Петропавл тұрғыны, тыл еңбеккері Людмила Носик 2 бөлмелі пәтерінен айырылды. Туыстары әлеуметтік қызметкерді баспананы сый құжат арқылы өз атына аударып алды деп кінәлап отыр.
Петропавлдың 83 жастағы тұрғыны, тыл ардагері Людмила Носик қазір туысын паналап отыр. Қартайған шағында далада қалған жайы бар. Ардагердің немересі Наталья Середаның айтуынша, зейнеткердің 2 бөлмелі пәтерін оған 4 ай бойы қызмет көрсеткен әлеуметтік қызметкер сый құжат арқылы өз атына аударып алған. Ал пәтер иесін жекеменшік қарттар үйіне тапсырыпты. «Әжемнің қарттар үйіне түскені жайлы құзырлы органнан бізге ешкім хабар берген жоқ. Тәтем оны мекемеден алып кетуге барған кезде бұл кісі ауруханада жүрмін деп ойлаған. Қолында азын-аулақ киімі мен жеке куәлігі ғана болған. Қалған құжаттары жоқ. 2 бөлмелі пәтерге қоса, әлеуметтік қызметкер шотта жиналған қаржыны да иемденді», – дейді Мәскеуден арнайы келген Наталья Середа. Людмила Носик 30 жылға жуық теміржолда вагон тексеруші болып жұмыс істеген. Баспананы кезінде жұмыс орнынан беріпті. Екі ұлды өмірге әкелді. Олардың бәрі ерте дүниеден өтіпті. Қазір барлық немересі Ресейде тұрады. Сол себепті 2017 жылдан бастап әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінген. «Наурыз айының аяғында әлеуметтік қызметкер әжеміздің атынан өзіне сенімхат жасатқан. Осылайша, бар қаражатын банк картасынан шешіп алған. Ал сәуірдің басында өзіне 2 бөлмелі пәтерді сый құжатпен ресімдеген. Бірнеше күннен соң оны қарттар үйіне апарып тастаған. Қазір әжеміз бала секілді, бәріне сеніп қалады. Ол әйел осыны пайдаланып құжаттарға қол қойдырған», – дейді тыл ардагерінің немересі. Наталья Середа Петропавлдағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барды. Полицияға әлеуметтік қызметкердің үстінен арыз түсірді. «Әлеуметтік қызметкер өздігінен ешкімді Қарттар үйіне орналастыра алмайды. Біздің білуімізше, Людмила Носик өзім барамын деп құжат толтырған. Қазір біз мұның қаншалықты рас екенін анықтаймыз. Сонымен қатар құқық қорғау органдары өз кезегінде бұл іс алаяқтық болып па, соны тексереді», – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин. Жалпы, Петропавлда 500-ге жуық жалғызілікті қарт тұрады, оларға 78 әлеуметтік қызметкер бекітілген.И.ҚУАНЫШ