Президент Дүниежүзілік банктің вице-президентімен сөйлесті
Президент Дүниежүзілік банктің вице-президентімен сөйлесті
181
оқылды

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің вице-президенті Анна Бьердемен онлайн жүйесінде сөйлесті, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Қазақстан Президенті елімізге жұмыс сапарымен келген Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Анна Бьердемен видео-конференция арқылы кездесу өткізді.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анна Бьерде Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын және алдағы уақыттағы кооперацияның басымдықтарын талқылады. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласына келген Анна Бьердеге ілтипат білдіріп, бұл оның Қазақстан мен Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтті.
– Біз Дүниежүзілік банкпен арадағы көпжылдық серіктестікті жоғары бағалаймыз. Осы уақыт аралығында банк елімізге 6 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазіргі таңда сіздермен бірлесіп, әртүрлі 12 жобаны, атап айтқанда, көлік, білім беру, экология және қаржы салаларындағы бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы бірқатар экологиялық мәселені шешуге үлес қосқанын, соның ішінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңіне 1,5 миллион доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсеткенін айтты.