Спортпен әлсіздер айналыспайтыны бесенеден белгілі. Өйткені онда спортшылар басынан түрлі келеңсіз жайтты өткереді. Әсіресе, төбелес кезінде алатын жарақаттардың ауыр болатыны соншалық одан мүгедек болып қалатындары, тіпті көз жұматындары бар. Талай мықты түрлі кедергіден соң спортпен ерте қоштасты. Жекпе-жектің кез келген түрінде «бата тимей, қата тиіп», ауыр жарақат алған немесе жантәсілім еткен спортшылар аз емес. Ендеше соларға тоқталайық.
Жалпы, елімізде аралас жекпе-жектен немесе бокстан, өзге де төбелес түрлерінен көз жұмған, ауыр жарақат алған спортшылар туралы көп айтыла бермейді. Соған қарағанда, мұндай оқиғалар Қазақстанда аз тіркелетін болуы керек. Дегенмен жарыс кезінде жеңіл жарақат алып не нокаутқа түсіп қалған спортшылар оқтын-оқтын кездеседі. Өз кезегінде қарсыласын қоғадай жапыратын жойқын соққы иелері жөнінде спорт журналисі Фараби Әбдіхалық айтып берді. – Жалпы, бокс тарихында ең жойқын күш иесі деген атақ Тайсонға ғана таңылғанын жақсы білеміз. Одан кейін де соққысы мығым бірқатар боксшы шықты ғой. Ал қазақстандықтардың арасында Головкиннің соққысынан көп боксшылар сескенеді. GGG-дің нокауттар саны бойынша Тайсоннан асып кетуі де, рекордын жаңартуы да кездейсоқ жағдай емес. Негізі, былғары қолғап шеберлерінде немесе аралас жекпе-жек спортшыларында бас не жақ сүйектерінің, қол не аяқ сүйектерінің, мұрын мен құлақтың сынуы, еріннің жыртылуы, беттің, көздің ісуі көп кездеседі. Соққы күші адамның массасы мен жылдамдығына байланысты болғандықтан, ауыр салмақ санатындағы спортшылар нокаутерлер тізімінің басында тұрды. Сондықтан көбіне ауыр салмақтағы спортшылар арасында ең тартысты жекпе-жектер өтеді. Ал төбелеске шыққан спортшылар бастан жарақатты көбіне ММА-ға қарағанда бокста көп алады, – дейді Фараби. Ал PR-менеджер, спорт журналисі Серік Ноян жарақаттың көбі ММА-да кездесетінін айтады. Ол отандық соққысы жойқын боксшылардың ішінде Жан Кособуцкий, Жәнібек Әлімханов, Батыр Жүкембаев, Садриддин Ахмедов, Тұрсынбай Құлахметтерді ерекше атап өтуге болатынын жеткізді. Ал ММА-де Руслан Сариев жекпе-жектерінің көбін уақытынан бұрын аяқтайтынын тілге тиек етті. – Ең көп жарақат болатын спорт түрі ол – кәсіпқой ММА. Аралас жекпе-жек өнерінде қорғанысы аздау, тіземен, шынтақпен, қолмен, аяқпен соққы бағытталғаннан кейін жарақат алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Ал бокста ішкі гематома басым. Сыртқа білінбеуі мүмкін, бірақ соққылар ауыр болатындықтан, боксшылар паркинсон деген ауруға шалдығады. Кәсіпқой боксшылардың арасында ауыр соққы алған жекпе-жек десе, Әли Ахмедовтың айқасы еске түседі. Отандасымыз желтоқсан айында америкалық боксшыдан нокаутпен жеңілді. Сол біздің қазақ боксына тиген ауыр соққылардың бірі болды деп есептеймін, – деп атап өтті Серік Ноян. Боксшылардың соққысы туралы, одан алатын жарақат жөнінде WBA-ның жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Барри МакГуиганның да айтқаны бар. – Боксшылардың зілдей соққыларынан кейін көп өтпей олар қатты жарақат алады. Әсіресе, мидың шайқалуы көп кездеседі.Соққы алып, құлағаннан тез нокаутқа түскен әлдеқайда жақсы. Ұзақ айқастан соң спортшы ауырсынған кезде бүкіл салмақты миға жібереді, – дейді Барри МакГуиган.