жүріп, одан артық табыс табады. Сол үшін олардың миын жеп, жан-жақтан сынап жатқан жоқ қой. Егер министрлердің табысын ҚазМұнайГаз, Даму қоры, СҚ-Фармация, Қазақтелекомдағы директорлардың және басқаларының табысымен салыстырсақ, мүлдем көңілсіз көрініс туады. Рас, азаматтарымыздың тиын-тебен табысымен салыстырғанда, министрлердің алатыны орасан зор болып көрінер. Бірақ саяси лауазымдағылардың жалақысын шетелдік валютаға шақсақ, 2,5 мың доллардай шығады. Мен сонша айлықты 2014 жылы алғанмын. Ол кезде тіпті ғылыми дәрежелерім, медальдарым, жұмыс тәжірибем жоқ-тын», – дейді Ш.Лепсібаев. Оның байламынша, жоғары лауазымдағы мемлекеттік менеджерлердің жалақысы орта бизнестегі басшылардың алатынына жуықтайды. Дегенмен кәсіпкер өз бизнес нысаны үшін ғана жауап береді, ал министрлер мен әкімдердің иығына тұтас өңірдің немесе жүздеген мың адам еңбек ететін тұтас салалардың жауапкершілігі артылады дейді ол. «Биік лауазымда адамның жұмыс істеуге ынтасы болуы, жемқорлықпен айналысуға құлығы қалмауы үшін министр жақсы жалақы алғаны жөн шығар. Сонымен бірге оған қойылатын талап күшейтілуі тиіс. Жұмысының өнімділігі, тиімділігі, нәтиже-қайтарымы зор болуы керек. Сонда Сингапурдегідей жылына 1 миллион долларға дейін жалақы ала алады. Сонда халық: «біздің министрлер қандай тамаша!» деп мақтан тұтатын болады. Ал оған дейін ірі шенеуніктердің мол жалақысына қатысты өкпелі әңгімелер айтылып, мәселе көтеріле бермеуі үшін елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру қажет», – деді сарапшы. Жалпы, экономикасы озық мемлекеттердей бонусқа көшпес бұрын сол елдердей даму деңгейіне қол жеткізген жөн. Егер республикамызда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, әрбір отбасының тұрмысы түзелген, азаматтардың байлығы еселеп артқан заман туса, биліктегі ірі шенділердің жақсы жалақы, сыйлықақы және бонустар алуына қоғам қарсы бола қоймас. Ал оған дейін саяси мемқызметшілерге жасырын әрі ірі бонустар төлеу халықты тек ашындыруы мүмкін.Елдос СЕНБАЙ