DamuMed-ті қашанғы дамыта береді?
DamuMed-ті қашанғы дамыта береді?
210
оқылды

Былтыр пандемия өршіп тұрған кезде DamuMed мобилді қолданбасы­на қатысты сын көбейген. Қазақстан­дықтар дәрігерлердің қабылдауға жазылмаса да жазылып, бармаса да барды деп көрсетіп қойғанын айтып, ша­ғымданған еді. Артынша бұл жағ­дайға қатысты Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінен бастап мемлекеттік ем­хана­лар да, қолданбаны жасаушылар да түсініктеме жасаған. Әйтсе де, бұл тақырыптағы шағымның азаятын түрі жоқ. Шет жағасын Мәжілістегі депутаттар да көтерді.

Алдымен, 2020 жылдың жазына ора­лайық. Қолданушылар дейміз бе, науқастар дейміз бе, жалпы алғанда қазақстандықтар DamuMed-тегі профиліне кіріп, өздері жайлы тың ақпаратты бірінен соң бірі жа­рия­лай бастады. Бірі дәрігердің алдына бар­маса да қабылдауда болып, кеңес алға­нын біліп жатты. Енді бірі өз ЖСН-інің басқа нөмірге байланып, соның кесірінен жүйеге тіркеле алмайтынын айтты. Осын­дай түсініксіз әрі шулы оқиғалар көбейген соң мониторинг жасалды. Амбулатория­лық-емханалық көмек тексерісінің нәти­жесінде 2020 жылдың алғашқы жарты­жылдығының өзінде іс жүзінде көрсе­тілмеген, бірақ құжат түрінде бар 11 607 жағдай тіркелгені анықталды. Ақпараттық жүйеге енгізілген медициналық қызмет­тердің жалпы құны 75 415 970 теңге болып шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің сол кездегі ресми өкілі Бағдат Қожахметов бұ­ған қатысты дереу тіл қатып, азаматтардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, қоғамдық бақылаудың қажет екенін ай­тып, «мәселенің мән-жайын анықтаймыз» деген. Кейіннен жауапты министрлік «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қо­рына» қаражат қайтарылғанын, уайым­даудың қажеті жоғын да жеткізген. Десек те, жүйедегі ақаудың не болмаса жалған мәліметтің артында не тұрғаны көпшілікке қы­зық болды. Оған түсіндірме жасап, нұс­қа­сын ұсынғандар аз болмады. Айталық, Алматыдағы №17 емхананың әкімшілігі бюджеттің қабылдауға келген науқастың санына қарай бөлінбейтінін жеткізген. Яғни, емханалар әр тіркелген науқастың жан басына шаққандағы норматив прин­ципі бойынша қаржыландырылады деседі. Демек, бұл норматив жалпыға ортақ әрі қанша рет дәрігердің алдына барғанына байланысты емес. Сонымен бірге, емхана әкімшілігі дәрігерлердің жалақысы қанша науқасқа қызмет көрсеткеніне қарай берілмейтінін де атап өткен. Дәрігердің айлығы санатына байланысты төленеді екен. Расында, дәрігерлерге қабылдаудың санын көбейткеннен еш пайда болмаса, бұл қолданба жұмысындағы ақауды білдіруі тиіс. Дегенмен DamuMed командасы да басын алып қашты. «Өз инвестициямызға қолданба жасап шығарған жеке IT ком­пания­мыз. Денсаулық сақтау саласының не емхананың бақылаушы органы емеспіз. Өзіміз де, өзгелер де қолдансын деп элек­трон­ды медициналық сервис жасадық» деген еді мәлімдемесінде. Кім кінәлі екені нақты табылмаса да, сервистің жұмысына қатысты сын көп екені ақиқат. Барлығын тізіп отырмай-ақ, қолданушылар тарапы­нан жақында ғана жазылған пікірлердің кейбірін шолып өтсек. «Түк пайдасы жоқ қолданбаға айналды. Дәрігерге барғаным жай­лы ақпарат, анализдер, ПТР-тест нәти­желері дұрыс көрінбейді. Қолдау қызметі емханаға барып, анықтауды ұсынды. Ол жаққа барып айғай шығардым. Емхананың бағдарламашылары мәселеме бір сағаттай бас қатырды. Қайта тіркеді, бірақ одан нә­ти­же шықпады. «Дамумен» байланыссақ, базада ақау болып жатыр екен. Сонда екі ортада уақыт шығын болдым. Жұмысты дұрыс атқармайсыздар» деп реніш білді­ріпті аноним қолданушы. Одан қала берді, көпшілігі жаңартуларға наразы. Яғни, өте жиі жаңартылатын қолданба жетілдірілудің орнына кері кетіп жатыр деген пікірлер көп. Осы материалды әзірлеуден бірнеше күн бұрын күнім түсіп, емханаға бардым. Қабылдау уақыты 14.40 деп көрсетіліп тұрғандықтан, кешікпей бардым. Ақыры сол күні 16.30-да кірдім. Аты-жөнімді сұраған дәрі­гер базада мені қабылдау уақыты 17.15-те тұрғанын айтты. Арасында дәрігер жүйенің жұмысқа кедергісін тілге тиек етіп қалды. «Бар уақытымыз жүйеге мәлімет толтырумен кетеді. Кейде ақаулар болады. Интерфейсі де түсініксіз. Алды­мызға келген науқастың бетіне қараудың орнына мониторға үңіліп отырамыз. Ша­ғы­мын айтып кеткеннен кейін де атқа­ратын жұмыс қаншама. Басқа дәрігерге бағыттау, анализдерге жіберу сияқты жұмыстар да уақыт алады» дейді. Кейін сол дәрігерге хабарласып, осы пікі­ріне аты-жөнін қосуға рұқсат сұрағанымда, елорда­лық емханалардың бірінде істейтін гине­колог-дәрігер есімін көрсетпеуімді сұрады. Жә, бастысы мұндай мәселе бір ғана емес, мыңдаған дәрігердің басында бар. Ма­ңыздысы да сол. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары Премьер-Министр Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтерген де болатын. «Алғашқы медициналық-санитарлық кө­мек көрсететін медқызметкерлер науқасты қарауға бекітілген 15 минуттық норма­тивтің жүйеге деректерді енгізумен кететінін айтып отыр. Олар науқас туралы мәліметті он төрттен астам ақпараттық жүйеде толтыруға мәжбүр. Зертханалық тексерістерге жолдама шығару үшін шамамен 15 шақты қадам жасап барып беріледі екен. Кейбір медициналық қызметтер жүйеге енбей қалады. Бұл болса, медициналық мекемеге қаржылық шығын болады» деген еді мәжілісмен Зарина Қармасова. Тағы бір айта кететін жайт, DamuMed Денсаулық сақтау министрлігінің басқа порталдарымен интеграцияланбаған. Соның ішінде, дәрімен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінде, жүкті әйелдерді тіркеуде мәселе көп туындайды екен. Байланыс болмағаны жемісті жұмысқа кедергі екені белгілі. Міне, соның кесірінен медициналық қызметкерлер екі жұмыс істеп отыр. Алдымен порталға мәліметтерді енгізеді, одан кейін оны DamuMed-ке көшіреді. Сонымен қатар кейбір қызмет түрлері жүйенің тарификациясында жоқ. Бұл дегеніміз олардың бағаланбайтынын білдіреді. Атап айтқанда, зертханалық тексерістерге қатысты. Хирургтің қабыл­дауы — 1690 тг, лор-дәрігер — 1591 тг, қуық қалтасына УДЗ жасау — 950 тг. Қанша жерден жұмыс барысын күрде­лендірсе де, DamuMed-пен келісім­шарт жыл сайын жасалады. Қармасованың берген ақпаратына сүйенсек, дәрігердің логині — 5 мың тг, медбикенікі 3 мың тг тұрады екен. Ал зертханалық анализаторды қосу құны — 20 мың тг. Бір ғана қызметкер­ден осынша қаражат алынса, білдей мекемеде қызмет ететіндердің санына кө­бей­тіп көріңіз. Мәжілісмен осы ретте ұсынысын былай келтірді: «Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық көмек сапасын жақсарту үшін қазір бар ақпараттық жүйелерді интеграциялауды ұсынамын. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» науқасты ақпараттық жүйелерге енгізуді жеңілдетуі керек. Сонымен бірге, дәрігерлерді өзіне тиесілі емес шаруалардан босатып, медқызметтер тарификаторын қайта қарауы тиіс». Осы ретте мемлекеттік сатып алуға жеткізуші ретінде қатысатын «Даму» Ақпараттық Технологиялар Орталығы» ЖШС жайлы бірер дерек келтірейік. Мамыр-сәуірде жалпы саны 38 келісімшарт жасалған. Оның алтауы ғана қосымша келісім. Тікелей шарт тұжырымы бір дереккөздерден деп көрсетілген шарттар­дағы сома сан түрлі. Мысалы, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқарма­сының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№32 қалалық емхана» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны — 5 568 000 теңгеге, ШҚО әкімдігі Денсаулық сақтау басқарма­сының «Семей қаласының № 2 қалалық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы КМК — 888 000 теңгеге, «Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау бас­қармасы қалалық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК – 102 000 теңгеге, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қарма­сының «№2 Облыстық перинаталдық орталығы» шаруашылық жүргізу құқы­ғын­дағы мемлекетік коммуналдық кәсіпорны 5 863 200 теңгеге келісімге отырған. Шарт­тар бір жыл мерзімге, 2021 жылдың соңына дейін жасалған. Қызмет түрі кешенді медициналық ақпараттық жүйені қолда­нуға қатысты. Жалпы алғанда, «Даму» Ақпараттық Технологиялар Орталығы» ЖШС бағдар­ламалық жабдықтамалар жасаумен айна­лысады. 200-ге жуық қызметкері бар орта­ша кәсіпорын. Нарыққа келгеніне 19 жыл 5 айдан астам уақыт болған. Басшысы — Наталья Киль. Салық төлеуден кей кездері кешігетіндіктен, тәртіпті салық төлеуші деуге онша келіңкіремейді. 2015 жылдан бергі төлеген салығының сомасы туралы ақпарат бар. Соңғы бес жылдың қорытын­дысын алғанда, 2019 жылғы төленген сома әзірге шырқау шекте тұр — 309 089 383 тг. Ал ең аз салық төлеген кез 2016 жылдың ен­шісінде, 22 560 626 тг. Компанияның былтырғы салығы — 137 968 835 тг. Аз та­быс кіріп тұрған жоқ. Демек, көрсетілетін қызмет те соған сай болуы тиіс. Өзі ауы­рып, ем іздеп келетін науқастың жүйкесіне тиетін болса, дәрігердің қабылдауды дұрыс өткізуіне кедергі болса, мұндай жүйені қаншалықты диджитал деуге болады?

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР