Былтырдан бастап әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясының экономикаға тигізген зардабы зор. Соның салдарынан көптеген ірі компаниялардың жұмысы тоқырап, мұнайдың да бағасы құлдырап кетті. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі де жеке кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп, оларды 3 жылға салықтан босату жөнінде шұғыл шешім қабылдады. Алайда бұл салаға салмақты реформалар жасалмаса, бұндай уақытша демеудің дем бере қоймасы анық.
Жеңілдетілген несие беріп...
Былтыр Ұлттық банк заңға кәсіпкерлерге арналған несиеге қатысты бірқатар өзгеріс енгізіп, пандемия жағдайына байланысты оларға қосымша қаржы бөлінген еді. Сөйтіп, ірі кәсіпкерлер 6 миллиард теңгеге дейін, ал шағын бизнес өкілдері 3 миллиард теңгеге дейін ала алатын болды. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шарасы «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Жіктеп айтқанда, былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелеу көлемі 1 триллион теңгеге жетті. Оның 700 миллиарды агроөнеркәсіптік кешенге жұмсалса, 300 миллиарды қайта өңдеу мен қызмет көрсету саласына берілген. Сондай-ақ 100 миллиард теңге көктемгі егістік жұмыстарына бөлініп отыр. «Біздің бағалауымызша, ЖІӨ құрамындағы шағын және орта бизнес үлесі 29,5 пайыз болады. Ол секторларда 3 миллион адам жұмыс істейді. 2019-2020 жылдары осы бағдарламалар бойынша қолдауға ие болған кредиттік портфельдің жалпы көлемі 372 миллиард теңге болып, 5,5 мың жоба қаржыландырылды», – деді сол сәтте Ұлттық экономика министрінің орынбасары Жаслан Мәдиев. Алайда қазір елімізде қоғамдағы негізгі сервис саласы болып саналатын шаштараз, химиялық тазалау, сән салондары және жеткізу қызметі қарастырылмаған қоғамдық тамақтану орындары сынды 1,2 миллионға жуық дара кәсіпкерлік нысаны бар десек, соның небәрі 1 200-дейіне ғана қолдау көрсетілген. Енді биыл 47 мыңға жуық жобаға 2,5 триллион теңгеден астам жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр. Осы орайда кәсіпкерлердің өтініштерін қарау 21 күннен 5 күнге қысқарды.Салықтан сәл босатқанмен...
Жалпы, жеке кәсіпкерлердің 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін алынатын табыстарға салынатын салықтан босатылғаны мәлім. Бұл ретте барлығы 1,2 миллион кәсіпкерлік субъектісі немесе бизнес субъектілері санының 75 пайызы салықтан босатылатындар қатарына кіреді. Демек, бизнес өкілдері енді 3 жыл бойы 380 миллиард теңгеге жуық табыс салығын төлемейді. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, бұл санатқа 15 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 79 миллион теңгеге дейінгі микро бизнес өкілдері және 100 адамға дейінгі жұмысшысы бар және жылдық табысы 795 миллион теңгеге дейінгі шағын кәсіпкерлер кіреді. Ал мамандар бұл мемлекет үшін үлкен шығын емес екеніне сенімді. «Егер мемлекетіміздің көтерілгенін қаласақ, бізде жеке кәсіпкерлер көп болуы тиіс. Мысалы, дағдарыстан көбінесе шағын және орта бизнесі дамыған үлкен елдер қиналмастан шығып кетеді. Шағын және орта, микробизнестер аяққа тұрып, шаруалары жүріп кетсе, мемлекетке табыс еселеніп қайтады», – дейді экономист Ләззат Жанмолда. Бір қызығы, карантин уақытында сауданы онлайн жасап, төлем операцияларын қашықтықтан жүзеге асыру 2,5 есе артқан. Сол себепті Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда онлайн саудада жұмыс істейтін кәсіпкерлерді де салықтан босатуды ұсынып жатыр. Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз операциялар шамамен 7,5 триллион теңгеге жуықтапты. Енді осы жағдайда жылдық кірістің кем дегенде 40 пайызы онлайн саудадан түсуі қажет екен.Тоқырауды тоқтату қиын
Қазір карантин талаптары жеңілдетілгенмен, әлі де кәсібін дөңгелете алмай отырғандар баршылық. Былтырдан бері еліміздегі 430 мыңнан астам кәсіпкер бизнесін тоқтатты десек, бір ғана Ақтөбе облысының өзінде сондай салаларда қызмет етіп келген 8,5 мың адам жұмыссыз қалған. Ал алматылық кәсіпкерлер мектеп асханалары, боулинг, бильярд, караоке, компьютер клубтары сынды бизнестің жекелеген түрлері әлі жұмысын бастамағанын, олардың төтенше жағдай мен карантин кезінде экономиканың зардап шеккен салаларына кірмей қалғанын мәселе етіп көтерді. «Енді төленбеген несие мен салықтар үшін мүлікке арест қойылып, сатуға шығарғанын күту ғана қалды. Кәсіпкерлердің осы санатына көрсетілген дағдарысқа қарсы шаралар мардымсыз», – дейді «Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ жетекшісі Ляна Тұрсынова. Сонымен қатар Алматыдағы 300-ге жуық кәсіпкердің басын қосқан «Қазақстан мейрамхана бизнесі» қауымдастығының басшысы Юрий Пааль: «Сауда орталықтары жалдау ақысынан босатқан бизнес өкілдерінен басқа кәсіпкерлердің көбі мемлекеттің қолдауын мүлде сезінген жоқ. Біздің сала жойылып кетуге шақ тұр», – деген үрейін жеткізді. Ол дәмхана, мейрамхана бизнесінің шамамен 60 пайызы қысқарғанын, қазір 10 пайызының ғана жағдайы жақсы екенін алға тартты. Оның өзі бюджеттік келісімшарты бар немесе ірі халықаралық желінің өкілі саналатын мекемелер көрінеді. Сарапшылар елдегі шағын және орта бизнестің 30 пайызы қайта қалпына келмей, біржола жабылуы мүмкін деседі. Себебі біздің кәсіптер пандемияға дейін де дағдарыс жағдайында болған. Өйткені билік шағын және орта бизнеске көмек туралы көп айтқанымен, ақыр соңында ол көмекке «жүйе түзетін кәсіпорындар» ғана қол жеткізген деседі мамандар. Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан сондай пікірде. «Жүйе түзетін кәсіпорындар» тізіміне қатысты дау маған шағын және орта бизнеске беріледі деген қаржының көп бөлігі осындай ірі кәсіпорындарға бөлінгендей әсер қалдырды. Сонда мемлекет шағын және орта бизнеске көмек беру ұранымен бюджеттен қаржы алып, оны ірі бизнесті қолдауға жұмсап отыр ғой. Яғни, шағын және орта бизнеске көмек пен қолдау көрсетілген жоқ. Шағын және орта бизнес өлді деуге болады», – дейді Айман Тұрсынхан. Оған мысал ретінде қазір тек Атырау облысында 18 мыңға жуық бизнестің тұралап тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Ал ШҚО-да 500-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмысын жандандыра алмай отыр. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, төтенше жағдай кезінде өңірде 14 412 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын тоқтатқан. «Ойын-сауық саласында еңбек еткен 4,3 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды», – делінген ШҚО Ақпарат орталығының хабарламасында. «Атамекен» ҰКП-ның бизнес өкілдері арасында жүргізген сауалнамасына сүйенсек, Шымкент, Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарында жеке кәсіп саласында қысқартылған адам саны көп екен. Ал палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов былтыр пандемия салдарынан 1 миллион кәсіпкер зардап шегіп, 430 мыңнан астам субъектінің жұмысы тоқтағанын растап отыр. Кейін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов жаңа дерек ұсынды. Айтуынша, 2020 жылғы 1 наурыздан 2021 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда 174 853 жеке кәсіпкерлік және 28 373 заңды тұлға жабылып тынған. Сондықтан да ол кейінге қалдырылған салықтар мен жарналар сомасын төлеуге неғұрлым көп уақыт берілсе, соғұрлым жақсы болады деген пікірде.Еркеғали БЕЙСЕН