Ақтөбе облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері алаяқтық және пара беруге итермелегені үшін сотталды. Өзі тікелей күресуге тиіс мәселемен бетпе-бет келген қызметкер тиісті жазасын алатын болды.
Сот 2019 жылғы шілдеде Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аға офицері ЖШС иесін салықтар мен өсімпұлдарды азайту мәселесін реттеу үшін пара беруге итермелегенін және оның 60 миллион теңге сомасындағы ақшасын иемденгенін анықтаған. «М-ның кінәсі жәбірленуші, куәгерлер айғағы, тергеу, жедел-іздестіру шаралары хаттамасымен, сот сараптама қорытындысымен расталады. ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Бұл – ауыр қылмыс. Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігінің санкциясы – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Сот шешімімен жаза тағайындау кезінде қызметкердің қабылдаған антты бұзғаны ауырлататын жағдай деп танылды. Осыны ескере отырып, айыпталушы жазасын ең жоғары қауіпсіздік (қатаң режим – ескерт.) қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды» делінген сот хабарламасында. Сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан басқа, мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік тәркіленді.Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.Айша ЕРСҰЛТАН