Аңшыға 10 мылтық не үшін керек?
Аңшыға 10 мылтық не үшін керек?
471
оқылды

Қазір «қара нарықта» әс­кери атыс қаруларының заңсыз айналымы өршіп-ақ тұр. Автомат, винтовка, тапанша, граната сынды күшті қару-жарақты негізінен әртүрлі қыл­мыстық топтар мен терроршылар жиі қолданады. Ал осы орайда қарапайым аңшылық қаруының қыл­мыс құралына айналуы жөнінде не айтуға болады? Міне, бұл жолы біз сол мәселені қаузап көрмекпіз.

Дүкенді оқшаулау шабуылдан құтқармас

Таяуда ғана Қазан қаласындағы №175 мектепте қарудан оқ атылып, 9 адамның қаза тапқаны (олардың жетеуі – оқушы) дүниені дүр сілкінтті. Кейін Татарстан президенті Рустам Минниханов ұсталған 19 жастағы Илназ Галявиевтің ресми тіркелген қаруы болғанын мәлімдеді. Ал Ресей президенті Владимир Путин үкіметке қару айналымы ережесін қатайтуды шұғыл әзірлеуді тапсырды. Еске сала кетсек, ондай шара 2016 жылы Қазақстанда да қолға алынған болатын. Нақты айтқанда, Ақтөбедегі «Паллада» қару-жарақ дүкеніне терроршылар басып кіріп, 3 адамды өлтіріп, 17 аңшылық мылтығын алып кеткен кезде. Сол кезде 38 адам жарақаттанған еді. Бұл ретте басты мәселе қару-жарақ дүкен­деріндегі күзет қызметінің әлсіздігінде болып тұр. Соның салдарынан Ақтөбеден бөлек, Тараз бен Алматыда болған лаңкестік оқиғалар да аңшылық қару арқылы жасалғаны мәлім. Сол себепті тұрғын үйлер, қоғамдық орындар, мәдениет мекемелері және денсаулық сақтау орындарының жанында орналасқан аңшылық дүкендерін жауып, оларды өз алдына жеке ғимарат етіп көшіру жөнінде шұғыл шешім қабылданды. Алайда пиғылы бұзық адамдар үшін қару-жарақ қорларының қала орталықтарынан оқшауланғаны тіптен таптырмас мүмкіндік екені ескерілген жоқ. Тек дүкендерді байырғы орнында қалдырып, күзетті күшейте салу керек еді. Ал психикалық тұрғыдан қауіпті, аяқ астынан «түлен түртуі мүмкін» біреулердің аңшылық дүкеніне басып кірмей-ақ, ондай мылтықты өз үйінен алып шығуы да ғажап емес. Ондайлардың қанша екені де белгісіз. Ал Қазақстанда ішкі істер органдары заңсыз қаруды өз еркімен тапсырған азаматтарға азын-аулық ақша төлеп көргенімен, кейінгі кезде оның да арты сиырқұйымшақтанып кетті. Қазір де ара-тұра  өтіп тұратын бұл акциялар кезінде Кеңес Үкіметі кезінде малшыларға тегін таратылған, «қара нарықтан» сатып алынған, тіпті І-ІІ дүние­жүзілік соғыстардан бері сақталып келген ойық және тегіс ұңғылы мылтықтардың біразы мемлекетке тапсырғанмен, көбінің жасырылып жатқанына күмән жоқ.

Қару санын шектеу де сақтыққа жатпайды

Сол Ақтөбедегі трагедиядан кейін ІІМ әр адамның 4 аңшы қаруынан артық ұстауына шектеу қоюды ұсынды. Яғни, бұрынғыдай бiр қолға 10 мылтық берілмеуі керек болды. Сақшылар оны елдегі аңшылық қаруы бар  адамдардың мүддесінен тұтас қоғамның қауіпсіздігі қымбат деген ұғыммен түсіндіруге тырысты. «Бiз адамдардың қару сатып алуына қарсы емеспiз. Бiрақ нелiктен оған 2 емес, 10 қарудың қажет болғанын дәлелдеңiздер. Әрине, аңшылықтың түр-түрi бар екенiн түсiнемiн. Бұл ретте адам қандай аңшылықпен айналысатынын таңдасын. Бiз бұл шектеудi Қазақстанда терроризм болмағанда енгiзбес едiк. Болашақта заңсыз қару иеленудiң барлық мүмкiндiктерiнiң жолын кескенiмiз жөн. Атыс қаруын иелену бойынша адамдардың құқығын шектеп отырғанымыз жоқ. Бiрақ бiр қолға 4 қару жеткiлiктi» деген еді сонда Мәжіліс мінберіне шыққан ІІМ вице-министрі Рашид Жақыпов. Ешкім де 10 қарудың не үшін қажеттігіне бұлтартпас дәлел келтіре алмайды деп ойласа керек. Алайда ол туралы уәжді «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катнов алға тарта білді. «Дұрыс аңшылық» деген ұғым бар. Мылтықтың бір ғана түрімен аңның барлығына аңшылық жасау мүмкін емес. «Дұрыс аңшылық» жабайы құстардың түрлеріне қарай мылтықтың калибрін, оның түрін таңдауды талап етеді. Ол дұрыс та. Себебі суыр атуға жарайтын мылтықпен қасқыр атуға болмайды. Ал қасқыр атуға болатын мылтық аю немесе бұлан атуға жарамайды. Басқаша айтқанда, егер аю атуға арналған мылтықпен суыр немесе қоянды атсаңыз, ол быт-шыт болып шашырап кетеді», – дейді ол. Ал Ұлттық мергендер қауымдастығы төрағасының орынбасары Асқар Қаймақовтың айтуынша, қылмыскерлер кімде қандай қару барын білмейді. Өйткені ондай ақпарат жабық сақталады. «Талқылауға қоғамдық ұйымдар тарапынан көптеген ұсыныс бергенбіз. Соның ішінде біз адам басына шаққанда қару-жарақ санының шектеуіне қарсы болдық. Менің жеке басымда 11 мылтық бар. Бәрін заңды түрде ұстап отырмын. Олай болса, пышақ, айыр, балға, балта сияқты құралдардың санына да тыйым салу керек еді. Олар да суық қаруға жатады ғой. Мысалы Лондондағы теракт пышақпен жасалды емес пе?!» – дейді билік ұстанымына қайран қалған Қаймақов. Сондай-ақ ол Брейвик деген жалғыз қаныпезер 80-ге жуық адамды атып тастаған Норвегияда әр азаматтың 25 данаға дейін қару сатып алуына рұқсат бар екенін ескертті. Бір қызығы, ІІМ ӘПК Азаматтық және қыз­меттік қару айналымын бақылау басқармасының бастығы Марат Отыншин әлгіндей террорлық шабуыл болмаса, елімізде негізінен заңды, ресми тіркелген аңшылық қарумен ешқандай қылмыс жасалмағанын жеткізді. Керісінше, Қазақстандағы қылмыстар газ баллоншалары, пневматикалық және сигналдық қарулар арқылы жасалатын кө­рінеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, 2017 жылдан бері елімізде сол қару­лармен 129 қылмыс жасалған. Оның 28-і – қарақ­шылық, 79-ы – бұзақылық және үшеуі өлтіруге оқталу әрекеттері екен.

Халықтың екі-ақ пайызында мылтық бар

Жалпы өркениеттің техникалық жетістігі саналатын қару-жарақты әлемнің бір ғана мемлекеті – Сьерра Леонеде сатуға тыйым салынған. Басқа дамыған деген мемлекеттердің барлығында сатылады. Бүгінде Қазақстанның өзінде 113 аңшылық дүкені тіркелген. Алайда «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катнов егер билік әлгіндей заңмен қыса беретін болса, олардың 50 пайызына дейін жабылу қаупі бар деп отыр. ІІМ дерегінше, қазір қазақстандықтардың қолында 284 мың дана заңды қару бар десек, ол халықтың 2 пайызынан да аспайды. Ал жалпы елiмiзде 210 мыңға жуық адам аңшы қаруын иеленген. Оның 35 мыңында 2 және одан да көп мылтықтан бар. Айта кетсек, былтыр «Атамекен» ҰКП алаңында азаматтық және қызметтік қару айналымы бағытында жұмыс істейтін сала мәселелеріне қатысты кеңейтілген жиын өткен болатын. Сонда терроризмге қарсы талапқа сай келмейтін аңшылық дүкендерін жапса, олардағы қару-жарақ қайда кетеді деген мәселе көтерілді. Сала маманы Сергей Катновтың айтуынша, дүкендердегі қару-жарақтың «қара нарыққа» тарап кетуі мүмкін емес. Себебі елге кіргізілген әр мылтық есепке алынып, оның сатылымы туралы ақпарат тиісті органдарда тіркеліп отырады. Сосын әр тоқсан сайын арнайы комиссия дүкендерде қару-жарақты ұстау тәртібін тексереді. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ».

Еркеғали БЕЙСЕН