Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдетілді, - деп хабарлайды Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Апелляция алқа қаулысына сәйкес, Жомарт Ертаев түрмеде 11 жыл емес, тоғыз жыл отыратын болады. Сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалады.
«Жомарт Ертаев 9 жылға, Игорь Мажинов 7 жылға, Бақыт Ибрагим 7 жылға сотталды. Сонымен бірге 13 сотталушыға шартты жаза қолданылды»,- делінген сот қаулысында.
Бұған дейін, сот үкімімен Жомарт Ертаев 11 жыл бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы Ертаев кінәсін мойындағанын, қылмыстық істі тергеуге көмектескенін, залалды ішінара өтегенін, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары барын ескерген болатын.
Жомарт Ертаев 2019 жылдың мамырында Мәскеуде Қазақстан ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросының өтініші бойынша ұсталған. ІІМ мәліметінше, Ертаев аса ірі көлемдегі алаяқтығы үшін халықаралық іздеуде болған.