Алматы облысында 300 кәсіпкерлік нысаны Ashyq жобасы бойынша жұмыс істеуге көшті.
Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметовтің айтуынша, Ashyq жобасы алдымен Талдықорғанда енгізіліп, кейін облыстың барлық аудандары мен қалаларында қолданыла бастаған. Қазір аталған жоба бойынша жұмыс істейтін 300 нысаннын 207-і жобаға қатысушылар болса, 93-і сынақ режимде жұмыс істейді. «Қазір Ashyq жобасы бойынша қоғамдық тамақтану нысандары ғана емес, сонымен қатар мәдениет, қонақ үй бизнесі, сауналар мен моншалар, фитнес-орталықтар, компьютерлік клубтар да жұмыс істеуде. Жобаға қатысушы нысандар демалыс күндері де барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмыс істей алады. Оған қатысу ерікті түрде жүргізілетінін атап өту керек. Сұрақтар туындаған жағдайда біздің мамандар кеңес беріп, өтінім жасауға көмектесуге дайын, сондай-ақ мессенджерлерде талқылау және техникалық сұрақтарды шешу үшін чаттар мен каналдар құрылған», – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры. Өкінішке қарай, жобаға еніп алғаннан соң қойылар талаптарды тәрк ететіндер де кездесіп жатыр. Қазір белгіленген санитарлық нормаларды бұзған бір кәсіпкерлік нысаны Ashyq жобасынан шеттетілуі мүмкін. «Мониторинг жұмыстары барысында кәсіпкерлер арасында барлық талаптарды сақтамағандар да анықталды. Apriori мейрамхана кешенінде 15 адамға арналған ауызашар отбасылық іс-шарасы өткізілген. Нысан Ashyq жобасының қатысушысы болып саналады және бүгінде мейрамхана кешенін жобадан 2 аптаға алып тастау туралы мәселе көтерілуде. Бұзушылық қайта анықталған жағдайда нысан 2 айға жобадан шығарылады», – деді Талдықорған қаласы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мелдебаев. Алматы облысы бойынша Ashyq жобасына қатысушылардың тізімі өңірлік әкімдіктердің сайтында жарияланған. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастықпен түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр және жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімі жасалып жатыр.Болат АБАҒАН, Алматы облысы