Үлгілі жолын тапқан ел
Үлгілі жолын тапқан ел
177
оқылды

Қазақстан мен Корея Республикасы парламенттерінің спикерлері парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының төрағасы Пак Бен Сокпен кездесті.

Пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта өткен кездесу барысында тараптар барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық ынтымақтас­тықты дамыту жайында пікір алмасты. Сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформа туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Мәжіліс Төрағасы Корея Қазақстанның Шығыс Азиядағы маңызды стратегиялық әріптес­терінің бірі екенін алға тарта келіп, саяси, сауда-экономикалық саладағы жетістіктерге тоқталды. Н.Нығматулин атап өткендей, дипломатиялық қатынас орнаған 29 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан мен Сеул арасында қарқынды саяси диалог орнап, екі ел қатынасын тереңдетудің берік іргетасы қаланды. Мәжіліс Спикерінің айтуын­ша, бұл жолда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор. Бүгінде қалыптасқан стратегиялық әріптестік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалғастыруымен одан әрі ны­ғайып келеді. Өз кезегінде Пак Бен Сок мыр­за Қазақстанды төл даму жолын тапқан үлгілі мемлекет ретінде әлемге танылғанына назар аударта келе, екі ел арасын­дағы жоғары деңгейдегі ықпалдастық қарым­-қатынастарды растады және алдағы уақытта дәстүрлі кездесулер мен іс-шараларды белсенді жалғас­тыру керегін атап өтті. Жүздесушілердің пікірінше, осындай кездесулер Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өзара сенім мен әріптестікті дамытуға ықпал етеді.  

Айхан ШӘРІП