Жаһандық құрылтайлар мемлекеттілік пен тәуелсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге ол мемлекеттің беделін көтеріп, оны халықаралық қауымдастыққа танымал етуге түрткі. Осы тұрғыдан алғанда, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті шын мәнінде тарихи оқиға болатын. Осы арқылы қазақ елі өзін Еуропаның тарихына жазып қалдырды.
Жаһандық жиындар мемлекеттілікті бекемдейді
Халықаралық ынтымақтастықтың ұйытқысы болу және елдікті нығайту арасындағы байланыс пен үйлесімді шағын ғана ел – Бельгия паш етіп келеді. Мысалы, 2004 жылдың қарашасында сапармен келген Бельгия Корольдігі Сенатының президенті Анн-Мари Лизин бізге, «Айқынға» берген сұхбатында өз елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық бойынша Қазақстанның кандидатурасын жақтайтынын жеткізе келе, Еуропаның түп қойнында қоныс тепкен шағын ғана Бельгия халқының қазақ халқымен мұңдас екенін айтқаны есте: «Қазақ елі секілді біз де шетелдік басқыншылардың шапқыншылығын көп бастан кештік. Қатыгез тағдыр тілімізді де, діл-болмысымызды да тоқыратып, ақыры көптілді мемлекетке айналуға мәжбүр етті. Біз әралуан мәдениеттер араласқан күрделі қоғамда өмір сүрудің қиыншылықтарын жақсы білеміз!» деген еді А.Лизин ханым. ХХ ғасырда жаһанданудың тектоникалық жойқын тербелісі аясында өзге елдерге жұтылып, жойылып кетпеу үшін бельгиялықтар өз жерінде түрлі халықаралық кездесу-келіссөздер өткізіп, қайта өзгелерді өз айналасында ұжымдастыру ісіне мән береді. Соның арқасында бүгінде 1 миллиондай ғана тұрғыны бар Брюссельді бүкіл әлем біледі. Бельгиядағы этносаралық күрделі ахуалға қарамастан, енді Еуропалық одақтың орталығына айналған бұл елге басып кіру ешбір билеушінің ойына кірмесі сөзсіз. Мұны неге айтып отырмыз? Кеңес Одағы күйрегенімен, Батыс елдері Қазақстанды Ресейдің ықпал ету аймағы деп санап, бізбен кең ауқымды серіктестікті жолға қоюға асықпады. Кезінде Солженицын өз манифестінде Қазақстанды «Ресейдің жұмсақ қарны» («мягкое подбрюшье России») деп атағаны мәлім. Еліміз үшін сол теріс көзқарасты өзгерту, сөйтіп, елге шетелдік инвесторларды молынан тарту маңызды болатын. Демек, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің азаттықтың алғашқы жылдарында алдымен Алматыда, ал ХХІ ғасыр басталғалы – елордада жаһандық құрылтайлар өткізуге баса көңіл бөлуінің астарлы мәні бар еді. Бұл жиындар арасында ЕҚЫҰ-ның VII саммитінің орны мен рөлі ерекше. Елбасы ол құрылтайды «Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың үнқатысуы» деп атады. Саммитті ұйымдастыруға тартылған жауапты тұлғалар, журналистер 2010 жылғы 1-2 желтоқсан төл тарихымыздағы ең бір толғанысты, тебіреністі мезет болғанын түсінді.Қауіпсіздіктің теңдессіз шаралары
Бұл Барыс жылы болатын. Мұның да символикалық мәні бардай сезілді. 2010 жылғы 1 желтоқсанда еуропалық беделді ұйымға мүше және оған серіктес болып есептелетін мемлекеттерден, сондай-ақ БҰҰ, Еуропалық Одақ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардан 73 биік мәртебелі ресми делегация қыстың көзі қырауда Қазақстанның бас қаласына бет алды. Жалпы алғанда, VII саммитке шамамен 5 мың қонақ қатысқан. Біздер, осы тарихи оқиғаны жариялаған отандық және шетелдік журналистер бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларына куә болдық. Саммит қарсаңында Астана нағыз алынбас қамалға, беріспес бекініске айналды: биік мәртебелі меймандар түсетін қонақүйлер орналасқан қаланың сол жағалаудағы бөлігі ұлы құрылтай өтетін «Тәуелсіздік сарайына» дейін толығымен қоршалып, блок-бекеттер қойылды. Ол аумақта тұратын астаналықтар өз үйлеріне тек алдын ала тіркеп, таратылған рұқсат қағаз арқылы өте алды. Жүріс-тұрыс шектелді. Террактілердің алдын алу үшін қатаң күзет режимі енгізілді, қаланың осы бөлігіне қаһарлы әскери техника кіргізілді, көшелер жарылғыш заттарды табуға үйретілген иттерді жетектеген әскери мамандарға толды. Астананың халықаралық әуежайы саммитке қатысушылардың ұшағынан басқа әуе көліктері үшін жабылды. Бұл шаралар өзін-өзі ақтады: лаңкестік шабуыл түгіл, саммиттің атына кір келтіретін бірде-бір қылмыс не теріс қылық тіркелмеген. Бұл да стратегиялық маңызды іс болатын. Бір қызық дерек: Литваның ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі Ренатас Норкус бізбен сұхбатында мойындағандай, сол саммит күндері Литваның президентінен, парламент жетекшісінен бастап, бүкіл саяси басшылығы Қазақ елінен табылыпты. Өзге елдерге қатысты да ұқсас жағдай қалыптасты. Яғни, әлдебір лаңкестік шабуылға не алапат жарылысқа жол берілгенде, кейбір ел мүлдем басшылықсыз қалу қаупі бар еді. Қазақстанның еуропалық беделді ұйымның саммитін биік деңгейде әрі қауіпсіз өткізе алғанын кейін барлық делегация жоғары бағалап, алғыс білдіріп жатты. Мемлекетіміз осы арқылы жаһандық ордалы жиындарды лайықты ұйымдастыра алатынын төрткүл дүниеге паш етті. ЕҚЫҰ саммиті біраз жас үшін өмір мектебіне айналды: оны ұйымдастыруға және өткізуге бір жыл ішінде көптеген меморганның, квазимемлекеттік сектордың ондаған мың қызметкері, белсенді жастар жұмылдырылды. Олар келіссөз жүргізу процестеріне араласты, тарихи оқиғаға куә болды, ірі саммит ұйымдастыру ісіне қанықты, машықтанды. Саммит күндері ойын-күлкі, ұйқыны ұмытып, жан сала жұмыс істеді. Жетістігімен, тындырымдылығымен көзге түскені кейін жақсы жұмыс тапты, қызметінде жоғарылады.Төрт мұхит аралығындағы татулық
Саммитті бастан-аяқ жариялап, тарихи оқиғаның ортасында жүрген біз 2010 жылғы қыстың алғашқы күндерінде бүкіл әлем ұлы дала үніне құлақ түргенін анық аңғардық. Осы күндері Қазақстан халықаралық сахнаның басты қаһарманына айналды! Көңілдері де, қарындары да тоқ шетелдік әріптестеріміз осындай әлемдік дәрежедегі жиынды абыроймен өткізе алған қазақ елінің әлеуеті, қарымы мен қабілетіне тамсанып, оның бас қаласының да мақтауын келістіріп, жақсы көзқарастағы пікірлерін жаппай білдіріп жатты. Шетелдік ақпарат агенттіктері, телеарналар мен газеттер ұлы құрылтайды әр қырынан суреттеп, бірімен бірі жарыса хабар таратты. АҚШ, Азия мен Еуропадағы елдердің жұртшылығы өз көшбасшыларының саммит мінберінен жасаған мәлімдемелері негізінде түйін жасап, түрлі ой қорытты. Төл ұлттық мүдделері тұрғысынан Астана саммитінің болмысына терең бойлады. ЕҚЫҰ (OSCE) ресми порталында Астана құрылтайына «ұйым тарихындағы маңызды белес» деп баға берілгені бекер болмаса керек. Бұл посткеңестік кеңістіктегі және Орталық Азиядағы осындай тұңғыш саммит болатын. Бұған дейін ұйымға мүше елдердің лидерлері 1975 жылғы 30 шілдеде Хельсинкиде, 1990 жылғы қарашада Парижде, 1992 жылы тағы да Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда жиналды. Соңғы саммит 1999 жылы Түркияның Стамбұлында өткен. Содан бері бастары қосылмапты. Елорда төріндегі тарихи жиында сөйлеген сөзінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігін таяуда алған мемлекеттердің ішінде Қазақстан тұңғыш рет осы маңызды халықаралық форумды ұйымдастырғанына назар аудартты.Жалпы, VII Саммит трансұлттық қауіп-қатерлер, терроризм, адам саудасы, сол кезде тұрақтылығы шайқалған Қырғыз Республикасындағы оқиғалар және Ауғанстандағы ауыр жағдай секілді өңіріміз үшін аса маңызды мәселелерді талқылауға да мүмкіндік берді. «Саммит жоғарғы ұйымдастырушылық және мазмұнды деңгейде өтті. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздіктің және осы ұйымды дамытудың алдағы перспективаларының ең өзекті мәселелері бойынша барынша ашық және конструктивті пікірталас қамтамасыз етілді», – деген қорытынды таратты кейін ұйымдағылар. Батыс лидерлері осы саммит аясында өткен келіссөздер арқасында «ЕҚЫҰ-дағы сенім күйзелісі еңсерілгенін», «ұйымға мүше елдер арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарудың сәті туғанын» мәлімдеді. Егер бірер жылдан кейін Еуропа мен Ресей арасында геосаяси және санкциялық «соғыстар» басталмағанда, планетамыздың ең ірі континентіндегі елдер «Астана саммитінің рухымен» рухтанып, келісім мен ынтымақтастықта өркендегенде, қазіргі саяси, экономикалық дағдарыстар тумас па еді? Қалай болғанда, Астана саммиті өзіне жүктелген міндеттерді орындады. Біріншіден, ол Қазақстанның және Елбасының әлемдік беделін паш етті. Әйтпесе, бедел-ажардан жұрдай, тыныштығы мен тұрақтылығынан айырылған елге азуын айға білеген державалардың лидерлері жаппай жиналмас еді. Бұл шетелдік, соның ішінде батыстағы саяси истеблишмент арасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті үлкен құрметке ие екенін, Н.Назарбаев сөзіне өзге көшбасшылар құлақ асатын жаһандық деңгейдегі саясаткер екенін көрсетті. Екіншіден, Қазақстан тек посткеңестік кеңістіктегі ұйымдармен шектелмей, Еуропамен ынтымақтастыққа да баса мән беретінін байқатты. Үшіншіден, бұған дейін сайлау және демократияның тар қалыбына қамалып келген еуропалық ірі ұйым енді қауіпсіздік, қарулы қақтығыстар, терроризммен күрес секілді қазіргі заманғы өзекті мәселелерге де басым ден қоя бастады. Осы бағытта дискуссиялар жанданды. Төртіншіден, бұрындары ЕҚЫҰ «еуропалық қауіпсіздік» ұғымы аясында тек «кәрі құрлық» елдерінің аумағын ғана қарастыратын. Ал Астана саммитінен және Қазақстанның осы ұйымдағы төрағалығынан кейін бұл ұғымның шекарасы кеңейтіліп, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы ахуалдың бүкіл еуразиялық қауіпсіздікке тікелей әсер ететіні тілге тиек етіле бастады. Бесіншіден, бұл аумақты тек Ресейдің ықпал аймағы ретінде қарастыру тыйылды. Яғни, Қазақстан тек ұйымға ғана емес, халықаралық қатынастардың бүкіл жүйесіне өзгеріс әкелді. Еуропалық ұйымға төрағалық ету және оның тарихи саммитін өткізу арқылы Қазақстан өз тәуелсіздігінің сыртқы саяси ұстындарын нығайтты.– Біз Астанаға саламатты ой-ниеттің салтанаты жолында халықтарымыздың қауіпсіз болашағына қарай бірлескен қадамымызды жалғастыру үшін жиналып отырмыз. Біз енді «Мұхиттан Мұхитқа дейінгі» әлдеқайда ауқымды координаттарда қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көше бастаймыз! Әңгіме 4 мұхиттың – Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі және Солтүстік мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі шекарада біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру туралы болып отыр. Астана саммиті Стамбұлдан кейін 11 жылға үзіліп қалған жоғары деңгейде кездесулер өткізу дәстүрін қалпына келтіреді. Ал мұның өзі ұйымды дәуірлетудің белгісі. Біз бүгін елордада Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық біртұтас және ажырағысыз қауіпсіздік қауымдастығын қалыптастыруды бастап береміз! – деді Елбасы.
Айхан ШӘРІП