Қуатты университеттер білікті кадр даярлайды – Жасұлан Шаймарданов
Қуатты университеттер білікті кадр даярлайды – Жасұлан Шаймарданов
352
оқылды

2020 жылы мамыр айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жердегі жоғары оқу орындарын күшейтуді тапсырып, санға емес, сапаға жұмыс істейтін кездің жеткенін қадап айтқан болатын. Биылғы наурыз айында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әр өңірден бір университет академиялық артықшылыққа ие  орталыққа айналып, ғылым мен өндірісті ұштастыратынын атап өтті.

Жасыратыны жоқ, академия­лық артықшылық ұғымы әзірге көп­шілікке бейтаныс. Шын мәнін­де, мұның артықшылығы неде? Жұмыс барысы қалай болады? Бұ­дан өңірге немесе республикаға келер пайда қандай? Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық универ­ситеті­нің ректоры Жасұлан Шай­мар­данов осы мәселеге жан-жақты тоқталып, егжей-тегжейлі айтып берді.

Біздің студенттер бәрін университетте үйренеді

– Жасұлан Құдайбергенұлы, бұл жоба жоғары оқу орындарына не береді? Қандай нәтиже күтеміз? – Біз бүгінде цифрлы техно­логия мен жаһанданудың төрткүл дүниеге ықпалын анық байқап отыр­мыз. Сапалы білім елдің өр­кен­деуі мен экономиканың дамуы­ның жарқын кепілі екенін Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып жүр. Білім және ғылым министрлігі «Қуатты жергілікті оқу орындары. Академиялық артық­шылық орталықтары» жобасын жүзеге асыруда. Бұл – өңірлердегі 15 жоғары оқу орнына арналған, 4 миллиард теңге бюджеті бар, 4 жылға жоспарланған бірегей жоба. Бұл жобаның өзгешелігі, әр өңірде заманауи технологиялармен жаб­дықталған жергілікті экономикаға үлес қосатын, тікелей осы шаруа­мен шұғылданатын университет болуы керек. Осы тұста ерекше атап өтер дүние, мәселен Батыс Қазақстан университеті академия­лық артықшылық ретінде мұнай саласын, біз кенді аймақ ретінде тау-кен саласын басшылыққа ала­тын боламыз. – Әрине, ШҚТУ – Шығыстағы үздік университеттердің бірі. Жоға­ры­да айтқан академиялық артық­шылыққа ие болу үшін қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар? – Біз Шығыс Қазақстан об­лысы­ның даму бағдарламасын жан-жақты, мұқият зерттедік. Онда қандай кәсіпорын ашылады, не өндіреді, қанша жұмыс орны, бәрі тайға таңба басқандай көрсетілген. Ең бастысы, біз осы саланың оты­мен кіріп, күлімен шығып жүрген, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандармен бетпе-бет кездестік. Мәселен, энергетиктер студенттермен сабақ өткізуге қо­лай­лы құрылғылар тізімін өздері ұсынды. Металлургтермен де, ма­ши­на құрастырушылармен де, гео­логтермен де осылай жұмыс іс­теп жатырмыз. Бұл тұрғыда өңірдегі ірі компаниялар да бізге көмекке келіп, қандай құрылғылар алу қажетін айтып, ақыл-кеңесін берді. Мұның пайдасы неде? Мәселен, біздің металлургия саласына жұ­мысқа баратын студенттеріміз ал­дын ала бәрін білетін болады. Кейін жұмыс істегенде қиналмай­ды. Өйткені мұның бәрін универ­ситетте үйреніп шығады. Ака­демия­­лық артықшылық дегенді өзім осылай түсінемін.

Ti-Ta-Nb құймасынан импланттар жасауды қолға алдық

– Қазір білім саласын, оның ішінде жоғары оқу орындарын сынға алатындар көп. Академиялық артық­шылық осы сыннан құтқара ала ма? – Қазіргі заман мүлде басқа за­ман. Қазір технология дәуірі. Әлем­­нің дамыған елдері өнім өн­дірудің 5-6 кезеңін игерсе, біз әзір­ге 4 кезеңіне жеттік. Біз «Өндіріс 4.0» стандарты бойынша жұмыс істей алатын мамандарды дайын­дауға тиіспіз. Бүгінде компьютерсіз күнің жоқ, сондықтан әр студент базалық цифрлы білім алуы керек. Есіңізде ме, бұрын Сәулет-құрылыс факультетінің дизайнерлері қағаз пен қарындашты пайдаланатын. Қазір қолдарында планшет, бағдар­лама­ның өзі суретті салып шығады. Олар кәсіпорынға барғанда өздері-ақ цифрлы жобаларды жасайтын болады. Әрине, бұл үшін жоғары оқу орнында барлық талапқа сай келетін материалдық-техникалық база болуы қажет. – Сонда ШҚТУ академиялық артық­шылық ретінде тау-кен сала­сын таңдап отыр ғой… – Әлбетте, Шығыс Қазақстан ежел­ден түсті металлургияның ота­ны. Облыс аумағында кен орын­дары мол шоғырланған. Кенді бар­лау ісі де, байыту ісі де жақсы жол­ға қойылған. «Қазцинк», Үлбі металлургия зауыты, Титан-магний комбинаты секілді әлемге әйгілі өндіріс орындары жұмыс істеп тұр. Еліміздің түсті металлургиясының 60 пайыздан астамы Шығысқа тиесілі. Біздің ШҚТУ осы алпауыт зауыттардың барлығымен тығыз байланыста. Осы өндіріс орын­дары­на кадр дайындаймыз деп айт­сам да артық болмас. Кен барлау, кен өндіру, металл өңдеу, машина құрау, IT, энергетика, құ­рылыс, экология, басқа да сала­ларға маман әзірлейміз. Қазақстанда сапалы кадр да­йын­дайтын аймақтық универ­ситеттер жоқ емес, бар. Алайда бұл аздық етеді. 15 университеттің база­сында әр сала бойынша ака­демиялық шеберлік орталықтарын құру материалдық-техникалық базаны жақсартуға, білікті маман­дарды дайындауға мүмкіндік бере­ді. Академиялық шеберлік орталы­ғы жобасына қатыспас бұрын да ШҚТУ жоғары технологиялық  зерттеулермен айналысуға қауқар­лы екенін дәлелдеген. Осыдан үш жыл бұрын біз Ti-Ta-Nb құймасы­нан импланттар жасау жобасын қолға алып, оны коммерцияландыру сатысына шығардық. Респуб­ликалық травматология ғылыми-зерттеу институтында біздің өнімдер клиникалық сынақтардан сәтті өтті. Бүгінде өндіріс орын­дарынан сұраныс көп. Өйткені олар біздің ғылыми тұрғыда қол­дауымыздың қажеттілігін сезінді. Университет осы орайда серік­тестікті нығайтып, одан ары кү­шей­те түсуге ниетті.

Шетелдік ғалымдардан үйренеріміз көп

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны бастаған кезде академиялық ұтқырлықтың маңыз­дылығына баса назар аударды. Аймақ­тық университет халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізе ала ма? – Біз халықаралық серіктестерді бір қағида бойынша таңдаймыз: ол академиялық және ғылыми бағытта әлемдік рейтингте үздік болуы тиіс. Мәселен, академиялық қызметте біз Батыс Колорадо универ­ситеті­мен ынтымақтастық орнаттық. Бұл оқу орны жер туралы ғылымы дамы­ған үздік 5 білім ордасының бірі. Ұзақмерзімді серіктес­теріміздің қатарына «МИФИ» Ұлт­тық ядролық зерттеу университеті, «Мәскеу энергетика институты» ұлттық зерттеу университеті, Қазан мемлекеттік энергетикалық уни­вер­ситеті, Новосібір мемлекеттік техникалық университеті, Санкт-Петербор технологиялық уни­верситеті және басқа да көптеген жоғары оқу орындары кіреді. Ғылыми-зерттеу саласындағы серіктесіміз – Массачусетс техно­логиялық институты робототехника мен жасанды интеллект бойынша көшбасшы. Бұл – әлемдегі ең үздік университет. 2020 жылы ШҚТУ Senseable City консорциумына кір­ді. Соның нәтижесінде қазір аме­рика­лық ғалымдардың қатысуымен Өскемен қаласы үшін аса маңызды мәселе – ауа сапасын зерттеуді бастап жатырмыз. Кезінде MIT Нью-Йоркте осындай ғылыми жоба жасаған-тұғын, оларда ауа сапасын онлайн режимде талдауға арналған мобильді жабдықтар бар. Бұл жабдық бізге де жеткізілген. Аталған жоба 3 жыл бойы іске асырылады. Ғалымдарымыз Алтай мен Колорадодағы жартасты таулардың пайда болуының геологиялық процестері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуде. Экология бойынша, атап айтқанда парниктік газдарға қатысты жобалар да бар. 2015 жылдан бастап ШҚТУ-дың серіктесі болған Colorado School of Mines тау-кен саласындағы QS WUR әлемдік рейтингінде бірінші орында тұр. ШҚТУ мен CSM гео­логия мен тау-кен саласында бір­лес­кен жұмыстарды қолға алуда. Бұл ынтымақтастық универ­ситетіміз­дің жоғары ғылыми дең­гейде екеніне тағы бір дәлел. Мұн­дай университеттер ешқашан төмен дәрежедегі жоғары оқу орын­дарымен жұмыс істемейді. Халықаралық ынтымақтастық туралы көп айтуға болады. Жуықта ШҚТУ мен Делавэр универ­ситетінің «Ағылшын тілін оқыту және ғылыми коммуникация тілі» атты бірлескен жобасы АҚШ пен Қазақстан университеттері арасын­дағы серіктестік бағдарламасының грантын жеңіп алды. – Университетте шетелдік ма­ман­­­дар аз емес. Бұл қаншалықты тиімді? –  «Тек өз кадрларымызға арқа сүйеу керек» деген пікірлер айты­лып жатады. Бірақ футболды мысалға алар болсақ, трансфер жасау­дың тиімділігін айқын көреміз. Командаға шақырылған дарынды шетелдік спортшылар өзгеге үлгі көрсетіп, уақыт өте келе жергілікті ойыншылар да сол деңгейге жетеді. Бізге шақырылған шетелдік ғалымдар алға қойған жоспарларымызды орындауға, туындаған мәселелерді шешуге жан-жақты атсалысады. Мысалы, интернационалдандыру жөніндегі проректор, профессор Абрахам Атта Огву  есімі әлемдік ғылыми қоғамдастыққа кеңінен танымал металлург-ғалым. Ол  Nature беделді басылымына жариялаған мақаласында Д.Серікбаев атын­дағы ШҚТУ-ды өзінің жұмыс орны ретінде көрсетті. Мақала жаһан­дағы ең үздік материал­танушы­лардың бірі израильдік профессор Эдуард Бормашенконың назарын аударған. Эдуард Бормашенко Ариэль университетінде (Израиль) үлкен зертхананы басқарады. Енді оның ұсынысы бойынша біз бір­лес­кен ғылыми жобаны қолға ал­дық. Студенттерді докторантураға оқыту үшін біздегі және Израиль­дегі зертханаларды пайдалану тура­лы ой бар. Металлургия саласын­дағы танымал профессорлармен бірге біздің оқытушылар бірлесе жұмыс істейді. Яғни, халықаралық бағдарлама біздің елде, ШҚТУ базасында жүзеге асырылатын болады. Мықты аймақтық универ­ситеттерді қалыптастыру идеясы өте өзекті. Бұл жобаның Білім және ғылым министрлігінен қолдау тапқаны қуантады. Академиялық шеберлік орталықтары болған уни­верситеттер экономиканың өсу нүктесіне айналып, көршілес жоғары оқу орындарының дамуына ықпал етеді. ШҚТУ академиялық шеберлік орталығы ретінде бүкіл Қазақстанның, Орталық Азияның және Үндістанның студенттерін базалық мамандықтар бойынша оқуға қабылдай алады. Бұл жай ғана жоспар емес, нақты іске асы­рылатын жоба. Біздің магис­транттар мен докторанттар қазірдің өзінде өндірісте қолданылатын өнімдер жасап шығаруда. Жоғарыда импланттарды дамытудың сәтті жобасын мысалға келтірдім. Бүгін осы сегментте Қазақстанды өзге елдерден тәуелсіз еттік десек те болады. Отандық өндіріс стоматологияның, травма­тологияның, ортопедияның бар­лық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Осы секілді біздің жоғары технологиялық өнімдер ұсына алатын бағыттарымыз бір-екеу ғана емес. Ал сол жобалармен осы өлкеде туып-өскен жергілікті ғылыми қызметкерлер айналысуда. Айта кету керек, жуықта ғана Шығыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасынан жақсы хабар алдым. Олар тау-кен метал­лургия өнеркәсібіндегі академия­лық шеберлік орталығы статусын алуға қатысты ШҚТУ-дың жоба­сын қарастырды. Олар бұл сапалы, бәсекеге қабілетті білікті кадрларды дайындауда аса маңызды  жоба деген қорытындыға келіп, бір­ауыздан қолдау танытты. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Азамат ӘБІЛҰЛЫ