Қазақтың бағына біткен Бекет
Қазақтың бағына біткен Бекет
239
оқылды

Бекет Махмұтов – AIBA-да басшылықта болған алғашқы қазақ. Мах­мұтовтың тұсында ҚР Ұлттық құрамасының сегіз боксшысы Олимпиада ойындарының финалына шыққан. Соның ішінде 2000 жылы Сиднейде төрт қазақ боксшысы ақтық сында өнер көрсетіп, екеуі алтын алғаны есімізде. Екі боксшы Вэл Баркер кубогына ие болды. Василий Жиров бокстан тұңғыш олимпиада чемпионы атанса, Болат Жұмаділов – тұңғыш әлем чемпионы. Мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның жемісі.

Бекет Махмұтов басшылықта жүрген жылдары Қазақстан ұлттық құрамасы бокстан Атланта (1996), Сидней (2000) және Афины (2004) Олимпиадасында үздік үштікке ілінді. Ол 1939 жылдың 20 қаңтарында қазіргі Алматы облысына қарасты Фабричный елді мекенінде дүниеге келген. Саналы ғұмырын отандық спортты дамытуға арнады. Ол 1998-2007 жылдары ҚР бокс федерациясының президенті, 1996-2006 жылдар аралығында халықаралық бокс қауымдастығының бірінші вице-президенті болып жемісті еңбек етті. Ол бүкіл жан-тәнімен қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Махмұтовтың шарапаты

Белгілі жазушы, публицист Несіп Жүнісбайұлы: «Сыр бойының дүлдүлі Нартай ақын өзі жайлы «Ағадан көмек алмаған қайсың барсың?» деп жырлағандай, спорттағы, әсіресе бокстағы жас, талантты буынға Бекет аға Сапабекұлының шарапаты тимегені жоқ шығар. Бекет аға менің творчествомды да жоғары бағалап, спорттағы шенеуніктер кеудемнен итерген жылдары қамқор қолын созып, бауырына тартты. Дәл солай ағамен тонның ішкі бауындай жақын жүріп, оның қазақ боксының намысын халықаралық аренада қалай қорғағанын өз көзіммен көрдім. Біздің ұлдардың жолын ашу үшін әлемдегі мүйізі қарағайдай небір мықтылармен бір қадам да шегінбей шайқасып, спорттағы азайып бара жатқан әділетті талай рет қорғап қалғанына куәмін!» деп жазады. Оны спорттағы ұландардың бәрі «бокстың өкіл әкесі» деп санады. Ол туралы танымайтын адамға ашыла бермейтін құпия жан болған деседі. Көп ешкіммен сөйлесе бермейтін, шүйіркелесіп ашыла қоймағанымен, бокстың тарихын жете біліпті. Яғни, тірі энциклопедия. «Қай жарыс қашан болды, кім-кіммен шайқасты, ол қандай есеппен аяқталды – бәрін айтып бере алады. Бүгінгі компьютеріңнің өзі Бекет ағаға ілесе алмайды» деп жазады Несіп Жүнісбайұлы. Ең қызығы, Бекет ағаның мамандығы – инженер-механик. Ол мектепті бітіріп, армияға барып келген соң Дондағы Ростовта ауыл шаруашылығы машиналарын жасау институтын бітірген. Машина жасау саласында бас директор дәрежесіне дейін көтерілген. Солай бола тұра, оның саналы ғұмыры спорт саласында өтті. «...Дәл бүгін де біз ХХVI жазғы Олимпиаданың бокс залына келдік. Дәлірек айтсақ, біз бұл залдан кеткен де жоқпыз: осында түнеп, осында түстеніп, осында айналсоқтап жүрміз. Өйткені жас, еркіндігін жаңа алған мемлекетіміздің олимпиадалық үміті осы бокста болып тұр. Бүгін сол үміт жолындағы жалаңтөс жауынгеріміз Василий Жиров шайқаспақшы. Шайқас болғанда да шешуші, тау тербетер шайқас. Қарсыласы – Олимпиада өткізіп жатқан Американың бокстағы ту етіп көтерер саңлағы, әлем чемпионы Антонио Тарвер. Өзі мықты, өзі қызық. Күнде көріп жүрміз – соңына ерген бір қора адам бар. Бәрінің үстінде бір түсті спорт жейдесі, кеуделерінде жазу: «Тарвердің командасы». Командасында аға-інісі, әпке-қарындасы, дос-жараны, көршісі, енесі де бар екен. Біздің Жировтың арқасында айдынды Балқаш көлі мен кен сапырған Балқаш қаласы тұр. Василий осы Балқаш қаласында туған. Әрине, еркін қазақ елі бар. Олимпиада медалі осы ел үшін, сол елді насихаттау үшін қажет. Олимпиада медалінің Америкадан гөрі Қазақстан үшін қажеттірек екенін білмейтін болуы керек, Антонио Тарвер Василий Жировты тықсырып жүр. Жаңа ғана шаршы алаң бұрышына қуып тығып, төмпештің астына алған. Құлатады-ау деп бәрімізде зәре жоқ. Бүкіл зал аяғынан тік тұрғандай. Көзім шалып қалды. Қазақстан әуесқой бокс федерация­сының президенті, AIBA-ның атқару комитетінің мүшесі Бекет Махмұтов орнынан атып тұрды. Жан-жағында әлем боксының бар басшысы отырғанын есіне алып, үндемей қалды. Айқайды салатын-ақ жер еді. Шаршы алаңдағы шайқас соңына қарай басы аяғына келіп өзгерді. Дәлірек айтсақ, Василий Жиров өзгертті. Соңғы раундтарда ол Антонио Тарверді қуып жүріп соқты. Тарвер таяқ жеген сайын бір рақатқа бөленеміз. Шайқас бітіп, төреші Василийдің қолын көтергенде бізге бүкіл әлем қол соққандай көрінді. Көз қиығыммен Бекет Махмұтовтың ринг жаққа қол бұлғап, құттықтағанын көріп қалдым» деп жазады сол бір күндер туралы Несіп Жүнісбайұлы.

Сиднейдегі жеңісті сәттер

Бұдан кейін де жеңісті сәттер өте көп болды. Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов алтыннан алқа таққан кездер, Болат Жұмаділовтің күмісі, Мұхтархан Ділдәбековтің жеңісті сәті – бәрі де Бекет Махмұтовтың көз алдында өтті. Бекзат Саттарханов әлем чемпионы Рамазан Палианиді еркін жеңді. 20 жастағы жігіттің атойлап рингке шыққан сәті де күні бүгінге дейін есте. Әттең, ерте айырылып қалдық... Ал ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбековтің Кубаның бас жұлдызы, боксшылар арасындағы Кинг-Конг атан­ған Алексис Рубалкабаны қуалап жүріп ұрған сәтін көргенде қуанбаған қазақ қалмаған. Төрт бірдей жүлде, төрт бірдей жеңіс. Екі алтын, екі күміс қанжығамызда тұр. «Сиднейдегі ғана емес, Атлантадағы да жеңістеріміздің қайнар көзі, жалпы Қазақстан боксының соңғы жылдардағы, ел егемендік алғаннан бері бәйге атының тізгін ұстары, бір жан бар. Ол – әлемдік бокс қауымдастығының бірінші вице-президенті Бекет Махмұтов! Осы бір көрер көзге жұдырықтай ғана, ал бірақ ер тұлғалы жігіт ағасында буырқанған күш-қуат, ерік-жігер, еңбеккерлік пен шыдам жетіп артылады. Әсіресе, бүгінгі әлемдік спорттың дамуына қажет қасиеттер: ақыл-ой тереңдігі қандай қиындықты да жарып шығар құдірет, ең бастысы, ел боксының абыройы үшін сайтанмен де тіл табыса аларлық қасиеті бар», – дейді Несіп Жү­нісбайұлы. Атланта, Сидней, Афины... Үш бірдей Олимпиада. Үш түрлі жеңіс. Атланта – Василий Жиров. Сидней – Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов. Афины – Бақ­тияр Артаев. Әр жеңісті сәттерге Бекет аға да балаша қуанды. «Ауыр салмақты боксшының жұдырығындай ғана ағамыздың жүрегі ел деп соқты». Спорт журналисі Амангелді Сейітхан: «Тұтас ұлттың бағына бітетін тұлғалар болады. Алла Тағала қазақты жарылқау үшін де соларды жарататын секілді. Себебі бір Бекет аға Махмұтовтың атқарған шаруасын қауым ел ауырсынады. Кезінде ел балетін сақтап қалған. Қазақ балетінің тоқсаныншы жылдарда тік тұрып кетуіне мұрындық болды. Айман Мұсаходжаеваға Страдивари скрипкасын әперген өнер қолдаушысы. Инженерлік істің тереңіне бойлап, тау-кен шаруашылығын дамытуға теңдессіз еңбек сіңірген азамат тәуелсіз қазақ елінің сыртқы саудасын да ерттеп бергені тарихта жазулы тұр. Ал спортты және спортшыларды қолдауы – бір төбе. Бір ғана бокста қаншама Олимпиада чемпиондары шықты. Баркер кубогы елге екі рет келді. Дзюдоға бара салып, кимано кигендерді төрге шығарды. Әлем чемпионатын ұтты. Қазақ спортшылары ғана емес, бүкіл әлем Бекет ағаға «Шеф» дейді. Кубаның қабыландары да, Еуропаның оғландары да. Ануар Чаудримен иық теңестіре жұмыс істеген. Мариуш Визерге жөн сілтеп, жол көрсеткен қайраткер» деп жазады. 1920 жылдың сәуірінде қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан КСРО спорт шебері, Халықаралық бокс федерациясының (АІВА) бұрынғы вице-президенті, Қазақстан бокс федерациясының және Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болған Бекет Махмұтов 81 жас­қа қараған шағында дүниеден озды. Ал елі тәуелсіз қазақ спортының өсіп-өркендеуіне, дамуына үлес қосқан Бекет Махмұтовтың ізгі ісін, есімін ұмытпайтыны анық.

Айым БЕКТҰР