Былтыр пандемия өршіп тұрған кезде DamuMed мобилді қолданбасына қатысты сын көбейген. Қазақстандықтар дәрігерлердің қабылдауға жазылмаса да жазылып, бармаса да барды деп көрсетіп қойғанын айтып, шағымданған еді. Артынша бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінен бастап мемлекеттік емханалар да, қолданбаны жасаушылар да түсініктеме жасаған. Әйтсе де, бұл тақырыптағы шағымның азаятын түрі жоқ. Шет жағасын Мәжілістегі депутаттар да көтерді.
Алдымен, 2020 жылдың жазына оралайық. Қолданушылар дейміз бе, науқастар дейміз бе, жалпы алғанда қазақстандықтар DamuMed-тегі профиліне кіріп, өздері жайлы тың ақпаратты бірінен соң бірі жариялай бастады. Бірі дәрігердің алдына бармаса да қабылдауда болып, кеңес алғанын біліп жатты. Енді бірі өз ЖСН-інің басқа нөмірге байланып, соның кесірінен жүйеге тіркеле алмайтынын айтты. Осындай түсініксіз әрі шулы оқиғалар көбейген соң мониторинг жасалды. Амбулаториялық-емханалық көмек тексерісінің нәтижесінде 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде іс жүзінде көрсетілмеген, бірақ құжат түрінде бар 11 607 жағдай тіркелгені анықталды. Ақпараттық жүйеге енгізілген медициналық қызметтердің жалпы құны 75 415 970 теңге болып шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің сол кездегі ресми өкілі Бағдат Қожахметов бұған қатысты дереу тіл қатып, азаматтардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, қоғамдық бақылаудың қажет екенін айтып, «мәселенің мән-жайын анықтаймыз» деген. Кейіннен жауапты министрлік «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» қаражат қайтарылғанын, уайымдаудың қажеті жоғын да жеткізген. Десек те, жүйедегі ақаудың не болмаса жалған мәліметтің артында не тұрғаны көпшілікке қызық болды. Оған түсіндірме жасап, нұсқасын ұсынғандар аз болмады. Айталық, Алматыдағы №17 емхананың әкімшілігі бюджеттің қабылдауға келген науқастың санына қарай бөлінбейтінін жеткізген. Яғни, емханалар әр тіркелген науқастың жан басына шаққандағы норматив принципі бойынша қаржыландырылады деседі. Демек, бұл норматив жалпыға ортақ әрі қанша рет дәрігердің алдына барғанына байланысты емес. Сонымен бірге, емхана әкімшілігі дәрігерлердің жалақысы қанша науқасқа қызмет көрсеткеніне қарай берілмейтінін де атап өткен. Дәрігердің айлығы санатына байланысты төленеді екен. Расында, дәрігерлерге қабылдаудың санын көбейткеннен еш пайда болмаса, бұл қолданба жұмысындағы ақауды білдіруі тиіс. Дегенмен DamuMed командасы да басын алып қашты. «Өз инвестициямызға қолданба жасап шығарған жеке IT компаниямыз. Денсаулық сақтау саласының не емхананың бақылаушы органы емеспіз. Өзіміз де, өзгелер де қолдансын деп электронды медициналық сервис жасадық» деген еді мәлімдемесінде. Кім кінәлі екені нақты табылмаса да, сервистің жұмысына қатысты сын көп екені ақиқат. Барлығын тізіп отырмай-ақ, қолданушылар тарапынан жақында ғана жазылған пікірлердің кейбірін шолып өтсек. «Түк пайдасы жоқ қолданбаға айналды. Дәрігерге барғаным жайлы ақпарат, анализдер, ПТР-тест нәтижелері дұрыс көрінбейді. Қолдау қызметі емханаға барып, анықтауды ұсынды. Ол жаққа барып айғай шығардым. Емхананың бағдарламашылары мәселеме бір сағаттай бас қатырды. Қайта тіркеді, бірақ одан нәтиже шықпады. «Дамумен» байланыссақ, базада ақау болып жатыр екен. Сонда екі ортада уақыт шығын болдым. Жұмысты дұрыс атқармайсыздар» деп реніш білдіріпті аноним қолданушы. Одан қала берді, көпшілігі жаңартуларға наразы. Яғни, өте жиі жаңартылатын қолданба жетілдірілудің орнына кері кетіп жатыр деген пікірлер көп. Осы материалды әзірлеуден бірнеше күн бұрын күнім түсіп, емханаға бардым. Қабылдау уақыты 14.40 деп көрсетіліп тұрғандықтан, кешікпей бардым. Ақыры сол күні 16.30-да кірдім. Аты-жөнімді сұраған дәрігер базада мені қабылдау уақыты 17.15-те тұрғанын айтты. Арасында дәрігер жүйенің жұмысқа кедергісін тілге тиек етіп қалды. «Бар уақытымыз жүйеге мәлімет толтырумен кетеді. Кейде ақаулар болады. Интерфейсі де түсініксіз. Алдымызға келген науқастың бетіне қараудың орнына мониторға үңіліп отырамыз. Шағымын айтып кеткеннен кейін де атқаратын жұмыс қаншама. Басқа дәрігерге бағыттау, анализдерге жіберу сияқты жұмыстар да уақыт алады» дейді. Кейін сол дәрігерге хабарласып, осы пікіріне аты-жөнін қосуға рұқсат сұрағанымда, елордалық емханалардың бірінде істейтін гинеколог-дәрігер есімін көрсетпеуімді сұрады. Жә, бастысы мұндай мәселе бір ғана емес, мыңдаған дәрігердің басында бар. Маңыздысы да сол. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары Премьер-Министр Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтерген де болатын. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медқызметкерлер науқасты қарауға бекітілген 15 минуттық нормативтің жүйеге деректерді енгізумен кететінін айтып отыр. Олар науқас туралы мәліметті он төрттен астам ақпараттық жүйеде толтыруға мәжбүр. Зертханалық тексерістерге жолдама шығару үшін шамамен 15 шақты қадам жасап барып беріледі екен. Кейбір медициналық қызметтер жүйеге енбей қалады. Бұл болса, медициналық мекемеге қаржылық шығын болады» деген еді мәжілісмен Зарина Қармасова. Тағы бір айта кететін жайт, DamuMed Денсаулық сақтау министрлігінің басқа порталдарымен интеграцияланбаған. Соның ішінде, дәрімен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінде, жүкті әйелдерді тіркеуде мәселе көп туындайды екен. Байланыс болмағаны жемісті жұмысқа кедергі екені белгілі. Міне, соның кесірінен медициналық қызметкерлер екі жұмыс істеп отыр. Алдымен порталға мәліметтерді енгізеді, одан кейін оны DamuMed-ке көшіреді. Сонымен қатар кейбір қызмет түрлері жүйенің тарификациясында жоқ. Бұл дегеніміз олардың бағаланбайтынын білдіреді. Атап айтқанда, зертханалық тексерістерге қатысты. Хирургтің қабылдауы — 1690 тг, лор-дәрігер — 1591 тг, қуық қалтасына УДЗ жасау — 950 тг. Қанша жерден жұмыс барысын күрделендірсе де, DamuMed-пен келісімшарт жыл сайын жасалады. Қармасованың берген ақпаратына сүйенсек, дәрігердің логині — 5 мың тг, медбикенікі 3 мың тг тұрады екен. Ал зертханалық анализаторды қосу құны — 20 мың тг. Бір ғана қызметкерден осынша қаражат алынса, білдей мекемеде қызмет ететіндердің санына көбейтіп көріңіз. Мәжілісмен осы ретте ұсынысын былай келтірді: «Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық көмек сапасын жақсарту үшін қазір бар ақпараттық жүйелерді интеграциялауды ұсынамын. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» науқасты ақпараттық жүйелерге енгізуді жеңілдетуі керек. Сонымен бірге, дәрігерлерді өзіне тиесілі емес шаруалардан босатып, медқызметтер тарификаторын қайта қарауы тиіс». Осы ретте мемлекеттік сатып алуға жеткізуші ретінде қатысатын «Даму» Ақпараттық Технологиялар Орталығы» ЖШС жайлы бірер дерек келтірейік. Мамыр-сәуірде жалпы саны 38 келісімшарт жасалған. Оның алтауы ғана қосымша келісім. Тікелей шарт тұжырымы бір дереккөздерден деп көрсетілген шарттардағы сома сан түрлі. Мысалы, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№32 қалалық емхана» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны — 5 568 000 теңгеге, ШҚО әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының «Семей қаласының № 2 қалалық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы КМК — 888 000 теңгеге, «Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы қалалық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК – 102 000 теңгеге, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «№2 Облыстық перинаталдық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекетік коммуналдық кәсіпорны 5 863 200 теңгеге келісімге отырған. Шарттар бір жыл мерзімге, 2021 жылдың соңына дейін жасалған. Қызмет түрі кешенді медициналық ақпараттық жүйені қолдануға қатысты. Жалпы алғанда, «Даму» Ақпараттық Технологиялар Орталығы» ЖШС бағдарламалық жабдықтамалар жасаумен айналысады. 200-ге жуық қызметкері бар орташа кәсіпорын. Нарыққа келгеніне 19 жыл 5 айдан астам уақыт болған. Басшысы — Наталья Киль. Салық төлеуден кей кездері кешігетіндіктен, тәртіпті салық төлеуші деуге онша келіңкіремейді. 2015 жылдан бергі төлеген салығының сомасы туралы ақпарат бар. Соңғы бес жылдың қорытындысын алғанда, 2019 жылғы төленген сома әзірге шырқау шекте тұр — 309 089 383 тг. Ал ең аз салық төлеген кез 2016 жылдың еншісінде, 22 560 626 тг. Компанияның былтырғы салығы — 137 968 835 тг. Аз табыс кіріп тұрған жоқ. Демек, көрсетілетін қызмет те соған сай болуы тиіс. Өзі ауырып, ем іздеп келетін науқастың жүйкесіне тиетін болса, дәрігердің қабылдауды дұрыс өткізуіне кедергі болса, мұндай жүйені қаншалықты диджитал деуге болады?